Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Нақты іс қана нәтиже береді

Нақты іс қана нәтиже береді

Аудан әкімі Руслан Рүстемовтің төрағалығымен аппарат мәжілісі өтіп, онда негізгі 5 мәселе қаралды. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, кент және ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім және мекеме басшылары, аппарат басшысы және басқа да жауапты мамандар қатысты.

Халық өсімі – әлеуетті даму кепілі

Мәжілісте аудан басшысы күн тәртібіндегі мәсе­лелердің маңыздылығына орай хабарлама­шыларға қысқа әрі нұсқа баяндауды тапсырды. Бірінші мәселе – 2020 жылғы халық санағын өткізу жұмыстарына дайындық барысына арналып, аудандық статистика басқармасының басшысы С.Төлегенов хабарлама жасады.
Басқарма басшысы халық санағы бірнеше жыл жоспарланатын кең көлемдегі саяси іс-шара екенін айтып, санақ өткізу туралы Үкіметтің 2019 жылғы 19 маусымдағы №419 қаулысы шыққанын атап өтті. Осыған орай ағымдағы жылдың 1-30 қазан аралығында елімізде халық санағы өткізілмек.
– Халық санағы екі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде тұрғын жайларды нақтылау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде санақ учаскелеріне бөлінеді. Екінші кезеңде тұрғындарды жаппай халық санағы­нан өткізу жұмыстары ұйымдастырылады. Бүгінде ұлттық халық санағын өткізу жөнінде аудандық іс-шаралар жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар ат­қарылуда. Аудан көлеміндегі идеологиялық тұрғы­дан ескірген және шартты атаулы көшелерге жаңа атау беру мақсатында 18 көшеге атау берілген.
Бұл бағыттағы жұмыстарды түпкілікті аяқтау үшін жүргізілген рейд жұмыстарының нәтижесінде көше аттары берілмеген көшелер анықталып, кент және ауыл әкімдеріне тиісті ұсыныстар берілді. Жоспарға сәйкес, санақты жүргізуге қажетті қала және аудан орталықтарының схемалық картографиялық материалдары 4 данадан, ауылдық округтердің карталары 3 данадан шығарылып, дайындалды. Ендігі кезекте мекен жай тіркелімі мәліметімен нақтылау жұмыстары жүргізіліп, картаға енгізілмеген немесе жаңадан салынған үйлерді сол мекен жайға барып, нақтылау барысында картаға түсіру жұмыстары қарқынды жүргізілуі керек, – деді басқарма басшысы.
Атап өту керек, ауданға қарасты саяжайларды түгендеуге де мән беру қажет. Өйткені, саяжайларда тұратын халық есепке енбей қалмау керек. Осы ретте аудан әкімі тиісті сала басшыларына картаға енгізілмеген немесе жаңадан салынған үйлер болса, картаға түсіруді тапсырды. Сондай-ақ халық санағы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жоспарлауға мүмкіндік беретініне назар аударды. Тиісті сала басшыларына еліміз үшін аса маңызды іс-шараны сапалы үйлестіру мақсатында нақты тапсырмалар берді.

