Қоғамдық кеңестер: мемлекет пен қоғам арасындағы диалог
«100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 99-қадамын іске асыру аясында «Қоғамдық кеңестер туралы» Заң 2015 жылғы 2 қарашада қабылданды. Аталған Заң еліміздің құқықтық базасы үшін жаңалық болып табылады. Осынау Заң тұрғындар алдында есеп беретін мемлекетті қалыптастыру, барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың шешім қабылдауына қоғамдық институттар мен азаматтардың қатысуын қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру құралдарының бірі болып табылатын жаңа қоғамдық институт – қоғамдық кеңестер ұғымы енгізілді. Заңнама қоғамдық кеңестерге бюджеттік бағдарламалар жобалары мен олардың орындалуы туралы есептерді, өңірлердің даму бағдарламалары мен мемлекеттік және салалық бағдарламалар, стратегиялық жоспарлар, азаматтардың құқығы, еркіндігі мен міндеттеріне қатысты нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын талқылау секілді бірқатар өкілеттіктер жүктейді. Қоғамдық кеңестердің қызметі арқылы қоғам мен мемлекет арасында кері байланыс тетігі қалыптастырылып, қоғамдық бақылау ұйымдастырылмақ және мемлекеттік органдар қызметінің мөлдірлігі қамтамасыз етіледі.
«Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы ұсынған мемлекеттік грант есебінен, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қолдауымен, «Республикалық және жергілікті қоғамдық кеңестердің қызметін бағалау және олардың рөлін арттыру мақсатында әлеуетін күшейту үшін ұсыныстарды әзірлеу» жобасы аясында Қазақстанның Азаматтық Альянсы Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде халықтық сауалнама, Қоғамдық кеңес мүшелері мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінен сұхбат алу және фокус-топтарды қамтитын мониторинг жүргізді. Ағымдағы жылдың мамыр-тамыз айларында жүргізілген мониторинг 2016 жылдың екінші жартысы мен 2017 жылдың бірінші жартысы аралығындағы уақытта атқарылған жұмыстарды негізге алды. Халықтық сауалнамаға 16 өңірден 500 адам қатысып, қоғамдық кеңестердің жұмысына баға берді.
Жақында мекемелер үйінің мәжіліс залында аудандық Қоғамдық кеңес мүшелеріне арналған «Қоғамдық кеңестің рөлі мен дамуы» тақырыбында көшпелі оқыту семинары болды.
Қоғамдық кеңес мүшелері үшін қоғамдық бақылау жүргізу қабілеттері мен дағдыларын арттыруды мақсат еткен семинарда Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-ның этносаралық қатынастарды талдау және мониторинг бөлімінің басшысы, саясаттанушы Сахиев Сәулет Ерназарұлы лекция оқыды. Қоғамдық кеңестің бүгінгі бет-бейнесіне тоқталып, оның қоғамдағы рөлі жайлы әңгімеледі.
Қазақстанның барлық өңірлерінен жиналған пікірлер бойынша, қоғамдық кеңестер жұмысын жүйелі әрі тиімді етіп ұйымдастыруда ұйымды тұрақты қызметкерлермен және қаржылық қамтамасыз етуді жолға қою мәселесі маңызды болып отырғандығын тілге тиек етті.
Онан бөлек, kazkenes.kz сайтының жаңа нұсқасы іске қосылғандығын атап көрсетті. Мұнда сайт админдерінен бөлек, қоғамдық кеңес мүшелері жариялымдар жасап, контентті жаңартып отыра алады. Олардың халықпен кері байланысын жолға қою мақсатында сайтта форум, талқылау бөлімі бар. Сайттағы жаңашылдықтың тағы бірі – «сұрақ-жауап» айдары. Аталған айдарға кез келген азамат өзін толғандырған сауалы мен өтініштерін жолдай алады. Мұнан басқа Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Қоғамдық кеңестер қызметі шеңберіндегі қоғамдық мониторинг жүргізу тәртібі туралы әдістемелік ұсынымдары жайлы айтып берді.
Жиын соңында еркін пікір алмасу аясында қоғамдық кеңес мүшелері өз ойларын білдірді, сұрақтар қойылып, тұщымды жауап берілді.
С.СҰЛТАНҚЫЗЫ