Қоғамдық кеңес белсенділеріне сыйақы беріледі
- ҚР Қоғамдық даму министрі Дарxан Кәлетаев қоғамдық кеңестердің жұмысын күшейтуге қатысты ұсыныстарды жариялады. Оларды арнайы заң жобасына енгізу жоспарланған, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Министрдің айтуынша, қоғамдық кеңеске мүше азаматтардың белсенділігін арттыру үшін мотивация болуы қажет. Соның ішінде ақшалай стимулды да қолдануға болады.
«Қоғамдық кеңес мүшелерінің арнайы рейтингін енгізу ұсынылып отыр. Сонда әрбір мәселе, петиция, қоғамдық тыңдау үшін үкіметтік емес ұйымдарға немесе жеке тұлғаларға ұпай беріледі. Осы жұмыстың нәтижесінде үкіметтік емес ұйымға сыйақы беріледі.
Ол үшін мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс, гранттар мен сыйақылар туралы заңнамаға өзгерістер енгізіледі», - деді Д.Кәлетаев қоғамдық кеңестердің II республикалық мәжілісінде.
Оның сөзіне қарағанда, қоғамдық кеңес отырыстарына қатысу ережесін де күшейту көзделген. Мәселен, кеңес мүшесі үш отырысқа келмесе, оны кеңес құрамынан бірден шығарып тастайды.
«Ондай азамат басқа кеңестерге де мүше бола алмайды. Ал құзіретті мемлекеттік орган «қара тізімді» жүргізеді. Трансформацияның нәтижесінде орталық мемлекеттік органдардағы кеңестер - 35 процентке, ал облыс деңгейіндегі қоғамдық кеңестер 25 процентке кеңейеді деген болжам бар.
Қалалық және аудандық кеңестер шамамен 20 процентке оңтайландырылады. Сонда қоғамдық кеңестердің тиімділігі артады. Қазір «Қоғамдық кеңес туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр.
Ағымдағы жылы маусым айында аталған құжат Парламент Мәжілісіне енгізіледі», - деп атап көрсетті Д.Кәлетаев.
Айта кетейік, бүгінгі жиында Дарxан Аманұлы қоғамдық кеңестердің негізгі проблемаларын атады. Оның айтуынша, қазіргі қоғамдық кеңестер «ақсақалдар жиналысы» болып кетті.
Сондай-ақ, министр республикалық маңызы бар үш қалада жастарға арендалық баспананы тарату мерзімі туралы айтты.