33407 гектарға егін егіледі
Мәжілістегі екінші мәселе – көктемгі егін егу жұмыстары жөнінде өрбіп, егін науқанына дайындық барысы туралы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Н.Әзірбек хабарлама жасады.
– Бекітілген сызбаға сәйкес аудан бойынша ағымдағы жылы 33407 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарлануда. Оның ішінде күріш 21667 гектар, жаздық бидай 1150 гектар, сұлы 93 гектар, сүрлемдік жүгері 10 гектар, картоп, көкөніс, бақша 820 гектар, жаңа жоңышқа 2852 гектар және ескі жоңышқа 6815 гектарды құрайды. Су пайдалану маусымында Сырдария өзенінде су мөлшері аз болатыны хабарланды. Осыған байланысты егістік алқаптарын сумен қамтамасыз ету үшін атқарылатын іс-шаралар жоспары бекітілді.
Жоспарға сәйкес ауыл шаруашылығы құрылымдарына су сорғыларын дайындау, ішкі шаруашылық каналдарға механикалық тазалау жұмыстарын жүргізу, егілетін күріш дақылының көлемін барынша азайтып, биік жерлерге орналастырмау және суды аз қажет ететін дақылдарды орналастыру жөнінде қатынас хаттар жолданды. Бүгінгі күнге ауыл шаруашылығы құрылымдарында 6815 гектар ескі жоңышқаны тырмалап, 147 гектар жаңа жоңышқа, 327 гектар жаздық бидай егілді, – деген бөлім басшысы 2020 жылдың көктемгі егісіне аудан бойынша 5200 тонна күріш тұқымы құйылып, күріш тұқымдарын тазалау жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ көктемгі дала жұмыстарына 346 трактор, 197 трактор тіркемесі, 83 соқа, 44 дән сепкіш, 66 жүк көлігі қатысады деп жоспарланғанын жеткізді. Атап өту керек, бүгінде каналдарды механикалық тазалау, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Аудан әкімі егілетін егін көлемін бекітілген кестеге сәйкес орналастыруға баса мән беру керектігін айтып, егін егу науқанында туындауы мүмкін мәселелерді шешу бағытында тиісті облыстық мекемелермен, шаруашылық құрылымдарымен күнделікті жұмыстар жүргізуді тапсырды.

Табиғатқа тазалық тән

Бұған дейін де хабарлағанымыздай, ауданда 7 наурыздан бастап санитарлық тазарту, көркейту-көгалдандыру екі айлығы басталды. Қоғам тазалығы әрбір аудан тұрғынына жауапкершілік жүктейтіні белгілі. Осыған орай аппарат мәжілісінде тазалық айлығын өткізу мәселесі талқыланып, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Е.Бахтияров хабарлама жасады.
– Көктем айларында елді мекендерде 16670 дана көшет, 8138 шаршы метр гүлзарлар отырғызу, 104,6 шақырым арықтарды тазалау және 600 метр қоршауларды жаңалау жүргізілетін болады. Аталған мақсатта жергілікті бюджет есебінен 181 712,0 теңге, оның ішінде, санитарлық тазалау жұмыстарына 61 339 теңге, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына 120 313 теңге бөлінді. Елді мекендерде санитарлық тазалау, көркейту және көгалдандыру жұмыстарын тұрғындар арасында насихаттау және оларды кеңінен қатыстыру мақсатында үкіметтік емес ұйымдарды, қоғамдық кеңестерді тарту және тиісті мәтіндегі билбордтар орнату мен әлеуметтік желілерде мақалалар жариялау тапсырылды. Бөлім қызметкерлері алдағы уақытта кент және ауылдық округтерді аралап, сенбілік жұмыстарының сапасын тексеретін болады. Мониторинг қорытындысында санитарлық нормаларды сақтамай көшелер мен қоғамдық орындардың ластануына жол берген жеке және заңды тұлғаларға салынған айыппұлдар көлеміне мән беріледі. Сондықтан кент және ауылдық округі әкімдері учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп, рейдтік тексерулер жүргізуді ұйымдастыру қажет, – деді бөлім басшысы.
Мәжіліс барысында Тереңөзек кентінің көшелеріндегі олқылықтар жөнінде дайындалған слайд көрсетілді. Оның ішінде Жамбыл тұйығындағы қоршалмаған ескі ғимарат балалар үшін қауіпті екені айтылып, кент әкімдігіне нысан иесіне ескертпе-хат беруді, тапсырма орындалмаса, сотқа құжаттар дайындауды міндеттеді. Аудан әкімі тәрбие – тазалықтан басталатынын айтып, қоғам тазалығын сақтау баршаға ортақ іс екеніне назар аударды. Ортақ құндылықты сақтауға жас та, жасамыс  та атсалысу керектігін жеткізіп, Nur Otan партиясының мүшелері бұл істе өзгелерге үлгі көрсету керектігін атап өтті. Сондай-ақ бірінші басшыларға өздері басқаратын мекеменің ауласын таза ұстауды тапсырды. Аудандық газет редакциясына аталған тапсырманың орындалуына зерделеу жұмыстарын жүргізіп, тазалыққа салғырт қараған мекемелер жөнінде сын мақала жазуды жүктеді.

