«БАҚ»-та жұмыс қайта жанданды
А.Құлбаев басқаратын «БАҚ» ШҚ-ның биылғы жағдайы баршаға мәлім. Жыл басында Сырдария арнасынан асып, Қалжан ахундағы егістік жерлерді су басып қалған еді. Сол шақта шаруашылық жайы алаңдаушылық туғызған болатын. Ауыл халқының күнкөрісі осы шаруашылық жұмысына байланысты. Сондықтан көпшілік егін егілу-егілмеуіне алаңдаулы болды. Алайда, облыс, аудан басшылығының, кәсіпкерлердің көмегімен, шаруашылық жұмысшыларының жұмылуымен кеш болса да егін егілді. Ол үшін атыздарға 3-4 насос қойылып, су кері айдалған. Жер кепкенде көктемгі жер жырту жұмыстары жүріп, диқандар бекітілген жерге дән септі. Сөйтіп, жұмыс қайта жанданды.
Жалпы, үстіміздегі жылы орын алған қиыншылыққа қарамастан шаруашылық 700 гектар жерге егін екті. Оны екі бригада іске асыруда. Қос бригада 700 гектарды қақ бөліп, үрдісті істерін жалғады. Бақыт Күшікбаев пен Сұлтан Жұмаділовтың бригадасы маңдай термен еңбек етіп, мерейлі сәтке де жақындады. Бүгінгі таңда алғашқы бригада егіннің 80-85 пайызын жинап алған. Орта өнім 52-53 центнерді құрайды. Бұл бригадада диқан Айбек Қосуақов (87 ц), Тайыр Құлбаев (62,7 ц), Батыр Сарыбаев (62,7 ц) көшті бастап тұр. Ал жылда бірінші болып күріш жинайтын Сұлтан Жұмаділов бригадасы биыл егістікті су алуына байланысты кеш қалып отыр. Әзірге күріштің 20 пайызы жиналған. Күрішші Дайрабай Тұрғанов пен Бақытбек Ерташов 74-75 центнер шамасында өнім алған.
Әңгіме барысында шаруашылық басшысы биылғы жылдың қиын болғанын тілге тиек етті.
– Шаруашылық үшін биыл қиын жылдардың бірі болды. Қаңтардан басталған су тасқыны бәрімізді әбігерге салып, егістік жерлерді су шайды. Оның суын кетіру үшін қанша шығындалдық. Соған қарамастан егін егіп, ел ырысын өсірдік. Дән себіліп, егін шыққанда су алған егістікке су жетпей қалмасы бар ма?! Атыздарға су бармай, оған да жұмыс жасадық. Әйтеуір, жұмыла жүріп егін жинау науқанына да жеттік. Шаруашылықтың екінші бригада жері кеш егілгеннен кейін күріштің пісу кезеңін күтіп отырмыз. Осы тұста, енді егінді мал таптап жатыр, – деген білікті басшы науқан жұмыстары біткенше тұрғындар малдарына қарап жәрдем қылса дейді. Не дегенімен, егін – елдің ырыс-несібесі ғой. «Елде болса, ерінге тиеді» демекші, астық шашпай-төкпей, мал түспей жиналса, елдегі ағайынның да берекесі сол. Іскер басшы кейде тұрғындар қоршаулы сымды әдейі қиып, малдарын кіргізетінін айтады. Осы күріш әрі кетсе 20 күннің ішінде орып-бастырылса, одан кейін атызға малды жіберсе кеш қалмайтынын жеткізді. Тек осы уақытта түсіністікпен жәрдем қылса игі дейді.
Ердос БЕРКІНБАЕВ