Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Алданберген Құлбаев: «Егінсіз өмірді елестете алмаймын»

Алданберген Құлбаев: «Егінсіз өмірді елестете алмаймын»

Дана халқымыз есім қоюға ерекше мән береді. Ата-бабаларымыз әр есімнің астары, мәні мен маңызы бар деп санаған. Адамның аты оның ғұмырбаянына да тікелей әсер ететінін уақыт әлдеқашан-ақ дәлелдеді. Таңғаласыз. Еріксіз ойға батасыз. Осы ретте есімі ерекше Алданберген Құлбаев ағамыз еске түседі. Ол кісінің есімін қоярда ата-анасы несібесі, берекесі, ырысы алда болсын, әрқашан алдынан жақсылықтар кездессін деп ырымдаса керек. Сол жақсы ырым мен игі ниет расында да абзал азаматты биікке шығарды, ол кісіге бақ та, дәулет те, ырыс та, несібе де бұйырды. Ауданға белгілі ардақты азамат биыл 49-шы рет егін науқанына кіріскен, яғни 49 жыл дала төсіндегі дүбірде маңдай терін төгіп жүр.
49 жыл бір кісінің ғұмыры. Осыншама уақытты жанын қалаған іске арнау – шынайы бақыт. Оған шүбә жоқ. Ауылшаруашылығы саласының майталманы Алданберген Бодыбайұлының өмірі осыған саяды. Ол еңбекке толы саналы ғұмырын егін егуге арнады. Елге қызмет етті. Ел алғысына бөленіп, ел ағасы атанды. Ер атанды. Сондықтан еңбекқор азаматқа бәрі қызыға қарайды. Сырдариялықтар ол кісіні ауданнан шыққан Социалистік Еңбек Ерлерінің нағыз ізбасары санайды. Өзі де ағынан жарылып «Егінсіз өмірді елестете алмаймын» дейді.
Самал леп ескен сенбі күні Алданберген Құлбаев басқаратын «Қызылдихан» шаруа қожалығының егіс алқабына бағыт алдық. Көктен күннің шуағы төгіліп тұр. Аудан әкімі Руслан Рүстемов пен облыстық мәслихат депутаты, «Қызылдихан» шаруа қожалығының инвесторы Бақдәулет Мақашев бастаған азаматтардың басты мақсаты егінге дайындық жұмыстарымен танысу, дала еңбеккерлеріне сәттілік тілеп, іргелі істерді көзбен көру болатын. Бізге жол бастаған шаруашылық төрағасы Алданберген Құлбаев қуанышын жасыра алмады. «Ауданның басшылары егіс алқабына келсе, еңсеміз көтеріліп қалады. Жігіттерге жігер, талпыныс сыйлайсыздар» деп бастады әңгімесін. Шаруашылық төрағасының айтуынша, биыл құтты жыл болып тұр. Табиғаттың тынысы, яғни биылғы ауа-райы диқандар үшін өте қолайлы болыпты. Сондықтан күрішшілердің де көңілі көтеріңкі. Барлығы таңалакеуімнен кеш батқанға дейін жұдырықтай жұмылып, еңбек етуде.