Көмек заң шеңберінде тағайындалуы керек
Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау тәртібі өзгертілгені белгілі. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап атаулы әлеуметтік көмек аз қамтамасыз етілген отбасыларға кедейлік шегі мен жан басына шаққандағы орташа табыс арасындағы айырма ретінде төленеді. Бас­ты шарттардың бірі – отбасының еңбекке қабілетті мүшелері жұмыс істеуі қажет. Бұл мәселе көмекті қажет ететін отбасылар үшін аса маңызды. Сондықтан әрбір аппарат мәжілісінде атаулы әлмеуметтік көмектің жай-жапсары талқыланып, атқарылған және алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар саралануда.
Мәжілісте аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының міндетін атқарушы А.Исаева атаулы әлеуметтік көмектің тағайындалу барысы жөнінде хабарлама жасады. Бөлім басшысының міндетін атқарушы 2020 жылға атаулы әлеуметтік көмекке жергілікті бюджеттен 68 млн 331 мың теңге, республикалық бюджеттен 197 млн 251 мың теңге, әлеуметтік кепілдендірілген пакетке 39 млн 205 мың теңге қаржы қаралғанын атап өтті. Осыған орай ағымдағы жылдың 1 наурызына 312 отбасыға 1795 адамға 26976,7 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған, оның ішінде 294 отбасы шартты, 18 отбасы шартсыз ақшалай көмек алған. Атаулы әлеуметтік көмектің бір отбасыға келетін орташа мөлшері 43 232 теңгені құрады.
– Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың (1795 адам) 63,1 проценті (1133) 18 жасқа дейінгі балалар, 0,6 проценті (10) мүгедектер, 0,8 проценті (15) зейнеткерлер, 0,2 проценті (4) қарт кісіге күтім жасаушылар, 2,6 проценті (46) студенттер, 32,7 проценті (587) еңбекке қабілеттілер. Атаулы әлеуметтік көмек алушылардан жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 186 адам тартылды, оның ішінде 5 адам тұрақты жұмысқа, 175 адам қоғамдық жұмысқа, 1 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 5 адам жастар тәжірибесіне жолданды. Сондай-ақ АӘК алушы отбасылар үшін қосымша әлеуметтік кепілдендірілген пакет енгізілді. Яғни отбасында 1-ден 6 жасқа дейінгі бала болса, АӘК тағайындалған кезеңге ай сайын азық-түлік жиынтығы мен тоқсанына 1 рет тұрмыстық химия тауарларының жиынтығы беріледі. Есепті кезеңге кепілдендірілген әлеуметтік пакет 1-3 жас аралығындағы 143 балаға, 3-6 жас аралығындағы 204 балаға азық-түлік жиынтығы, 347 балаға тұрмыстық химия тауарлары тағайындалса, 1-3 жас аралығындағы 76 балаға, 3-6 жас аралығындағы 101 балаға азық-түлік жиынтығы таратылып берілді, – деді А.Исаева.
Аудан әкімі атаулы әлеуметтік көмек тағайындау барысында табыстарын жасырып, дұрыс емес құжаттар ұсынған 319 азаматқа қатысты заңбұзушылықтар анықталғанын атап өтті. Сондықтан атаулы әлеуметтік көмек тек заң шеңберінде ғана тағайындалу керектігін жеткізді. Кент және ауылдық округ әкімдеріне атаулы әлеуметтік көмек алушыларды тұрақты жұмысқа орналастыруға басымдық беруді тапсырды. Учаскелік комиссия тарапынан атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың құжаттарын мұқият тексеріп, әлеуметтік жағдайын жан-жақты зерттеп, заң талаптарына сәйкес жұмыс істеуді міндеттеді.

