Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » АТЫЗҒА ДӘН ТҮСТІ

АТЫЗҒА ДӘН ТҮСТІ

Аймақ бойынша алдыңғы қатарда келе жатқан аудан жыл сайын күріштен тау тұрғызып, мол өнім алуда. Бұл жетістікке сырдария­лық диқандар көктемгі қы­зу еңбектің нәтижесінде жетіп ке­леді. Сол үрдіспен биыл да қажырлы жұмыс жасап, диқандар егін егу науқанына кірісіп кетті. Ең алғаш болып аудан бо­йынша Нағи Ілиясов ауы­лындағы «Мағжан және К» ЖШС (төрағасы Дархан ералиев) күрішшілері тұқым сеуіп, мол өнімге ниет білдірді.
Аудандағы ірі шаруашылық саналатын серіктестік әр­кез жыл қорытындысымен үздіктер қатарынан кө­рінеді. Шаруашылық 500-ге жуық адамды жұмыс­пен қамтып отыр. Базасы жасақталған. Өзге ша­руа­­шылықтардағыдай тұқымды сатып алмайды. Се­­рік­тестіктің тұқым зауытын­да жыл сайынғы күріш тұ­қымы әзірленіп, оны басқа шаруа­шылықтар тұты­нады. Сыр салысын өңдейтін қырман бар. Барлық іске арналған техникалары жаңаланған.
Әлеуетті шаруашылық биыл 5200 гектарға егін екпекші. Аталған жер көлеміне «Лидер», «Янтарь», «Партнер» күріш тұқымы себіледі. Сонымен бірге, шаруашылық отандық күріш сорттарын егуді тәжірибе жүзінде іске асыруды қолға алған. Яғни, «АйКерім», «Сыр сұлуы» күріш тұқымдарын егіп, оның өнімділігін тексермекші. Егер отандық тұқымның сапасы жоғары, өнімі мол болып жатса, алдағы уақытта осы тұқымдар қолданысқа енеді. Әзірге серіктестік жерінде «АйКерім» 26 гектарға, «Сыр сұлуы» 3,5 гектарға егіліп, тәжірибеден өткізіледі.
Жоғарыда айтқандай, нағилықтар атызға дән се­уіп бас­тады. Бас агроном М.Тұрсынбеков жер өңделіп болғаннан кейін шаруашылық еңбеккерлері науқандық жұмысқа кірісіп кеткенін жеткізді. Ала таңнан қара кешке дейін бапталған жерге тұқым сеуіп, атызға су жіберуде. Биылғы тұқым себу жұмыстары 5 бригада (бригадир Б.Ембергенов) жерінен бас­тау алды. Қазір алты «Беларусь» тракторымен механизаторлар атызда дән себумен айналысуда.
Тынымсыз еңбектің нәтижесінде нағилықтар ме­же­лі жұмысты абыроймен атқаруға талпыныс жасау­­да.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
03 мамыр 2019 ж. 854 0