Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Дала дүбірі қызған шақ

Дала дүбірі қызған шақ

Дәл қазіргі уақыт егін егу жұмыстарының ең қызған шағы. Науқандық жұмыс басталғалы бері таңның атысы, кештің батысы демей диқандар күріш егудің қамына білек сыбанып, ерекше қарқынмен кірісіп кеткен. Былтырғы егіс науқанын жемісті қорытындылаған ақжармалық күрішшілер биыл да абырой биігінен көрінетіндеріне сенімді. «Ақжарма 2» шаруа қожалығының бригадирі Жеңіс Ділдабаев биыл 40-шы рет жерге дән тастап, егістік басында маңдай терін төгіп жүр.
Еңбекпен еңсе тіктеген дала еңбеккерлері енді екі аптаға жетер-жетпес уақытта күріш егуді толық аяқтайды. Бүгінде бірнеше бригада тегістелген жерге белгіленген мөлшерде Сыр маржанын егіп, суға бастырып та үлгерген. Диқандардың бірлесе атқарған тынымсыз еңбегі шаруашылықты жетістікке жетелейтіні анық. Сондықтан әр бригада өздеріне тапсырылған жұмысты жоспар бойынша сапалы орындауға барынша тырысуда.

Бүгін аудан әкімі Руслан Рүстемов орынбасары Бақытжан Лекеровпен бірге «Ақжарма 2» шаруа қожалығының егіс алқабында болып, егін егу жұмыстарының барысымен танысты. Шаруашылық басшысы, аудандық мәслихат депутаты Марат Бисенов дала еңбеккерлерінің атқарып жатқан жұмыстары жөнінде кеңінен баяндады. Шаруашылық бойынша биыл барлығы 1000 гектар жерге күріш егіледі деп жоспарланған.
Аудан басшысы ең алдымен №6 бригаданың егіс алқабында болды. Мұнда 257 гектарға күріштің «Лидер» сорты егілуде. Маңдайын күн сүйген бригадир Жеңіс Ділдабаевтың айтуынша, егін егу жұмыстары сәуірдің үшінші онкүндігінде басталған.
– Күріш егуді жылда жақсы ырыммен бастаймыз. Ол үлкен кісілердің батасын алу. Биыл қауіпті індетке байланысты сақтық шаралары күшейтілген соң дән себу рәсімін ауқымды етіп ұйымдастырған жоқпыз. Бірақ, жұмыстар уақытылы жүргізілуде. Егін егуді мамыр айының 20-на дейін толық аяқтаймыз, – дейді білікті бригадир.

Бұл бригадада барлығы 12 жұмысшы бар екен. Олардың ішінде күрішші, агроном, сушы, жүргізуші, қарауыл және аспазшы мамандар бар. Мысалы, тұқым сепкіш техниканы тізгіндеген Нұржан Сәметовтің міндеті тегістелген жерге күрішті сеуіп шығу. Агроном өлшеп берген тұқым себілгенде жетпей қалмау керек. Сондай-ақ артылып қалса да болмайды. Бәрі есептеулі. Бұл жұмысқа жауапты Нұржан Сәметов күріш тұқымын ұқыптылықпен себуді әдбен меңгерген. Жас жігіттің еңбексүйгіштігін шаруашылық қызметкерлері жоғары бағалайды.
– Біздің шаруашылықта әр маман өз ісінің шебері. Біз ешкімді бірден техникаға отырғызбаймыз. Әуелі қол жұмысын істетіп, атқарылатын істің байыбын түсіндіреміз. Кейіннен ебіне қарай жұмысқа бөлеміз. Мен осы шаруашылықтағы алты бригаданың барлығында өндіріс бригадирі болдым. Егістік алқаптарын жатқа білемін. Биылдың өзінде 46 шақырым қашыртқы каналдар қазылды. 32 гидротехникалық су ұңғымасы күрделі жөндеуден өткізілді. Мұның барлығы егін науқанында су тапшылығын болдырмау үшін жасалынды, – дейді шаруашылық басшысының өндіріс жөніндегі орынбасары, гидротехник Ермұрат Махан.
Каналды бойлай келген судың күріш себілген алқапқа қарай ағуы үшін сағаны ашу керек екен. Бұл жолы дала еңбеккерлері сағаны ашу рәсімін аудан әкімі Руслан Рүстемовке ұсынды. «Бір басшыға мың қосшы» демекші бұл диқандардың аудан әкімнің тығыз жұмыс кестесіне қарамастан уақыт тауып, егіншілерге сәттілік тілей келген ақ ниетіне деген құрметі деп қабылдадық. Сағаны ашқан сәттегі көрініс тіптен керемет. Бригадирдің жүзінен қуаныш пен шаттықты көруге болады. Күрішшілер үміт пен сенімнің құшағында. Сушы мамандар сағадан аққан судың ағыс жылдамдығын есептеп, егілген алқапқа қарай бағыт алған судың мөлшерін қойын дәптерлеріне түртіп жүр. Сірә, су – тіршілік нәрі деген осы шығар...

– Бүгін кешке дейін бұл маң толық суға бастырылады. Сосын қарауылдардың жұмысы күшейеді, – дейді бригадир Жеңіс Ділдабаев. Ол білікті бригадир ғана емес, іскер ұйымдастырушы екен. Бұл туралы шаруашылық басшысы Марат Бисенов баяндады.
– Дала еңбеккерлерін ынталандыру жұмыстары назардан тыс қалған емес. Мысалы, біз тұрған осы №6 бригаданың басшысы Жеңіс Ділдабаевқа шаруашылық тарапынан жеңіл автокөлік берілген. Бұл өзге де жұмысшылардың белсенді еңбек етуіне септігін тигізеді. Бүгінде барлығы 250 адам жұмыспен қамтылған. Ал науқан кезінде қосымша 15-20 адам еңбекке тартылады. Бұл еңбек ұжымында жұмыс жыл бойы тоқтамайды деген сөз. Көктем мен жаздай егін егіп, оны күтіп баптау қолға алынса, күзде егін жинау, одан кейін келер жылдың егініне негіз қаланып, сүдігер жырту басталады. Қараша айының аяғында егінші-механизаторлармен бір айға жуық агросабақ өткізіледі. Аталған оқуды шаруашылықтың бас мамандары жүргізіп, «алдағы жылғы егісті қанша көлемде, қай жерге егеміз» деген мәселелер қозғалып, жердің құнарлығын арттыру басты назарда болады, – дейді Марат Алдабергенұлы.
Қорыта айтқанда, егін егіп, оны ала жаздай күтіп, баптап, ел қамбасын алтын дәнге толтырып келе жатқан «Ақжарма 2» шаура қожалығы қалыптасқан еңбек ұжымы. Аудан әкімі Руслан Рүстемов диқандармен пікірлесіп, еселі еңбектеріне сәттілік тілеп, дала дүбірінің жемісті қорытындылауына тілектестігін білдірді. Ұжым атынан шаруашылық басшысы Марат Бисенов алғысын айтып, сенім үдесінен шығатындарын жеткізді. Лайым, ақжармалықтардың абыройлы еңбегі жемісті болғай.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
 
07 мамыр 2020 ж. 686 0