Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕГІНГЕ ОРАҚ ТҮСТІ

ЕГІНГЕ ОРАҚ ТҮСТІ

Кеше аудан әкімі Р.Рүстемов облыстық мәслихат депутаты, белгілі меценат Б.Мақашевпен бірге Қалжан ахун ауылдық округіндегі «Бақ» шаруа қожалығының егіс алқабында болып, биылғы жылдың алғашқы егін орағына қатысты.
Егіншілердің қуанышына ортақтасып, тілектес екенін білдірген аудан басшысы аграрлы ауданның ауылшаруашылық саласын қолдауға бағытталған шаралар алдағы уақытта қарқынды түрде жүзеге асатынын атап өтті.
– Сіздерді 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мерекесімен және бүгінгі егінге орақ түсу қуанышымен шын жүректен құттықтаймын. Биылғы жылы ауа райының қолайлы болуынан егін егу жұмыстары мерзімінде атқарылып, вегетация кезінде суармалы сумен қамтамасыз етуде мәселелер орын алған жоқ. Ауыл шаруашылығы құрылымдарынан алынған мәліметке сәйкес, өткен жылғыдан да жоғары өнім өндіріледі деп күтілуде. Ол дихан қауымының ала жаздай төккен тері мен ерен еңбегімен келетіні белгілі. Ендігі мақсатымыз адам күшімен барлық материалдық-техникалық ресурстарды жұмылдырып, егінді қысқа мерзімде төкпей - шашпай жинап алу. Оған толық мүмкіндігіміз бар, – деген аудан басшысы биылғы жылы да ауданымыз облыс бойынша жоғары көрсеткішке жететініне сенім білдірді.
Алдаберген Құлбаев басқаратын «Бақ» шаруа қожалығы бірнеше жылдан бері егістік алқапқа күріш егіп, одан мол өнім алып келеді. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, ауданның аграрлық саласын дамытуда өз үлесін қосуда.
Айта кету керек, аудан бойынша 2019 жылы 32 597 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, оның ішінде күріш 21 050 гектар алқапты алып отыр.

«Тт» ақпарат
30 тамыз 2019 ж. 886 0