«Өмірім осы киелі далада өтті. Мысалы, мынау №2 бригаданың аумағы. Бұл жерде қазір жер жырту жұмыстары жүргізілуде. Тұқым себуге әлі ерте. Жер құнарлы. Бұйырса, мұнда 360 гектар Сыр маржанын егеміз» деді шаруашылық басшысы.
Біз барған кезде шетелдік Glaas техникасы жер жыртып жүр екен. Аудан басшысы Руслан Рүстемұлы техниканың бір күнде атқаратын жұмыс ауқымдылығы туралы сұрады. Жауапты естіп, қайран қалдық. Бір техникада 250 аттың күші бар екен. Яғни, бір күнде бір емес, екі-үш бригадаға тиесілі жерді жыртып, тегістей алады. Тиімділігін есептей беріңіз. «Қызылдихан» шаруа қожалығында мұндай техниканың екеуі бар. Бұрын көктемнің алғашқы аптасы жер жыртуға, келесі аптасы тегістеуге, тағы бір апта каналдарды реттеуге кетсе, қазір барлық жұмыс бір мезгілде жүргізілуде. Бұл шаруашылықтың техникалық әлеуетінің артқанын білдіреді. Осы ретте «Қызылдихан» шаруа қожалығында көктемгі егінге арналған барлығы 12 трактор, 10 трактор тіркемесі, 6 соқа, 3 тұқым сепкіш және тасымалмен айналысатын 4 жүк көлігі бар екенін айта кетуіміз керек. Қазіргі таңда 40 гектар жерге жаңа жоңышқа егіліп, 200 гектар еске жоңышқа тырмаланып, күтімге алынған. Биыл барлығы 830 гектар күріш егілмек.
Егіс даласында бізге шаруа қожалығының бас аграномы Бақтыбай Ілиясов жолықты. Ол биыл жаңадан 8 бригада ашылғанын, сәуір айының басында қосымша 30 адам жұмысқа қабылданғанын жеткізді. Барлығы ауданның азаматтары екен. Екі қолға бір күрек тапқан олар осылайша Жер-Анадан өз несібелерін теріп жүр. Айта кету керек, биыл шаурашылық алғаш рет «Сыр сұлуы» атты күріштің жаңа сортын егуді жоспарлап отыр. «Биыл 50 гектарға егілетін күріштің жаңа сорты болашақта «Ақмаржанды» алмастырады» дейді Алданберген Құлбаев. «Ақмаржан» сортын алмастыру деген сөз егін шаруашылығында айтулы жаңалық болады дегенді білдіреді емес пе?! Сондықтан мұның жай-жапсарын сұрадық.
«Сыр сұлуы» сортын әбден зерттедім. Күріштің бұл жаңа сорты 105 күнде толық піседі екен. Суды да көп қажет етпейді. Өнімділігі көп. Егінге арналған 49 жылдық тәжірибеме сүйенсем, дәл қазіргі тұста бұдан асқан тиімді сорт жоқ деп нық сеніммен айта аламын. Биыл «Сыр сұлуы» сортын 50 гектарға ғана егеміз, содан тұқымдық дайындап, келесі жылы көлемін арттырамыз» дейді Алданберген Бодыбайұлы. Өз кезегінде «Қызылдихан» шаруа қожалығының инвесторы Бақдәулет Мақашев шаруашылықтың техникалық әлеуетін арттыру бағытында нақты қолдаулар жасалатынын айтты. Демек, күріштен тау тұрғызып, ел қамбасын алтын дәнге толтырған іргелі шаруашылық алдағы уақытта да дала дүбірінде биік белестерді бағындыра бермек.
Егіс даласының ауасы, жанға сыйлар дауасы бөлек. Бұл шығармашыл адам үшін таптырмайтын орта. Оның үстіне аудан әкімі Руслан Рүстемов егінге, күрішшілерге қатысты тарихи деректермен бөлісіп, ақын-жазушылардың шығармашылығынан ой қозғайды. Бұл жолы аудан басшысы «Еріншек егіншіден елгезек масақшы озады» деген мақалға тоқталды. «Қазір бұл мақал ескірді. Өйткені, нарық заманында еріншек егінші жоқ және қуатты комбайндардың жолында масақ қалмайды» дейді аудан әкімі. Сөз төркіне зер салсақ, расында да солай. Қазір қол еңбегі жоқтың қасы. Бәрін техника істейді. Техниканың тілін тапқандар аз күнде көп еңбек атқарады. Бұл ойды өмірін егінсіз елестете алмайтын Алданберген Бодыбайұлы да қуаттады. «Бәрі техниканың арқасы» деген ол күрішші үшін бітік егіннің күзгі жауынның астында қалғанынан асқан өкініш жоқ екенін айтты.
«Ескіні жамасаң есің кетеді» деген ғой, ескі техникалар көктемгі дала жұмыстарында немесе егін жинау науқаны қызып жатқанда сынып қалса, қосалқы бөлшектерін әкеліп, жөндейміз дегенше біраз уақыт өтеді. Жұмыстың тоқтауы өнімнің өзіндік құнына әсер етеді. Өйткені қосалқы бөлшек те, кеткен уақыт та диқанға шашетектен шығын әкеледі. Біз соңғы жылдарды шаруашылықтың техникасын түгендеуге арнадық. Егіншілерге де жағдай жасадық. Қазір ай сайын жалақыларын алады. Үстемақылары тағы бар. Сондықтан еріншек егінші жоқ, жерде масақ та жатпайды. Оның үстіне инвесторымыз Бақдәулет Мақашев нағыз істің адамы, бізге жасаған қолдауы көп. Сондықтан алғыс айтамыз» деді шаруашылық басшысы. Иә, алғыс алға жетелейді. Игі істердің басы-қасынан табылып, өзіңде барды өзгемен бөлісіп жүргенге не жетсін. Осы ретте аудан әкімі Руслан Рүстемов күні кеше аудандағы 100 отбасыға 1 млн теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсеткен облыстық мәслихат депутаты, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Бақдәулет Мақашевқа аудан жұртшылығының атынан шынайы ризашылығын білдірді. Төтенше жағдай кезеңінде жасалған бұл көмек мұқтаж отбасылар үшін зор қолдау болғаны анық.
«Қызылдихан» шаруа қожалығының егін алқабын көзбен көріп, күрішшілермен пікірлесу бағытындағы жұмысымыз қырманда жалғасты. Мұнда да қызу тіршілік жүріп жатыр екен. Егінге дайындық жұмыстары өткен айда басталыпты. Шаруашылық мамандары техникаларды реттеп, қойманы тазалап жатыр. Оның ішінде әкімшілік-ұйымдастыру, есеп-қисап бөлімі орналасқан ғимараттағы жұмысқа қарап, шаруашылық екен деп ойламайсыз. Әкімдіктен кем түспейді. Бәрі жаңа, таза, жинақы. Мамандар компьютермен толық қамтамасыз етілген. Қыста жылы, жазда салқын. Бұл қызметшілерге жасалған жағдайдың жақсы екенін білдіреді. Көз тойып, көңіл марқаяды. «Елде болса, ерінге тиеді, еңбекке бақыт басын иеді» деген осы.
Сенбі күнгі сапарда аңғарғанымыз, шаруашылық еңбеккерлері тынымсыз тер төгуде. Олар қамбаны қызылға толтырып, мол өнім жинап, абырой биігінен көрінуді мақсат тұтқан. Ендеше, дала диқандарының мерейі үстем болып, қырман тасысын! Жетпістің желкенін керген Алданберген Құлбаев басқаратын шаруашылықтың атақ-абыройы шарықтай берсін!

Ақтөре Ибрагимұлы,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

18 сәуір 2020 ж. 660 0