ЖАҢА ЖОБА ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТКІЗДІ
Жақында Қызылордада облыс әкімі Қ.Көшербаевтың қатысуымен жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылының қорытындысы бойынша кеңес өтті. Онда өңірдегі кәсіпкерлік саласын ілгерілету мәселесі қозғалды. Сондай-ақ, келелі кеңесте шағын және орта бизнесті дамытуға қосқан үлесі үшін үздік кәсіпкерлер марапатталып, оларға 1 млн. теңгеден сыйақы берілді.
Жиында аймақ басшысы жаппай кәсіпкерлікті дамыту арқылы 3 маңызды мәселе шешіліп жатқанын атап өтті. Оның біріншісі – салық базасының ұлғаюы, екіншісі – жаңа жұмыс орындарының құрылуы және үшіншісі – қоғамдық-саяси ахуал тұрақтылығының жақсаруы.
– Біз өткен жылы жалпы бюджеті 32 млрд. теңге болатын арнайы «Жол картасын» әзірледік. Бұл қаражаттың 3 млрд. теңгеден астам бөлігін «Стартап» жобаларына бағыттадық. Ал биылғы жылы әртүрлі қаржы көздерінен 34 млрд. теңге қарастырдық. Сонымен бірге, қайтарымсыз гранттар, шағын несиелер мен несиелерді алудың қадамдық іс-әрекеттерін, типтік бизнес жоспарларды әзірлеп, жобаларды сүйемелдеу үшін әрбір ауылдық округке облыстық деңгейден жауапты лауазымды тұлғаларды бекіттік, – деді өңір басшысы. Соның нәтижесінде, өткен жылдың қорытындысы бойынша Қызылорда облысы бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасаған «Ең үздік өңір» деп танылды.
1 млн. сыйақы алған үздік кәсіпкерлер арасында ауданда жаңадан ісін бастаған Дана Ашабаева бар. Жас кәсіпкер өткен жылы ғана кәсібін бастаған. Кәсіп болғанда бұрын-соңды ауданда жоқ мал дәрігерлік дәріхананы ашты. Қолға алынбаған жобаны өз қаражатымен бастап, аудан орталығындағы «Арзан базар» маңынан жүзеге асырып отыр. Дәріхана малға қажетті дәрі-дәрмекпен қамтылған. Бүгінде дәрілердің 30-дан аса түрі қолжетімді бағада сатылуда. Олар Алматы, Шымкент қалаларынан арнайы жеткізіліп отыр.
– Өзім ауданға келін болып түскеніме бір жыл болды. Осында келісімен ветеринариялық дәріхана ашуды қолға алдым. Негізі, фармацевт саласында 5 жылдан аса жұмыс жасадым. Осында келгеннен кейін мал дәрігерлік дәріхананың жоғын біліп, іске кірістім. Ұсынысты кент әкімдігі жасаса, аудандық кәсіпкерлік бөлімі қызметкерлері қолдау білдірді. Соның арқасында кәсібімді бастадым, – дейді жас кәсіпкер.
Қазіргі таңда фармацевт маман өз білігі бойынша мал ауырғанда қажетті дәрілерді айтып отырады. Кейде ит, мысық, тауықты емдейтінін де жеткізді. Өз мамандығы болған соң бұл жағынан да халыққа қызметін көрсетіп келеді. Аймақта жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылының пайдасы тигенін айтқан Дана Нәбиқызы кәсіпкерді қолдауға берілген қаржыны мал дәрігерлік дәріхананы кеңейтіп, тұрғындарды жұмыспен қамтуға жұмсайтынын айтты.
Бұдан бөлек, қорытынды кеңесте «Үздік ауыл әкімі», «Үздік бекітілген жауапты тұлғалар» да марапатталды. Олардың қатарында Қоғалыкөл ауылының әкімі Бақытжан Рахымбеков бар. Ауылда 145 кәсіпкерлік субъекті тіркелсе, оның 95 пайызы жұмыс жасап тұр. Ал жылдық айналым қаражаты 2 млн. теңгеден асатын кәсіпкерлер 13 пайызды құрап отыр. Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде өз жұмысын жасап отырған кәсіп иелері де жетерлік. Соған орай, Қоғалыкөлде жаппай кәсіпкерлікті дамыту жұмысы ілгері болып тұр.
Е.БЕРКІНБАЕВ