Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 36 газет

07 мамыр 2024 ж.

№35 газет

04 мамыр 2024 ж.

№ 34 газет

30 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Кәсіпкерлікті қолдау – ел игілігін еселеу

Кәсіпкерлікті қолдау – ел игілігін еселеу

Шағын және орта кәсіпкерлік – экономиканың күретамыры. Кәсіпкерлік дамыса, қаржы нарығындағы ахуал да тұрақты болады. Бұл дегеніміз жұмыссыздық азайып, салық базасы артады деген сөз. Сондықтан мемлекет кәсіпкерлік саласын қолдауға, жеңілдетілген несиелер мен қайтарымсыз гранттар беруге ынталы. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында аудан әкімі Руслан Рүстемовтің төрағалығымен қаржы несие ұйымдарының өкілдерінің және кәсіпкерлердің қатысуымен жиын өтті.
Тереңөзек кенті мәдениет үйінде өткен келелі кездесуге облыстағы қаржы ұйымдарының жетекшілері, кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың өкілдері, кент және ауыл әкімдері, ірі шаруашылық  басшылары мен кәсіпкерлер қатысты. Жиынды ашып, жүргізіп отырған аудан басшысы кездесу жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үш жылдығы аясында ұйымдастырылып отырғанын жеткізді.
– Кез келген өңірдің әлеуметтік әлеуетінің жоғары болуы және экономикалық тұрғыдан дамуы кәсіпкерліктің кең өріс алуына байланысты. Кәсіпкерлікті дамытудың нәтижесінде жүздеген жұмыс орны ашылып, өзін де, өзгені де жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады. Ал «Кәсіп түбі – нәсіп» қағидасын ұстанып, адал еңбегімен алға басуды мақсат тұтқан барлық адам үшін бүгінде мемлекет тарапынан тиісті қолдаулар көрсетілуде. Елімізде жүзеге асырылып жатқан түрлі бағдарламалардың шеңберінде көптеген азамат шаруасын шалқытып, тірлігін тіктеп отыр. Бұдан бөлек, кәсіптің түрлі салаларын игеріп, сол арқылы жетістікке жетіп, өңір экономикасын дамытып жүрген кәсіпкерлер де бар. Әрине кәсіптің түрі көп. Хәкім Абай «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дейді. Кәсіптің кең қанат жаюы адал еңбек пен жауапкершілікке байланысты, – деп бастады аудан әкімі кездесуді. Мұнан кейін ауданның сұранысына сәйкес кәсіп түрлерімен айналысу жөнінде мысалдар келтіріп, ауданның қалаға жақындығын тиімді пайдалануға ұмтылу керектігіне назар аударды.
– Ауданның қалаға жақын орналасуының пайдасы көп және бірқатар зияны да бар. Бірақ кәсіпкерлік саласын дамытуды қалаға жақын орналасқанымызбен байланыстырып, қол қу­сырып отыра беруге де болмайды. Ауданымыз аграрлық аймақ болғандықтан егін және мал шаруашылығымен айналысуға мүмкіндік мол. Егін салып, мал бағу секілді ежелгі ата кәсіптің ырысы кеміген жоқ. Десе де әртараптандыруға мән беруіміз керек, – деген аудан басшысы аудандағы кәсіпкерлік саласының дамуын жетілдіретін кезең келгенін атап өтті.
Кездесуде аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм  бөлімінің басшысы Е.Ахетов хабарлама жасады.
– 2020 жылдың 1 қаңтарына ауданда тір­келген шағын және орта кәсіпкерлік субъек­тілерінің саны 192 бірлікке ұлғайса, жұмыс жасайтын субъектілердің саны 275 бірлікке артты. Тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің ішіндегі жұмыс жасайтындардың үлесі былтырғы жылдың қорытындысымен 91,3 процент болды. Бәсекеге қабілетті жаңа индустриялар құрудың маңызды шарты инновацияларды қолдау және оларды тез арада өндіріске енгізу болып табылады. Осы мақсатта Қызылорда қаласында өткізілген ХІ «Baikonyr Invest» халықаралық  инвестициялық форумы аясында «Ақжарма 2»  шаруа  қожалығымен құны 370 млн теңге құрайтын «Күріш ақтап, тазалайтын және кіші  пастерленген  сүт зауыттарын  іске қосу, жылыжай және бау-бақша сақтайтын қойма салу» жобасына  ынтымақтастық меморандумы жасалды. Жоба жүзеге асқан жағдайда 33 адам жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ «Шаған» шаруа қожалығының «Қуаттылығы жылына  630 тонна күріш ақтау цехының құрылысын салу» жобасы «Индустрияландыру картасына» енгізілді. 