Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мақсат – ауыл шаруашылығы кешенін дамыту

Мақсат – ауыл шаруашылығы кешенін дамыту

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында "Қызылорда облысында агроөнеркәсіп кешенін дамыту жолдары мен оны жақсарту шаралары туралы" Қызылорда облыстық мәслихатының 2017 жылғы 15 наурыздағы №106 шешімінің орындалу барысы туралы" мәселені облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында қарау үшін уақытша комиссия құрамы мәжіліс өткізді.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Б.Лекеров, уақытша комиссия төрағасы И.Шағыртаев, облыстық мәслихат депуттаттары Ж.Нұрымбетов, Р.Есенов, бірқатар облыстық басқарма басшылары мен аудандық жұмыс тобының мүшелері, ауылдық округ әкімдері қатысты.
Аталған мәселе бойынша аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Н.Әзірбек баяндама жасады.
Өткен жылы ауданда егілген 21050 гектар күріштен 63,5 центнер өнім алынды. Барлығы 1337553,0 центнер астық қамбаға құйылды. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда егіс көлемі 583 гектарға артқанын және орта өнім 9,8 центнерге өскенін көрсетеді. Мұнан басқа бақшалық дақыл картоп, көкөністен өнім алынды. Жаздық бидай, сұлы, мақсары, мал азығы да мол өнім берді.
– Үкімет тарапынан шаруашылық құрылдарына берілетін субсидиялау бағдарламасы бойынша аудан 968 млн 346 мың теңге субсидия алды. Оның ішінде тұқымға 29,8 млн, басым дақылдарға 335,5 млн, тыңайтқышқа 401,5 млн, гербицидке 128,7 млн, суармалы судың құнын субсидиялауға 72,7 млн теңге алынды.
Қашыртқыларды, каналдарды тазалау, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу жұмыстары бойынша ішкі су жолдарының 251,0   мың текшеметр топырақ шығарылып, 12 дана су құрылыстары жөнделіп,     2 дана су тартатын қондырғыларды жөнделді. Жыл сайын көктемгі егін егу алдында егіске баратын каналдардың бас сағасының гидротехникалық құрылыстарына зерттеу жұмыстары жүргізіліп тұрады. Техникалық саясатты жетілдіру және машина-трактор паркін жаңарту жұмыстары соңғы жылдары қарқынды жүргізілуде. Қазіргі кезде шаруашылықтар шетелдік заманауи, жоғары технологиялық ауыл шаруашылығы техникаларына басымдылық беріп келеді, – деді бөлім басшысы Н.Әзірбек.
Сонан соң суармалы жерді қалпына келтіру, мал шаруашылығы, балық шаруашылығын дамытудағы маңызы бар көлдер бойынша нақты ақпарат берілді. Сонымен қатар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру, инвестиция және өңдеу саласы, өндірістік кооператив жұмысының мән-жайы баяндалды.
Талқыланған мәселе бойынша аудандағы шаруа қожалығының басшылары А.Құлбаев, Р.Ысқақов, Б.Рахмет, облыстық мәслихат депуттары Р.Есенов, Ж.Нұрымбетов ұсыныс пікір айтты. Ұсыныстың қатарында әсіресе, ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау, аудандағы көлдерді тиімді пайдалану, су тапшылығын болдырмау мақсатында кешенді шараларды қолға алу мәселесін ескеру қажеттігі айтылды.

Бибісара ЖАНӘЛІ

02 наурыз 2020 ж. 398 0