Көрісу – көне мереке

Көрісу мейрамының шығу тарихын зерттеген ғалымдар қазақ халқы жыл басын 22 наурызда күн мен түннің теңесуімен бастайтынын, дегенмен Қазақстанның батыс аймағы жыл басын 14 наурыздан бастап тойлайтынын айтады. Сол өңірдің тұрғындары ай атауларын арабша атап келген. Олар: Дәлу, Үт, Амал, Сәуір, Саратан, Зауза, Әсет, Сүмбіле, Мизам, Ақырап, Қауыс, Жеді деп атаған. Әр айдың тууын біздің есеппен 14-нен бастаған. Яғни 14 наурыз – жаңа ай боп есептелген. Осы күннен бастап күн жылынып, көктем келіп, жапырақтар бүршік жара бастайды. Ел-халық қазақша Жаңа жылды қарсы алуға дайындалады.
Көрісу дәстүрінің пайда болуы батыс өңірінің табиғи ерекшелігімен де байланысты болса керек. Көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан батыстықтар қар еріп, жер жібігенде, сайын даладағы туған-туысын іздеп, бір-бірімен сағына көрісетін болған. Бұл мейрамды олар ел болып, ұлттық нақышта, салт-дәстүрге сай 22 наурызға дейін тойлайтын болған.
Жалпы ұлттық құндылықты жас ұрпақтың бойына сіңіруге бастайтын көрісу мерекесін күллі қазақ елі болып тойлаудың еш әбестігі жоқ. Қайта жасы кішілер ақсақалдардан, ақ жаулықты әжелерден бата алып, қос қолдап, амандық сұрап, көрісіп жатса, қандай ғанибет?!
Бибісара ЖАНӘЛІ