Рақмет күні туралы білесіз бе?
Бүгін – Халықаралық Алғыс айту күні. БҰҰ мен ЮНЕСКО бекіткен мереке адамдар арасындағы көркем мінезді насихаттайды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Азаматтардың бір-біріне ұдайы түрде ризашылық білдіріп жүруіне үндейді.
«Грацияс», «сесе», «аригато», «тешеккюр», «мерси боку», «даңке шөн», «большое спасибо» және «көп рақмет». Бүгін Халықаралық Рақмет күні туралы азаматтар біле ме? Олар ризашылығын қаншалықты жиі білдіреді? Осыны біліп көрейік.
БЛИЦ:
– «Рақмет» сөзін жиі айтамын.
– Алла разы болсын деп сүйіп кетеміз. Шын көңілмен айтамыз.
– Жиі айтамын. Күнделікті өмірде алғыс айтып жүремін.
– Көп айтылған сайын адамдардың бір-біріне деген қарым-қатынасы, сыйластығы көбейеді деп ойлаймын. Адамдарда қазіргі заманда көп қасиет жетіспейтін сияқты.
– Барша қазақ халқына алғыс айтамын.
Осы орайда психолог мамандар бір ғана «рақмет» сөзінің адам өмірі мен мансабына оң өзгеріс әкелетінін айтады. Алғысты айтушының да, қабылдаушының да тағдыры түбегейлі өзгере алады дейді, Ержан Мырзабаев. Салада 8 жылдық тәжірибесі бар маманның айтуынша, ризашылық білдіру арқылы адамдар өзара позитивті эмоция алмасады.
Ержан Мырзабаев, психолог:
– Рақмет айту адам психологиясына, әсіресе адамдар арасындағы қарым-қатынасқа әрдайым жақсы жағынан әсер етеді. Рақмет айтқан кезде біз ең бірінші бағалау және мақтау әрекетін жасаған боламыз. Жай рақмет емес. Менің досым болғаның үшін рақмет. Маған жақсылық жасағаның үшін рақмет. Маған пайдаң тигенің үшін рақмет. Маған көмектескенің үшін рақмет. Осындай әлемде тату-тәтті өмір сүріп жүргеніміз үшін рақмет деген сияқты нақты бір мәселелерге алғыс айтылады.
Рахметті жиі бірақ орнымен және шын көңілмен айтқан сайын адамға деген сыйластық пен симпатия артады. Шат-шадыман көңіл күйге бөлейді. Мәселен кішігірім тәжірибе үшін белгілі бір күнді таңдап, тәулік бойы мүлдем рақмет айтпай шықсаңыз, айырмашылық бірден байқалады, дейді психолог. Ержанның негізгі саласы отбасы психологиясы болғандықтан, кеңес алу үшін ерлі-зайыптылардың жиі келетінін жасырмайды.
Ержан Мырзабаев, психолог:
– Әйелі күйеуіне күніге таңғы ас дайындайды. Асты ішесіз, кетесіз. Оны дайындау керек сияқты көресіз. Ал егер осындай таңғы ас дайындағаны үшін «рақмет жаным, дәмді болыпты, қолың дерт көрмесін, күшті болыпты» деген кезде, сіз өз ойыңызда, миыңызда автоматты түрде еңбекті бағалап жатсыз. Ал таңғы асты дайындаған кісі нені сезінеді? Менің еңбегім бағаланып жатыр. Еңбегі бағаланған адамдар көбірек жақсырақ жасауға тырысады. Бұл – маңызды фактор.
Қарым-қатынасты сақтап қалу және жандандыру үшін «рақмет» – таптырмас сөздердің бірі. Өкінішке қарай, қоғамда тұтынушылық көзқарас басымдыққа ие болып бара жатқан соң, астарында үлкен сиқыры бар қарапайым сөздерді жиі ұмыт қылып, кейде айтуға тұрарлық деп санамаймыз. Әлеумет арасындағы психологиялық дағдарысқа байланысты Халықаралық ұйымдар осындай күндерді жариялауға мәжбүр дегенді айтады маман.
Ержан Мырзабаев, психолог:
– Таңертең тұрып, әйел, бала-шағаңыздан бастап, көршіңізге дейін алғыс айтып шықсаңыз, бұл сіздің психологиялық көңіл-күйіңізді көтереді. Әйелім рақмет, балам рақмет, әке-шешеме рақмет, көршіме рақмет, досыма рақмет, әріптестерім, сіздермен бірге осынша уақыт жұмыс істеп жатқаныма қуаныштымын, бар болғаныңызға рақмет деген сайын, сіздің оларға қарым-қатынасыңыз өзгереді. Және олардың сізге қарым-қатынасы өзгереді.
Мәселен, көлік жүргізушілері бір-біріне алғысын жарық шамдарымен және дыбыс белгісі арқылы білдіріп жатса, патша көңіл көрермен сахна адамына қошемет көрсетеді. Мемлекеттік мекемелерде мереке сайын қызметкерлерге алғыс хат беріледі. Америкалық журналдардың бірінде жарияланған әлемдік рейтинг бойынша нью-йорктіктер ризашылығын жиі білдіреді екен. Ал Үндістандағы Мумбай қаласының тұрғындары алғыс айтуға асықпайтын көрінеді.