Қоғалыкөлдіктер есеп беру жиынына қатысты
Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 5 ақпандағы №190 Жарлығына сәйкес Қоғалыкөл ауылдық округінде есеп беру жиыны өтті.
Есеп беру жиынына облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Ғ.Байменова, облыстық мәслихат депутаты Ж.Нұрымбетов, аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, аудандық мәслихат депутаттары, бөлім, мекеме басшылары, ауыл тұрғындары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Есеп беру жиынында Сырдария ауданының әкімі Р.Рүстемов 2019 жылы аудан бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады.
– Агроөндірістік сектордың да дамуы қарқынды. Өткен жылы аудан бойынша 32,6 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде, негізгі дақыл күріш 21050 гектар жерге егілді. Орта есеппен гектарынан 63,5 центнерден өнім алынып, барлығы 134 мың тонна Сыр маржаны жиналды. Яғни, 2018 жылмен салыстырғанда қамбаға 24 мың тонна артық астық құйылды. 2019 жылы егін шаруашылығы 968,3 млн. теңге көлемінде субсидияланды. Сонымен қатар, шаруашылық құрылымдары «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 1 млрд. теңгеге 28 дана, өз қаражаттары есебінен 74,8 млн. теңгеге 10 дана ауылшаруашылығы техникаларын сатып алды. Соңғы жылдары (2016 - 2019 жж.) ауданның ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 97,1%-ға өсіп отырғанын жеткізді.
Есеп беру жиыны барысында Қоғалыкөл ауылдық округінің әкімі Б.Ракимбеков, ауылдық учаскелік полиция инспекторы Е.Дүйсенбаев жыл бойы атқарған жұмыстарының есебін берді.
Негізгі баяндамалар тыңдалғаннан кейін аудан басшысы ағымдағы жылы ауданда жаппай кәсіпкерлікті дамытуға ерекше басымдық берілетінін атап өтті.
Сонымен қатар, ауыл ақсақалы Ә.Әбибуллаев тұрғындар атынан алғысын айтып, ақ батасын берді.
Айта кету керек, Қоғалыкөл ауылдық округі бойынша «Жерсу Агро» фермер қожалығы 609 гектар күріш, «Жамбыл 2030» ЖШС-гі 358 гектар күріш және «З.Манабаева» шаруа қожалығы 100 гектар күріш, мақсары дақылдарын екті. Жалпы 1111 гектардан жоңышқа өнімі алынды.