Қоғамдық кеңес қызметі кеңейеді
Елордада Nur Otan партиясының жанындағы Құқықтық кеңестің қоғамдық кеңестер қызметі туралы кеңейтілген отырысы өтті. Жиынды Мәжіліс депутаты, осы палатаның Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров жүргізді, – деп хабарлайды egemen.kz
Отырыс барысында қоғамдық кеңестер қызметі жөніндегі заң жобасы талқыланды. Іс-шараға қоғамдық кеңестер, үкіметтік емес ұйымдар, сарапшылар қауымдастығының өкілдері, мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың басшылары қатысты.
Жиынды ашқан Н.Әбдіров қоғамдық кеңестердің ел дамуындағы маңызына тоқтала келе, осы саладағы бірқатар кемшілікті атап өтті. Депутаттың айтуынша, қоғамдық кеңестер ешқандай мемлекеттік мекеменің құзырына кірмей, дербес жұмыс істеуі тиіс.
«Қоғамдық кеңестер «жанындағы» болмауы тиіс. Бүгінда аумақтық барлық қоғамдық кеңестер дұрыс аталады. Олар – облыстың, ауданның, Алматы, Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық кеңестері», деді Н.Әбдіров.
Бұған мысал ретінде депутат Денсаулық сақтау министрлігінің қоғамдық кеңесін мысалға келтірді.
«Егер қоғамдық кеңес атауында Денсаулық сақтау министрлігі көрсетілсе, онда бұл – дұрыс емес. Ол министрліктің қоғамдық кеңесі бола алмайды. Аталған заң жобасымен жұмыс істеген бастапқы кезеңде-ақ қоғамдық кеңестердің қандай да бір мемлекеттік органның, әкімдіктің, министрліктің жанындағы болмауына мән берген едік. Ұйым аумақтың қоғамдық кеңесі немесе қандай да бір бағыттың қоғамдық кеңесі болуы тиіс. Айталық, Ішкі істер министрлігінде ІІМ жанындағы қоғамдық кеңес емес, ішкі істер органдарының қызмет мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес болуы қажет», деп түсіндірді Н.Әбдіров.
Бұдан кейін сөз алған Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин «Қоғамдық кеңестер қызметінің мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының негізгі ережелерін таныстырды.
«Қоғамдық кеңестер консультативтік-кеңесші орган саналатындығын және өз қызметін тәуелсіз ұстаным негізінде жүзеге асыратынын назарға ала отырып, қоғамдық кеңестердің құрамын құруды жергілікті өкілетті атқарушы органдарға, ал қоғамдық кеңестердің құрамын бекітуді жергілікті органдарға беру ұсынылды», деді вице-министр.
Д.Есиннің айтуынша, заң жобасына сәйкес, мәслихат әкімдік ұсынған қатысушылар құрамын қабылдауға немесе қабылдамауға құқығы бар.
«Заң жобасында кеңестер қызметінің кейбір аспектілерін қаржыландыру туралы шешім де ұсынылады. Қоғамдық кеңес мүшелері қоғамдық бастамамен қызмет атқарады. Қоғамдық кеңес қызметіне төлем жасау мәселесі шешілген. Бұған қоса, қазіргі уақытта қолданыстағы лауазымдар тізіліміне қоғамдық кеңес хатшысы лауазымын енгізу жұмысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ кеңсе тауарларын сатып алуға, жергілікті деңгейде қоғамдық бақылау жүргізу үшін кәсіби сарапшылар қызметіне төлем жасауға және өңір ішіндегі іссапарлар шығындарына қаражат қарастырылған», деді Д.Есин.
Айта кету керек, қазіргі таңда елімізде түрлі деңгейдегі 234 қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Соның 18-і – республикалық деңгейде. Осы кеңестердегі мүшелердің саны 3564 адамға жеткен.