АУЫЗ СУ МӘСЕЛЕСІ ТОЛЫҚ ШЕШІМ ТАПҚАН АУДАН
Жуырда «Қызылорда облысы тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстардың барысы мен алдағы міндеттері туралы» мәселе облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында қаралмақ. Осыған байланысты құрылған уақытша комиссия құрамы ауданға келіп, тұрғындармен кездесті. Кездесуге уақытша комиссия төрағасы, облыстық мәслихат депутаты И.Оңғарбаев, Қызылорда облыстық мәслихаты аппаратының басшысы М.Қосмамбет, аудан әкімінің орынбасары Б.Лекеров, облыстық мәслихат депутаттары Р.Есенов, Ж.Нұрымбетов, комиссия мүшелері, тиісті сала қызметкерлері қатысты.
Жиынды ашқан уақытша комиссия төрағасы аталған мәселе облыс бойынша ауданда толық шешмін тапқанын жеткізді. Сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуде Сырдария үлгі етерлік аудан екенін айтты. Бұл тұрғыда, аудан әкімінің орынбасары Б.Лекеров хабарлама жасады.
Бүгінгі таңда аудандағы 14 елді мекен сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, ауылдардағы барлық су жүйесінің ұзындығы 439,86 шақырымды құрайды. Бұл орталықтандырылған су жүйесі арқылы беріліп, барлық тұтынушыға ауыз су үйлеріне кіргізілген. Бұрынғыдай көше бойынан су тарататын колонкалары жоқ. Ауданда барлығы 16 дана су резервуарлары мен 18 дана су мұнаралары пайдаланылуда. Мұндағы су сапасы тиісті нормативпен белгіленген талаптарға сай. Бүгінгі күнге жеке тұлғаларға 1 текше метр судың бағасы су есептегіш құралдары барларға 30 теңге, жоқтарға 40 теңге, ал мекемелер мен кәсіпкерлерге 386,95 теңгені құрайды.
Жалпы, ауданды сапалы ауыз сумен толық қамтуда соңғы 3 жылда ауқымды жұмыстар жасалды. Атап айтар болсақ, 2015 жылы Бесарық, Аманкелді, Ақжарма ауылдарында ауыз су жүйелерін қайта құрылымдау және кеңейту жұмыстары жүргізілді. 2016 жылы Қоғалыкөл, Айдарлы, С.Сейфуллин елді мекендеріндегі тұтынушы үйлерге су құбырлары жеткізілді. Ал өткен жылы Шаған, Шіркейлі, Н.Ілиясов ауылдарында су желілері үй-үйге кіргізілді. Сондай-ақ, Қалжан ахун ауылы осы жылға өтпелі болып, бұл да өз шешімін тапқан. Осылайша, бұл мәселе аудан көлемінде толық шешімін тауып, тұрғындар сапалы ауыз суды тұтынып отыр.
Хабарламадан кейін комиссия мүшелері, облыстық тиісті сала басшылары алда атқарылатын міндеттерді атап көрсетіп, аталмыш мәселе сессияда қараламын дегенше ұсыныстар берілу керектігін жеткізді. Кездесу соңында аудан әкімінің орынбасары Б.Лекеров аудан халқының бірлігінің арқасында түйткілді мәселелер түйінін тауып келе жатқандығын айтып, құрметті меймандарға алғысын білдірді.
Е.БЕРКІНБАЕВ