Алғыс айтамын...
2015 жылдың сәуір айында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мәңгілік ел: бір ел – бір тағдыр» тақырыбымен басталған ХХІІ сессиясының ашылу салтанатында сөз сөйлей отырып, Елбасы халықтардың түгелдей жер аударылғанын еске алған еді. «Сталин режимінде әр жылдары, өздеріңіз білетіндей, халықтар түгелдей жер аударылды. Оларды вагондардан ауылдарға тастап кете берді, олардың еш дүниесі болған жоқ. Сол уақытта бұл далада өздері мұқтаж бола отырып, оларды саман үйлеріне қабылдаған қазақтар, қазақ отбасылары ғана өмір сүрді, – деді Президент.
Шынында да сталиндік режим кесірінен көптеген ұлт өз Отандарынан қуылып, жер аударылып кете барды. Олардың көбі білмейтін, өмірі көрмеген, білмеген қазақ даласына вагондарға тиеліп, үсті-үстіне келіп жатты. Қазақтар өзі ішер тамаққа, киер киімге жарымаса да өзге ұлттарды құшағына алып, үйіне паналатты, бір нанды бөліп жеді. Сөйтіп, төтеннен келген нәубетті еңсеруге көмектесті. Бүгінде Қазақстанда 130-дан астам ұлт өкілдері тұрып жатыр. Олар кезінде сталиндік зорлық-зомбылықтың зардабын көрген ұлттардың өкілдері. Қазақстанды екінші Отаны санайтын олардың қазақ халқына деген алғысы шексіз. Олар бір ауыздан: «Қазаққа алғыс айтамын!» десе, шын жүректен айтылған ризашылық сезімі деп қабылдаған дұрыс.
Негізінде алғыс айту мерекесі АҚШ пен Канадада қараша айының әрбір төртінші бейсенбісінде аталып өтіледі екен. Айтулы күн алғаш рет 1621 жылы ағылшындық колонистердің бастамасымен тойланған. Қыс мезгілі өте ауыр болып, адамдар аштыққа ұшырағандықтан губернатор Уильям Брэдфорд қол астындағылардың көңіл-күйін көтеру үшін Алғыс айту күнін белгілейді.
1789 жылы Джордж Вашингтон рақмет айту күнін «ұлттық мереке» деп жариялаған. Бұл күні барлық отбасы міндетті түрде дастарқан басына жиналып, туыстарына жақсылық жасауға асығады, жақындарын қуанту үшін түрлі тосын сыйлар ойлап табады.
Германияда – қазан айының алғашқы жексенбісінде, егістік алқабында тойланатын бұл мереке келесі жылы да мол өнім алу үшін табиғат анаға алғыс айтумен басталады екен. Ал, Израиль халқы Суккот мерекесі – алғыс айту күнін 3000 жылдан бері тойлайды. Кореяда алғыс айту күні 15 тамызда тойланады. Ол – Чхусок деп аталады.
Жалпы, ауданда 600-ге жуық 16 өзге ұлт өкілі тұрады. Олардың ішінде, неміс, татар, башқұрт, қырғыз, украин, орыс, кәріс, шешен, молдаван, т.б. ұлт өкілдері тату-тәтті еңбек етуде. Этностардың басқосуы үшін ауданда «Достық» үйі ашылып, онда түрлі шаралар өткізіліп келеді. Ол нағыз достықтың, татулықтың мекеніне айналды.
Алғыс айту – адамдардың бір-біріне деген құрметін, қадір-қасиетін арттыратын күн. Елдің ынтымағын, ауызбірлігін нығайтатын мереке.
Мен, ең алдымен жарық дүниені көруді нәсіп еткен жаратқанға, өзіме өмір сыйлаған, бар мейірімін төгіп, жарық дүниеге әкелген Ата-Анама, білім берген – ұстаздарыма, жұпар иісі аңқыған – далама, бақытқа бөлеген – балаларыма, мейірімді, шуақты күндері үшін – Табиғат Анаға, өзімді қаумалаған – бауырларыма, әріптестеріме, достарыма, Алғыс айтар едім. Сіз ше, қадірменді оқырман!