150 млн теңгені құрайтын жоба жүзеге асса, айына 70 тонна күріш ақталып, 25 жаңа жұмыс орны ашылады. Индустрияландыру картасы жеке сектор жобаларын іске асырумен қатар, инфрақұрылымды дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Сондықтан бұл жобаның іске асырылуы ауданымыз үшін маңызды, – деген бөлім басшысы жаппай кәсіпкерлікті дамыту аясында екі жыл қатарынан кешенді «Жол картасы» әзірленіп, өткен жылы кәсіпкерлік субъектілерінің, жұ­мыссыз азаматтардың, өзін-өзі жұмыспен қам­тығандардың жобаларын қаржыландыруға 2,2 млрд теңге бағытталып, 467 адам жұмыспен қамтылғанын айтты.
– Тұрақты бизнестің 9 жобасына қаржы ұйымдарының 260 млн теңге  несие қаражаты бағытталып, «Бизнестің жол картасы 2020», «Қарапайым заттардың экономикасы» бағ­дарламалары аясында несие бойынша про­центтік мөлшерлемелері субсидияланды. Кәсіп­керлік саласындағы бағдарламалар аясында бөлінген қаражаттарға қол жеткізу үшін 2019 жылы 558 жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды. «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының» аудандағы өкілі тарапынан жер, сәулет және қала құрылысы мәселелері, инженерлік желілерге қосылу, мемлекеттік кірістер, қаржыландыру институттарының шарттары  бойынша 460 қызмет көрсетілген. Бұл нәтижелі көрсеткіштеріміз үшін тоқмейілсіп отыруға болмайды. Өздеріңіз білесіздер, агро­өнеркәсіп кешені аясында ауданда күріш өсіру, мал  бордақылау саласы тиісті деңгейде дамып, бүгінде шет елдерге экспортталуда. Ендігі кезекте ілеспе өндіріс орындарын құру мәселесі туындауда және шаруашылық басшыларына өндіріс көздерін ашуды  ұсынамыз, – деді бөлім басшысы.
Кездесуде «Сырдария 1-КС» ЖШС төрағасы Алмат Абдуллаев несие шарттары, кепіл сая­саты және қаржыны қайтару мәселелері жөнінде мағлұмат берді. Серіктестік төрағасы сырдариялық кәсіпкерлердің басқа аудандармен салыстырғанда алған несиені уақытылы қайтаруға дағдыланғанын айтып, ризашылығын білдірді. Сондай-ақ алдағы уақытта бірлесе жұмыс жасауға ынталы екенін жеткізді. Өз кезегінде «Ауыл  шаруашылығын  қаржылай  қолдау  қоры» АҚ Қызылорда облыстық филиалының директорының орынбасары Байәділ Садиев «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» ауылды жердегі кәсіпкерлікті өз қаржысымен қатар 2017-2021 жылдарға арналған Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша тартылған қаржыдан несиелейтінін айтты.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның 30 жылға жуық тәжірибесі бар. Қордың несие қоржыны 2020 жылдың 1 қаңтарында 157,8 млрд теңгені құрады. 2019 жылы несие қоржынының көлемі 154 процентке көбейді. Белсенді қарыз алушылардың саны 47,1 мыңға жетіп, 1 жылда 3,3 мыңнан астам адамға артты. 2019 жылы қор тарапынан жалпы сомасы 68,5 млрд теңгенің 13 500 заемы берілді. 115 228 адам жұмыспен қамтылды. Негізінен «Еңбек», «Сыбаға» бағдарламасы бойынша жұмыс істедік. Бір ерекшелігі, бізде кепілдікке мал алынбайды, өйткені қайтарым шығыны қиын, – деді Байәділ Садиев. Мұнан бөлек мал және егін шаруашылығын дамытуға, шаштараз, наубайхана, кірпіш өндіру кәсіпкерлігін дамытуға 4 млн теңгеден бастап, 20-30 млн теңгеге дейін несие берілетінін айтты.
