Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Абай жылына арналған ауқымды шара

Абай жылына арналған ауқымды шара

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы республика көлемінде кеңінен тойлануда. Бүгінде атаулы жылға байланысты еліміздің түкпір-түкпірінде ауқымды жиындар мен тәрбиелік маңызы зор іс-шаралар ұйымдастыру жұмыстары басталып кетті. Осыған орай аудан әкімі Р.Рүстемовтің қатысуымен аудандық мәдениет үйінде Абай жылының аудандағы ашылуы өтті.
Ұлы ақынның 175 жылдығына арналған іс-шараға жиналған халықтың қарасы қалың болды. Мәдениет үйінің кіреберісінде ауданның Құрметті азаматтары Сансызбай Сәдуақасов пен Жантемір Айсинді жолықтырдық. Мәдениет саласының майталмандары аудандық тарихи-өлкетану музейі қорындағы жәдігерлермен танысып, пікір алысып тұр екен. Құнды жәдігерлердің арасында Абай Құнанбайұлы тұтынған асадал шкаф та барын аңғардық. Құнды жәдігер Сыр өңіріне қалай жетті? Оқырман қауым біле жүрсін деген ниетте осы жөнінде айта кетелік. Шкафты музейге А.Тоқмағамбетов ауылының тұрғыны Ахметбек Іскендіров табыс еткен екен. Бағалы жәдігер алғашқыда Құнанбайдың туысы Тұрған есімді кісіге берілген. Ол өзінің ауылына төркіндеп барғанда оған қазақтың ойшыл ақыны естелік ретінде аталмыш шкафты тарту етеді. «Одан кейінгі кезеңде ол кісі қыз босанып, оған Абайдың әжесі – Зеренің есімін қояды. Зере бой жетіп, беріде Сыр өңіріне келін болып түседі. Осындағы Асқар ауылына. Келін болып түскенде оған жасау ретінде осы шкаф та өзімен бірге келеді», - дейді аудандық өлкетану музейінің мамандары. Негізі Зере Ахметбек Іскендіровтің нағашы әже болып келеді. Яғни, анасының шешесі екен. Көненің көзіндей дүние осылайша Ахметбек Іскендіровтің отбасына тиеді. Қаншама жылдар бойы көзінің қарашығындай сақтап келген дүниені ол кісі 2006 жылы аудандық өлкетану музейіне табыс етіп, халықтың қызыға тамашалайтын құнды жәдігерінің біріне айналды.
Абай жылына арналған іс-шараға аудандық кітапхана қызметкерлері де кітап көрмесін ұйымдастырыпты. Бірнеше бөлімнен тұратын кітап көрмесін аудан әкімі Руслан Рүстемов бастаған атқарушы билік өкілдері көріп, тың дүниелермен, тарихи кітаптармен танысты. Мұнан соң мәдениет үйінің көркемөнерпаздары театрландырылған қойылыммен ұлы ақынның өмір сүрген ортасы мен тағылымға толы кезеңін киелі сахнаға алып шықты. Әсіресе, ақынның қара сөзі, Тоғжанмен диалогы көрермен қауымға ерекше әсер етті. Абай жылының аудандағы ең алғашқы ауқымды шарасын және көркемсөз оқу шеберлерінің аудандық байқауын аудан әкімі құттықтау сөзбен ашып берді.
– 2020 жыл біз үшін рухани мұрамызды асқақтата түсетін ерекше кезең. Биылғы жылы ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өтеміз. Еліміз үшін аса маңызды осынау атаулы датаны ауданда да абыроймен өткеру керек. Бұл біздің егемендігімізді, елдігімізді паш ететін оқиға болады. Халқымыздың тарихында өшпес із қалдырған ұлыларды ұлықтау, тұлғаларға тағзым ету қазақтың қанында бар дәстүр, парыз. Оның ішінде қазақты әлемге танытқан Абайдың қазақ даласын өркениет көшуіне қосудағы сіңірген еңбегі орасан. Абайдың арқасында қазақтың даналығы, ғылымы мен білімі, руханияты мен әдебиеті әлемге таралды. Абай әлемі – қазақ әлемі. Алаштың алып темірқазығына айналған тұғырлы тұлғаның рухани келбеті бүгінде тұтас ұлт болмысын айшықтап тұр. Ендеше, Абайды жаңа ғасыр биігінде тану – рухани жаңғырудың басты һәм маңызды тірегі болуы тиіс, - деді аудан әкімі
Аудан басшысы сондай-ақ данышпан ақынның өнегелі өсиетін дәріптеу бүгінгі ұрпақтың қасиетті парызы екеніне назар аударды.
– Абай жылы – ел тарихында өшпес із қалдырған ұлы ойшылымыздың рухын асқақтату үшін қолға алынған игі бастама. Осыған орай биыл халықаралық және республикалық деңгейде ауқымды жұмыстар атқарылмақ. Ширек ғасыр бұрын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен ұлы ақынның 150 жылдығын жоғары дәре­жеде атап өткен едік. Бұл мерейтой егемен еліміздің еңсесін тіктеуге, ұлттық сананы оятуға зор үлес қосты. Тұңғыш Президентіміз сол жиында «Абай хал­қына қамқор, ұлтына жан­ашыр бола жүріп, күллі адамзатқа мейірлі гуманистік өреге көтерілді» деген еді. Шын мәнінде, кемеңгер тұлғамыздың мол мұрасы – бүкіл адам баласы үшін аса құнды әрі тағылымды дүние. Сондықтан Абайдың өнегелі өсиетін дәріптеу бүгінгі ұрпақтың қасиетті парызы деп білеміз. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жақында жарық көрген «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында жан-жақты тоқталды. Ұлы ойшылдың еңбектері күні бүгінге дейін өзектілігін жоғалтпай, баршамызға рухани азық болып отырғанын ерекше атап өтті. Қазіргі таңда еліміздің алдында биік мақсаттар тұр.  Мемлекетімізде саяси, экономикалық, әлеуметтік саладағы жаңғыру үдерісі жүзеге асырылып жатыр.  Осы орайда Абайдың ой-толғамдары бізге нақты бағыт-бағдар береді, – деген Руслан Рүстемұлы Абай мерейтойы – Елбасымыз бастаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызды бір бөлігі екенін атап өтті. Сонымен бірге аудандық байқауға қатысушыларға сәттілік тілеп, «Абай мұраларын ұлықтайтын игі бастамаларға жұрт болып жұ­мыла білейік» деп сөзін түйіндеді. 
Байқауға елді-мекендерден талапкерлер қатысып, екі кезең бойынша бақ сынасып, өнер көрсетті. Бірінші кезеңде талапкерлер Абайдың өлеңдерінен бір өлеңін, екінші кезеңде Абайдың бір қара сөзін жатқа оқыды. Қазылар алқасының шешімімен байқаудың бас жүлдесі Аманкелдиева Гүлзатқа /Н.Ілиясов ауылы/ бұйырса, жүлделі І орынды Оспан Орынбай /Айдарлы ауылы/ иеленді. ІІ орын Құралай Ешмахановаға /Шіркейлі ауылы/ берілсе, ІІІ орын биігінен тереңөзектік Ержан Жүнісов пен іңкәрдариялық Кемалбай Тәуекелов көрінді. Барлық талапкерлерге арнайы Дипломдар, Алғыс хаттар және бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
25 ақпан 2020 ж. 852 0