Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жол картасы аясында 452 тұрақты жұмыс орны сақталады

Жол картасы аясында 452 тұрақты жұмыс орны сақталады

Қызылорда өңірінде «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламасы іске асып, сан түрлі салаларда күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүруде. Құрылыс барысына жергілікті жердің азаматтары тартылып, өңірде 9 мыңнан аса азамат екі қолға бір күрек тапты. Бағдарлама толық аяқталғаннан кейін аймақта 452 тұрақты жұмыс орны сақталады.

Қазірде облыста 276 инфрақұрылымдық жоба іске асып жатыр. Жобаларды тиімді іске асыру үшін 36,9 млрд. теңге қаржы бөлініп, әлеумет үшін өзекті нысандар қайта жөнделуде. Бағдарлама 4 ірі бағыттағы салаларда қарқын алды. Атап айтқанда, әлеуметтік-мәдени нысандарды жөндеуге 12,3 млрд.теңге қаржы қаралды. Нәтижесінде, білім беру саласында 52 нысан, денсаулық сақтау бағытында 30 нысан, мәдениет саласында 22 нысан, спорт бағытында 21 ғимарат жөндеуден өтеді.

Ал, инженерлік-көліктік инфрақұрылым бағытында жөндеу жұмыстарына 14,5 млрд. теңге бөлініп, 62 жоба іске асады. Елді мекендерді аббаттандыру ісі де жанданады. Бұл бағытта 47 жоба қолға алынған.

Ауқымды бағдарлама негізінде тұрғын үй-коммуналдық нысандар да қайта жөндеуден өтуде. Айталық, 42 жобаның орындалуына 7,5 млрд.теңге қаржы қаралып, жұмыссыз жүрген 1127 еңбекпен қамтылды.

«Жол картасы» бағдарламасы арқылы қаржы алып, жұмыс істейтін мердігерлерге құрылыс обьектілеріне жергілікті жердің жұмыссыз азаматтарын тарту міндеттелген. Яғни әрбір мердігер ең кемінде ең төменгі айлық мөлшерінен екі есе жоғары жалақы беруі тиіс. Бұл карантин кезінде жұмыссыз қалған азаматтардың табысын жоғалтпауына ерекше мүмкіндік беріп отыр.

12 тамыз 2020 ж. 513 0