Бюджеттік түсімдер көп мәселені шешеді
Аудан бюджетін толықтыруда салық салу базасын арттыру маңызды. Салық базасы ұлғайтылса, тұрғындардың мәселелерін шешуге де жол ашылады. Осыған байланыс­ты салық базасын ұлғайту және алға қойған міндеттер туралы Сырдария ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының міндетін атқарушы А.Жүсіпов хабарлама жасады.
– 2020 жылдың 1 қаңтарына мемлекеттік бюджетке 8 868 616,3  мың теңге салықтар мен түсімдер түсіп, жоспар 108,8 процентке орындалды.  Аудандық жылдық бюджет жоспары 4 647 219,0 мың теңгеге бекітіліп, 4 795 610,1 мың теңге түсім түсірілген. 2018 жылмен салыстырғанда өсу қарқыны 421 075,4 мың теңге немесе 109,6 процентті құрады. Бюджет болжамын орындау үшін басқарма тарапынан cалық төлеушінің тапсырған салық есептілігін, уәкілетті мемлекеттік органдардың мәліметтерін, сондай-ақ салық төлеушінің қызметі туралы басқа да құжаттар мен мәліметтерді талдау, зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, жергілікті бюджетке камералдық бақылаумен қалыптастырылған хабарлама және әңгімелесу арқылы 727 788,1 мың теңгеге қосымша салық есептілігі тапсырылып, 718 851,3 мың теңге нақты ақшалай түсім түсірілді, – деген басқарма басшысының міндетін атқарушы тұрғындар жаңадан салынған үйлерінің құжатын рәсімдеуге асықпайтынын, бұл бағытта кент және ауыл әкімдері тексеріс жүргізбейтінін алға тартты. Аяқталған құрылысты мерзімінде тіркеуге қатысты құжаттарды рәсімдеу жұмыстарын ұйымдастыруға мән беруді ұсынды.
Аудан әкімі бюджеттік түсімдер көп мәселенің шешілуіне тікелей әсер ететінін айтып, салық базасын ұлғайту бағытында аудан әкімінің орынбасары Т.Нұртазаевқа арнайы іс-шаралар жоспарын құрып, меже белгілеуді тапсырды. Аудандық мемлекеттік кірістер басқармасына, экономика және бюджеттік жос­парлау бөліміне аудандық бюджеттің түсімдеріне ай сайын мониторинг жүргізіп, нәтижесін әр айдың 10-на дейін аудан әкімінің атына жазбаша баяндау міндеттелді.
Аппарат мәжілісінде аудан әкімі Р.Рүстемов дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронави­русты пандемия деп жариялағанын және ел Президенті Қ.Тоқаев Үкіметке сақтық шараларын күшейтуді тапсырғанын айтты. Осыған байланысты барлық мекеме, бөлім басшыларына, кент және ауылдық округі әкімдеріне санитарлық тазалықты күшейтуді, қоғамдық орындарда өтетін іс-шараларды шектеуді, халыққа дұрыс түсіндірме жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Өз кезегінде аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Е.Ұзақбаев қысқаша хабарлама жасап, коронавирустың белгілері жөнінде мағлұмат берді. Арнайы жадынама әзірленгенін атап өтіп, баспасөзде, әлеуметтік желіде жарияланатынын жеткізді.
Мәжілісті қорытындылаған аудан басшысы тапсырмалар уақытылы орындалу керектігін айтып, нақты іс қана нәтиже беретінін жеткізді. Сонымен бірге «Сыр медиа» серіктестігіне қарасты Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің Бас редакторы Ақтөре Ибрагимұлына «Қазақстан педагогтарының білімін дамыту және қолдау орталығының» «Құрмет» төсбелгісін табыс етті. Аталған марапат білім саласының жаңалықтарына тұрақты түрде ақпараттық қолдау көрсеткені және нәтижелі жұмысы үшін берілді.

Гүлсім ӘЛЖАНОВА 


17 наурыз 2020 ж. 380 0