Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖЫР ӘННІҢ ЕЛІ, ТҰРАННЫҢ ТӨРІ

ЖЫР ӘННІҢ ЕЛІ, ТҰРАННЫҢ ТӨРІ

Бүгін аудандық мәдениет үйінде Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойына орай Қызылорда қаласының мәдени күндері аясында «Жыр әннің елі, Тұранның төрі – Қызылорда» атты қала өнерпаздарының мерекелік концерті өтті.
Оған облыстық мәслихат хатшысы, Қызыл­орда қаласының 200 жылдық мерейтойын ұйым­дастыру және өткізу жөніндегі жұмыс тобының төрағасы Наурызбай Байқадамов, Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, қалалық мәслихат хатшысы Роза Боханова, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлаубай Әбішұлы және аудан тұрғындары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Алғашқы сөз кезегін қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы алып, аудан тұрғындарын бас қала Астананың 20 жылдық, Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойымен құттықтады.
– Қызылорда қаласы 200 жылдық мерейтойға үлкен жетістіктермен жетті. Соның бірі, 200 жылдық мерейтойдың ең басты тартуы – Сырдарияның сол жағалауындағы бой көтерген жаңа қала. Бұл той – өткеннен өнеге алу, бабалардан қалған бай мұраны ұлықтап, асыл құндылықтарымызды ертеңгі ұрпаққа аманаттау, ұлттық қасиетіміз бен салт-дәстүрімізді дәріптеу деп түсінуіміз қажет, – деді қала басшысы өз құттықтауында.
Өз кезегінде Қызылорда қаласы әкімі Н.Нәлібаев қаланың 200 жылдық мерекелік медалімен аудандағы бірқатар іскер азаматтар мен кәсіпкерлер және түрлі сала қызметкерлерін марапаттады. Мерекелік шарада аудан әкімі Ғ.Қазантаев өз ризашылығын білдіріп, еліміздің көркею жолында атқарып жатқан істеріне сәттілік тіледі.
Салтанатты шара қала өнерпаздарының ме­ре­келік концертіне ұласып, олар сырдария­лық­тардың қошеметіне бөленді. Отан, туған жер, қасиетті мекен Қызылорда туралы түрлі әндер орындалып, би биледі. «Сырлы саз» халықтық фольклорлық ансамблі Құрманғазының «Сарыарқа» күйін шертсе, домбырашылар күй тартыс орындады. Мерекелік бағдарлама халық көңілінен шықты.

Балтабай ОРДАБЕКОВ,
Майя ҚОЖАБАЙ

12 қараша 2018 ж. 1 503 0