Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бірқатар мәселе көтерілді

Бірқатар мәселе көтерілді

Аудан әкімі Руслан Рүстемовтің төрағалығымен Тереңөзек кенті, Қалжан ахун, С.Сейфуллин, А.Тоқмағамбетов ауылында көшпелі мәжіліс өтті. Күн тәртібіндегі жаппай кәсіпкерлікті дамыту мәселелері, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және атаулы әлеуметтік көмектің тәртібі мен талаптары тұрғындарға жан-жақты түсіндірілді.
Көшпелі мәжілісте аудан басшысы ау­данның әлеуметтік-экономикалық дамуы­на тоқталды. Оның ішінде кәсіпкерлік саласын ілгерілету бағытындағы жұмыстарды айтты. Сондай-ақ жақында ХІ халықаралық «Baikonyr Invest» инвестициялық форумына қатысып, онда екі меморандумға қол қойылғанын атады. Оның бірі – индустрияландыру картасына енген «Шаған Жер» ЖШС-нің жылына қуаттылығы 630 тоннаны құрайтын күріш ақтау цехы болса, екіншісі – «Ақжарма-2» ШҚ-ның құны 370 млн теңгені құрайтын шағын пас­терленген сүт зауыты, жылыжай және бау-бақша өнімдерін сақтау қоймасы, күріш ақтау цехы. Бұл жобалар 2020-2022 жылдарды қамтиды.
– Өздеріңізге белгілі, 2018-2020 жылдар аймағымызда шағын және орта бизнесті дамытуға маңыз берілген жыл. Осы жылдардың аясында біз ауданның кәсіпкерлік саласын өркендетуіміз қажет. Оның ішінде ауданда индустриялық жобалар жоқтың қасы. Сондықтан осы бағытта аудан кәсіпкерлерінің мүмкіндігін пайдалана отырып, тиімді жүзеге асыруымыз керек. Биылғы жылдың межесінде кәсіпкерлікті дамыту көрсеткішін 93 процентке жеткізуіміз тиіс. 10 айдың қорытындысымен бұл көрсеткіш 90,5 процент болып тұр. Сондықтан осыған ерекше мән беруіміз қажет, – деді Руслан Рүстемұлы.
Кент пен елді мекендерде өткен көш­пелі мәжілісте аудандық кәсіпкерлік, өнер­­­кәсіп және туризм бөлімінің сектор меңгерушісі Л.Қозыбаева аудандағы жаппай кәсіпкерлікті дамыту жөнінде баяндады. Хабарламашы шағын және орта биз­несті дамытуды қолдау мақсатында аймақ басшысының бастамасымен 2018-­2020 жыл­дар «Қызылорда облысын­да кәсіпкерлікті қолдау жылы» болып белгіленгенін, соған орай ауданда кәсіп­керлікті дамытудың Жол картасы бекітілгенін айтты. Мұнан соң мемлекеттік бағдар­ламалардың іске асу тетіктерін түсін­дірді.
– Жұмыссыздықты азайту бағытындағы «2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы» аясында кепіл мүлігімен қамтамасыз етілген жұмыссыз азаматтар, жастар, ісін жаңадан бастайтын және жұмыс істеп жүрген кә­сіп­керлер максималды сомасы 2500 ай­лық есептік көрсеткішке дейін жеке аза­маттарға, зәкірлі кооперацияларды да­мытуға 8000 айлық есептік көрсеткішке дейін 6 процентпен 5 жылға өз кәсібін жүргізу үшін несие алуға мүмкіндігі бар. Несие «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «Өңірлік инвестициялық орталығы» МҚҰ ЖШС және Микроқаржы ұйымдары арқылы беріледі. Сауда-саттық бағыты бағдарламада қамтылмаған. «Бизнес-Бастау» немесе «Бизнес-Кеңесші» бойынша сетификат болуы шарт, – деді Л.Қозыбаева.
Сондай-ақ сектор меңгерушісі «Мик­робизнес-Қызылорда», «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол кар­тасы-2020» бағдарламасы бойынша кә­сіп­керлікті дамытуға мүмкіндік мол екенін атады. Оған қоса әр ауылдың кәсіпкерлікті дамыту көрсеткішіне тоқталды.
Келесі кезекте 2020 жылдың 1 қаң­тарынан бастап іске асырылатын атау­лы әлеуметтік көмектің жаңа механизмі туралы аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы А.Мұхан түсіндірді. Бөлім басшысы мемлекеттік жәрдемақыны тағайындаудың шарттарын, кімдерге берілетінін атап өтті.
Сонымен қатар көшпелі жиында келер жылдан бастап жүзеге асырылатын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне дайындық барысы туралы аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары С.Бакишева хабарлама жасады. Хабарламашы Заң жобасына сәйкес азаматтарға медициналық қызмет пакетінің 2 түрі ұсынылатынын жеткізді. Оның алғашқысы – базалық пакет. Онда республикалық бюджеттен қаржыландырылатын медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі көрсетіледі. Бұл пакет қазақстандықтардың барлығына қолжетімді. Ол бойынша жедел көмек және санитариялық авиация, профилактикалық екпелер, әлеуметтік маңызы бар аурулар мен шұғыл жағдайлар кезінде көрсетілетін медициналық көмек көрсетіледі. Ал екіншісі – Медициналық сақтандыру қорынан көрсетілетін сақтандыру пакеті. Мұнда амбулаториялық-емханалық көмек, стационарлық көмек (әлеуметтік маңызы бар ауруларды қоспағанда), стационардың орнын басатын көмек (әлеуметтік маңызы бар ауруларды қоспағанда), қалпына келтіру емі және медициналық оңалту, паллиативті көмек және мейіргерлік күтім, жоғары технологиялық көмек көрсетілетін болады. Бұдан бөлек бас дәрігердің орынбасары мемлекет экономикалық белсенділігі төмен халық үшін, яғни Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленетін жарналардан босатылатын азаматтардың 15 санатына тоқталды. Хабарламашыларға тұрғындар көкейдегі сауалдарын жолдап, оған тиісті жауаптар берілді.
Халықпен кездесуде аудан әкімі тұрғындар мәселесін тыңдады. Сұрақтарға бөлім басшылары жауап берді. Атап айтқанда, ауыл­ішілік жол­дарды жөндеу, жарық­тандыру, аяқ су келетін каналға шлюз салу, жер, көл мәселесі, мемлекеттік «Сы­­баға» бағдарламасына, газ­­дандыруға қатысты сұ­рақ қойып, жауап алды. Бар­­лық мәселе бақылауда тұрғанын айтқан аудан басшысы ауданның әлеуметтік мәселелері шешімін табатынын жеткізіп, тапсырмалар берді.

Ердос БЕРКІНБАЕВ

14 желтоқсан 2019 ж. 414 0