Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Зобалаң жылдар ақиқаты

Зобалаң жылдар ақиқаты

Қарғалдақ. Бұл адам аяғы баспайтын, сеңгір таулар басында өсетін өсімдік. Мұның қызғалдақ пен сарғалдақтан айырмашылығы аппақ қарда ха­уыз жарады. Қақаған суықта гүл ашады. Ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласынының маңындағы «Алжир» мұражайына барсаңыз, осы гүлдің композициясы белгіленген. Өйт­кені зұлмат жылдары тағдырдың соққы­сынан тайсалмаған әйелдердің тағдыры, табиғат­тың қаталдығынан қаймықпайтын осы қар­ғал­­дақтың тағдырына ұқсас. 
Осы апта соңында халқымыз саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алады. Бұл ретте бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеуін жариялады. Үндеуде тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырды. Бұл шешім дұрыс деп білеміз. Қазаққа қарсы жасалған геноцидтің таңбасы күнтізбеге басылып, ресми түрде аталып келе жатқанына биыл 23 жыл. Арада аз уақыт өткен жоқ. Бірақ зұлмат заманның ақиқаты әлі күнге дейін бұлыңғыр. Себебі ХХ ға­сырдың қасіретін дәл қазақтай тартқан ұлт жоқ. Зобалаң заманда жұртымыз жалаң аяқ жар кешті, қызыл аяқ қар кешті. 80 проценті қынадай қырылған. 1911 жылы ха­лық­тың саны 8 млн 260 мың болды деген деректер бар. Содан 2 млн 400 мыңы қалған. Бұл қасірет емей немене?!
Сындарлы кезеңде 4 млн адам аштықтан қырылса, 1 млн халық жан сауғалап қашқан. Лагерьде миллионнан астам адам тұтқында болған. Сөз басында айтқан «Алжир» лагерінің өзінде «Отанын сатқандардың отбасы мүшелері» деген жаламен 18 мыңдай әйел жазасын өтеген.
Қуғын-сүргін десе тек 1937-1938 жылдары «халық жауы» деп қуғындалып, қыспаққа алынып, атылып кеткен арыстар ғана көз алдымызға келеді. Негізі ол оқиға қазақты ұлт ретінде жоюдың жалғасы еді. Түбінде тереңдей берсең империалистік Ресейден бір-ақ шығасың. ХVІІ-ХVІІІ ғасырда қазақ даласына бекініс салып, Сырым мен Кенесары секілді батырлардың басын алған отаршылар қазақ жерін басып алуды мақсат етті. Столыпин реформасы – қазақтың шұрайлы жерлері қара шекпенділер қоныстанып, Ресейден босып жүрген шаруалардың бәрі бері ағылды. Оларды қорғау үшін жазалаушы әскер келді. ХХ ғасырдың басында қазақ жеріне Ресейден 430 мың отбасы көшіп келген. Жаңа жерге қоныстанғаны үшін уыстап ақша мен десятиналап жер алған кірмелерге барлық жағдай жасалды. Елді мекендерді қорғау үшін мылтықтар атылды. Ол мылтық жайылымдық жерін қорғап, атқа қонға қазаққа атылды. Алаштың Әлихан Бөкейханов сынды айбынды ұлдарының теңдік үшін саясатқа араласа бастауы осы кез. Бірінші дүниежүзілік соғыста отардағы қазаққа еселеп салық салынған. Бас көтергеннің баудай түсіргенін көрген ұлт азаматтары мемлекетті бөліп әкету идеясын жеделдетті. Патшаның қара жұмысқа адам алмақ бол­ған әрекеті 16 жылға жаппай көте­ріліске ұласты.
Қазан төңкерісінен кейін қас­қайып келген қызыл билікте қа­зақ­­тың шекесін қыздырмады. Олар­­­ды патша­лық саясатты жал­ғастырушы десе де болады. Әс­кер асыраймыз деп оң­дырмай салық салып, 1919-1921 жылдары қазақты ашаршылыққа ұшы­ратты. Голощекин басшы болып келгеннен кейін «кіші қазан» деп қазақ қазанының түбін тесіп, 1930 жылдың басында халықты тағы аштан қырды. Әлихан Бөкейханов ғасыр басында айтқан алты жарым миллион қазақтың миллионға жетер жетпесі ғана қалды. Небәрі 15 жылдың ішінде 4 млн-нан аса адам қырылып.
Біздің тарихта кінәрат бар. Осы қырғын­ның бәрінде қазақ адам айтса сенгісіз қиындық көрген деп сипаттаймыз. Шындығында, қазақ даласында көтеріліс бір сәт тоқтамаған. Сондықтан қалың қазаққа бұтадай пана болу үшін ерлер басын бәйгеге тікті. 80 мыңнан астам адам қатысқан 372 үлкенді кішілі көтеріліс болды. Күнкөрісі мен жерінен айы­рылған қарапайым жұрт қарсы шықпағанда қайтпек еді?!
Қазақтың ақыл-ойы болған Алаш қайраткерлері біршама зерт­телді. Ал қазақтың жүрегі мен білегі болған батыр ерлердің насихаты аз. Бірін білсек, бірін білмейтініміз ақиқат. Алаш қайраткерлерімен қатар отаршыға қарсы соғысқан батырлардың есімі зерттелсе, насихатталса, олар май­дан­дасқан жерге белгі қойылса дұрыс болар еді. Бір ғасыр бұрын ұлтымыз көрген озбыр саясатты ұрпаққа білдірудің ең төте жолы болар, бәлкім.


Майя ҚОЖАБАЙ

30 мамыр 2020 ж. 1 031 0