Кездесуде «Даму» АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының менеджері Алтын Даулетбаева «Даму» қорының мақсаты, стратегиялық бағыты жөнінде ой қозғады.
– Қордың негізгі мақсаты микро-биз­нес­ті несиелеуді кеңейту, МҚҰ мен несие серік­тестіктерін қолдау құралдарын дайындау мен жүзе­ге асыру, жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлікті қордың қаржылық бағдарламаларымен қамту болып табылады. Сондай-ақ қолдау алатын кәсіпкерлік нысандарының экономикалық тиімділігін арттыру, қосымша қаржы көздерін тарту және қаржылық көрсеткіштердің жоспарланған дең­гейіне қол жеткізу мен бизнес процестерді автоматтандыру бағытында да жұмыс істейміз. Соңғы жылдары корпоративті басқару деңгейін арттыруға көңіл бөліп жатырмыз. Өйткені, жоспарсыз ешқандай нәтиже болмайды. Әр кәсіп­керге беретін ең бірінші кеңесіміз қаржылық дәптерді толтыру керек. Яғни, күнде қанша кіріс кіргенін және шығын шыққанын жазып отырған дұрыс, – деді филиал менеджері.
Ал «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік пала­тасының Қызылорда облыстық филиалының  жобаларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы Мұрат Балабаев ұлттық кәсіпкерлік палатасының ша­ғын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қосқан үлесі жөнінде хабарлама жасады.
– Былтыр «Қарапайым заттар экономикасы» салаларын дамыту шеңберінде Басым жобаларға жеңілдетілген несие берудің бағдарламасы іске қосылды. Бағдарламаны іске асыру барысында шұғыл түрде кедергілерді анықтап, жою мақсатында Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында Жобалық кеңселер құрылды. Жобалық кеңсе мүшелері кәсіпкерлермен кездесіп, олардың ұсыныстары мен проблемаларын жүйелеп, орталыққа ұсынды. Осының нәтижесінде қысқа мерзімде бағдарламаға (Үкімет қаулысына) 4 рет толықтырулар енгізіліп, несиелендіру шарттары түбегейлі қайта қаралды. Өңірлік жобалық кеңсенің ұсынысымен жылқы, түйе, қой, ешкі, құс, балық өсіру, тұзды қайта өндеу, бетоннан материалдар, силикат кірпішін шығару сияқты біздің өңірге өзекті экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіштері енгізілді. Көріп отырғанымыздай, бағдарлама айтарлықтай жетілдірілді және кәсіпкерлерге тартымдылығы артты. Бүгінгі күні өңірлік жобалық кеңсенің қарауында жалпы сомасы 11,9 млрд.теңгені құрайтын 125 жоба бар. Оның ішінде 62 жоба (6,7 млрд.теңге) мақұлданды, – деді жобаларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы.
Негізгі баяндамалар тыңдалғаннан кейін ұсыныс-пікірлерге кезек берілді. Кент әкімі аппаратының бас маманы Л.Смағұлова кәсіпкерлердің жобаларын сүйемелдеуде кездесетін қиындықтар жөнінде айтып, шешілуіне қолдау көрсетуді сұрады. Жеке кәсіпкер Ж.Мырхиев жергілікті кәсіпкерлердің жетістігі жөнінде ақпараттық-насихаттық жұмыстарды және аудан әкімі жанынан кәсіпкерлік саласын дамытуға арналған кеңес жұмысын жандандыру жөнінде ұсынысын жеткізді. Аманкелді ауылының әкімі Қ.Құлымбетов пен аудандық статистика басқармасының басшысы С.Төлегенов сұрақтарын жолдап, тиісті жауаптар алды.
Кездесу қорытындысында аудан басшысы кәсіпкерлікті дамыту – нарықты дамытудың кепілі екеніне назар аударды. Кездесуге келіп, жергілікті кәсіпкерлерге түсіндірме жұмыстарын жүргізген қаржы несие ұйымдарының өкілдеріне алғысын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі. Сондай-ақ аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөліміне, кент және ауылдық округі әкімдері бірқатар нақты тапсырма берді.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ 
17 наурыз 2020 ж. 552 0