Шағанда Абай мұрасы дәріптелді

– Абай өзінен кейінгі ақындардың барлығына «Жарығын түсірді» десек, артық айтқанымыз емес. Өйткені «Абай – қазақтағы суретті, сұлу сөздің атасы, тереңге сырлы, кең мағыналы кестелі өлеңнің тұлғасы. Қазақ өлеңіне өрнек берген, түрін көбейтіп, қалыбын молайтқан – Абай. Ол қазақтың ішінен оқушы тапқан». Ұлы Мұхтар Әуезовтің бұл ойларынан артық Абайдың болмысын тап басып тану қиын. Абай дәстүрін жалғастырушылар оның осы «оқушылары». Олар ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақ поэзиясын әлемдік деңгейге көтерген Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Сұлтанмахмұт, Мағжан сынды бір туар дарындар еді. Бұлардың бәрі өз кезегінде Абай ұлылығын тануға ұмтылып, ақындығын бағалауға тырысқан болатын. Осы орайда Абай ақындығын бағалаудағы олардың ұлы ақынға берген атаулары да әрі қызық, әрі ой саларлық. Ең жақын шәкірті Шәкәрім Құдайбердіұлы «Ұлы ұстаз» тұтса, Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақтың бас ақыны» деп біледі, Мағжан Жұмабаев үшін «Ақындардың хакімі» болса, Сұлтанмахмұт Торайғыров «Ақындар пайғамбары» көреді. Абай ұлылығын тани біліп, ақындығына табынған осынау «оқушылары» ұлы ақын дәстүрінің әр қырын, әр бағытын өз шығармашылығында дамытты. Ал бізге жеткен үлкен парыз – өшпестей артына сөз қалдырған бас ақынға деген құрметіміз деп білемін, – деді ауыл әкімі Ұлбала Тұрғанбекқызы.
Бұл кеште күмбірлеген күй тартылып, мың бұралған бишілердің өнерін көрсетті.
Майя ҚОЖАБАЙ