ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРАЛАРДЫ ПАЙДАЛАНУ МЕН ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕ КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Қызылорда облыстық мәслихатының жұмыс жоспарына сәйкес кезекті сессияда облыс көлеміндегі тарихи–мәдени мұраларды пайдалану мен қорғаудың жай-күйі және оны жақсарту шаралары мәселеcі қаралады.
Осы мәселеге байланысты комиссия мүшелері Сырдария ауданындағы Асанас, Қос Асар қалашықтары, Шалбас батыр мұнарасы, Теміржол вокзалы үйімен танысты.
Сонымен қатар, аудан әкімдігінде уақытша комиссия отырысы өтті.
Жиналысқа аудан әкімі Ғ.Қазантаев, облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы М.Абуова, аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, облыстық мәслихат депутаттары Р.Есенов, Ж.Нұрымбетов, аудан әкімінің орынбасарлары, ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары, ардагерлер, мәдениет саласының қызметкерлері қатысты.
Аудан әкімі Ғ.Қазантаев төрағалық еткен уақытша комиссия отырысында күн тәртібіндегі мәселеге байланысты аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Төрәлиев хабарлама жасап, аудан бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Сонымен қатар, облыстық мәлихат хатшысы Н.Байқадамов мемлекет қорғауына алынған ескерткіштердің аумағына бейіт орналастыруды, шаруашылық мақсатта жер телімдерін бөлу және өзге де құрылыс жұмыстарын жүргізуді тоқтату жөнінде ұсыныс бойынша бірлескен түрде жұмыстар жасалып, сессияның жұмысын әзірлеу жөнінде комиссияда ескерілетінін жеткізді.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі.