КІТАПХАНАДАҒЫ КЕШ
Сырдария аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №1 филиал кітапханасында «Шапағаты мен нұрын сепкен – ұлы Наурыз» атты мерекелік кеш болып өтті. Кешке үкіметтік емес ұйым басшылары және аудан ардагерлері, БАҚ өкілдері қатысты.
Кеш барысында кітапханашы Л.Серікбаева Наурыз мейрамына түсінік берді.
– Наурыз қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы. Наурыз мерекесі көктем мерекесі, өйткені бұл күні күн мен түн теңеледі, қыс өтіп көктем келеді. Қыс бойы ақ қар жамылып жатқан табиғат жылынып, жердің тоңы жібиді. Наурыз сөзі парсыша нау-жаңа, руз-күн деген мағынаны білдірген. Наурыз көне мейрам. Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі дүние жүзі халықтарының тұрмыс-салтында орын алған, – деп атап өтті.
Мерекелік кешке ардагер Мектепхан Елеусінов пен Биболат Жантүгелов көрісу рәсімін ұлықтаса, кәсіпкер Несібелі Керейтбаева алас рәсімін жасады. Одан кейін ұлттық ойынымыздың бір түрі қол күресті тамашалады. Шара барысында «Сергіту» ойыны ойналып, кешке қатысушыларға Наурыз мерекесі жайлы сұрақтар беріліп, жауаптар алынды. Кеш соңында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенов кеш қонақтарын Наурыз мерекесімен құттықтап, қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған Наурыз түні даланы Қыдыр аралайды, Наурызда ер адамдар бір-бірімен төс қағыстырып, Жастар алтыбақан басында ән, жыр айтылады, дәстүрлі ұлттық ойындар ойнатылатынын атап өтті. Наурыз көже тартылып, ақсақалдар бата берді.
“Тт” ақпарат