Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «ЖАҚСЫНЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫН АЙТ, НҰРЫ ТАСЫСЫН!»

«ЖАҚСЫНЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫН АЙТ, НҰРЫ ТАСЫСЫН!»



Редакциямызға Мархабат есімді келіншек келіп, өзіне және екі баласына қамқорлық көрсеткен жандарға аудандық газет арқылы алғыс айтқысы келетінін білдірді. Біз алғыс айту ақылы екенін айтып едік, ол төлейтінін жеткізді.
Осы тұста мен ойға қалдым. Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған бірден бір ұлт. Ертеректе үлкендерден: «елдің ана шетінде бір үйлі жан ашығып, ішерге тамақ, киерге киім таппай отырса, сенің тоқ болғаныңның не керегі бар» - деп. Қолы ашық, жомарт байлар ол за- манда да болған, кедейлерге малын бақтырып, солардың күнделікті ішіп-жемін мойнына алған. Жыл сайын төлдеген малдан сыбаға беріп, әлгі отбасының аяқтан тұруына көмектескен. Тіпті, аң аулап, бүтін бір ауылды ашаршылықтан аман алып қалғандар да болған екен. Қазір де ондай меценаттар бар.
Әлемдік деңгейдегі мәліметтерді қарасақ қайырымдылық қорына қаржы аударудан американдық Билл Гейтс рекорд жасапты. Ол 1994-2010 жылдар аралығында барлығы 28 млрд доллар қаражатын қайырымдылық шараларына берген екен.
Негізі қайыр-садақа бергенді жария етуге бол- майды, ол кезде ол мақтаныш үшін берген саналып, сауабы азаяды дейді. «Оң қолыңмен жасаған жақсылықты сол қолың білмесін» - деген осыдан қалса керек. Демек, «жасаған жақсылығыңның сауабы мол болсын десең – жақсылық жаса да ұмытып кет» - дейтін әңгіменің төркіні сол кезде несібең көбейеді дегенге ұқсайды.
Бұл дүниеде жинаған дүние-мүліктің бірде- біреуі келесі дүниеге сенімен бірге өтпейді, тек жасаған ізгі амалдарымыздың ғана сауабы әруаққа тиеді екен.
Енді әлем бойынша белігілі филантроптарды (мейірбан жандар) атасақ ең алдымен ауызға ілінетіні Билл және Мелинда Гейтс, Джордж Со- рос, Марк Цукерберг, т.б. Қазақ меценаттарының ішінде Дәулет Тұрлыханов есімі бірінші айтылады. Ал, аймағымызда да ондай жандар баршылық. Олардың ішінде Абзал Ералиев, Дархан Ералиев есімдерімен қатар ауданнан Алдаберген Құлбаев, Расул Есенов, Қайрат Нұрсейітов, Марат Бисенов, Бөлеген Рахметов, Сламбек Тоқсанбаев, Мақсат Ысқақов т.б есімдерін ерекше атауға болады.
Біздің қолымыздағы алғыс айту хаты да сондай меценат, мейірбан жүректі азаматтарға арналған екен.
«Құрметті редакция! – деп басталыпты хат. - Мен жас болсам да өмірдің кермек дәмін көбірек татқан жанмын. Екі балам бар. Күйеуім бірнеше жыл бұрын Алматы қаласына жұмыс іздеп кетіп, қайтып оралмады. Естуімше, сол жақта басқа біреуге үйленген көрінеді. Анасы менің қолымда тұрып жатқан. Кейіннен қыздары алып кетті. Өзім екі пәтерлік үйлердің біреуінде тұрамын. Көршім үйдің бір жағын бұзып әкетіп, үй салып алды, ал мен тұрып жатқан үй қабырғалары қақырап, құлаудың аз-ақ алдында тұрды. Өзімде жұмыс жоқ. Бір күні Бибісара апай (бұрынғы мектеп директоры, ардагер- ұстаз) шаруашылық төрағасына жолығып, менің жұмысқа тұруыма тікелей мұрындық болды.Қазір шаруашылық кеңсесінде қарауылмын, 30 мың теңге айлық аламын. Бір күні шаруашылық басшысы М.Есжанов шақырып алып, отыз мың теңге аз ғой деп, бильярдныйдан осымша жұмыс берді. Құлайын деп тұрған үйімді күрделі жөндеуден өткізіп, жаңалады. Отын-көмірімді түсіріп, азық-түлік әперді. Сөйтіп, жарымжан көңіліме демеу болды. «Жыртық үйдің бір құдайы - бар» деген. «Қыстан қалай шығамын» деп уайымдаушы едім, айналамда қамқор жандар барда балаларым шетқақпай көрмейтініне де сене бастадым. Күдігім сейіліп, үміт оты жанды. Жақында қызмет бабымен жырақта жүрген Мақсат Ысқақов деген азамат елге келгенінде арнайы соғып, азық- түлікпен көмектесті. Алла разы болсын!
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында мені, балаларымды қуантқан Бибісара апайға, шаруашылық төрағасы Меңдіғали Есжановқа айтар алғысым шексіз!
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген бар емес пе?! Жақсы адамдар көп болсын. Есімдері аталған кісілердің отбасында әрдайым жақсылықтар бола берсін! дегім келеді.
Мархабат Сманова,
А.Тоқмағамбетов ауылы
Иә, жақсы адамдар айналасына осылайша шуағын шашып жүретіні секілді, маңайына мейірім, жылылық себелейтін жандардың бары қандай жақсы!
21 желтоқсан 2017 ж. 3 496 0