Сенім үдесінен шығу маңызды
Жергілікті атқарушы билік тарапынан атқарылатын жұмыстардың барлығы тұрғындардың әлеуетін арттыруға бағытталуы тиіс. Осыған орай елді мекендердегі қордаланған мәселелерді шешу жолдарын кеңінен талқылап, алдағы уақытта жүргізілетін жұмыстарды саралау мақсатында аудан әкімі Р.Рүстемовтің төрағалығымен ауылдық округтерде көшпелі мәжіліс өтті.
Айдарлы ауылынан басталған мәжіліске аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасары, ауыл әкімі, мекеме, бөлім басшылары, ауылдық ардагерлер мен қоғамдық кеңес мүшелері және ауыл тұрғындары қатысты. Жиында аудан басшысы шалғай ауылдардың мәселесі назардан тыс қалмайтынын айтып, тұрғындардың пікірі жұмыс барысында ескерілетінін атап өтті.
– Көшпелі мәжілістің басты мақсаты – тұрғындардың ұсыныс-пікірін тыңдау арқылы елді мекендегі өзекті мәселелерді шешу болып табылады. Осыған орай жиын ашық әрі еркін форматта өтеді, – деп бастады аудан басшысы кіріспе сөзін. Мұнан кейін баяндамашыларға қағазбастылықтан арылып, тұрғындарға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмекті түсінікті тілде жеткізу керектігін ескертті. Сонымен қатар ұсыныс айтушы тұрғындардың барлық сұрағына сала басшылары тарапынан жауап берілетінін жеткізді.
Мәжілісте жаппай кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөнінде аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Е.Ахетов баяндама жасады. Бөлім басшысы соңғы жылдары кәсіпкерлік саласын дамытуға айрықша басымдық беріліп жатқанын айтып, жиынға қатысушы ауыл тұрғындарына мемлекеттік бағдарламалардың тиімді тұстарын түсіндірді.
– Кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті азаматтарға қазір барлық жағдай жасалған. Тегін кеңес беріліп, бизнес жобаларын сүйемелдеу жұмыстары да жүргізілуде. Сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалар мен қайтарымсыз гранттар бар. Мәселен, 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы көп кәсіпкердің өз кәсібін ашуына негіз болды. Бағдарлама бойынша 6 процентпен 18,0 млн теңгеге дейін 5 жылға несие беріледі. Сонымен қатар «Стартап» жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін 100-200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде мемлекеттік гранттар тағайындалуда, – деген бөлім басшысы Айдарлы елді мекені бойынша 5 азамат «Бизнес бастау» курсын оқығанын және 3 тұрғын «Бизнес кеңесші» сертификатын иеленгенін жеткізді. Ауыл халқына алдағы уақытта мал шаруашылығын дамыту бағытында жобалар дайындап, мемлекет тарапынан қолдау алуға болатыны айтылды.
Мұнан кейін аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы А.Мұхан 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап көп балалы отбасыларына берілетін мемлекеттік жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмек туралы хабарлама жасады. Айта кету керек, келесі жылдан бастап жаңа мемлекеттік жәрдемақы отбасылық кіріске қарамастан барлық көп балалы, яғни төрт немесе одан да көп кәмелет жасына толмаған және орта арнаулы, жоғарғы оқу орнында оқитын жасы 23-ке толмаған баласы бар отбасыларға беріледі. Мемлекеттік жәрдемақы төлемінің мөлшері отбасы табысына емес, бала санына байланысты болады. Кедейлік шегі өңірлік ең төменгі күнгөріс деңгейінің 70 проценті мөлшерінде есептеледі. Басты шарт еңбекке қабілетті отбасы мүшелері жұмыс істеуі қажет. Отбасының еңбекке қабілетті мүшесі ұсынылған жұмыстан бас тартатын болса, АӘК тағайындалмайды. Сондай-ақ аз қамтамасыз етілген отбасылар үшін кепілдендірілген пакет енгізіледі. Бұл арқылы мектеп жасына дейінгі балаға тамақ, гигиеналық құралдар берілсе, мектеп жасындағы бала мектепте ыстық тамақпен, құрал-жабдықтармен, киім-кешекпен қамтамасыз етілетін болады.
Мәжіліс барысында 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жөнінде аудандық аурухананың мамандандырылған бөлімінің меңгерушісі С.Ерімбет баяндады. Бөлім меңгерушісінің айтуынша, келесі жылдан бастап Заң жобасына сәйкес азаматтарға медициналық қызметтің екі түрі ұсынылады. Біріншісі, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі көрсетілетін базалық пакет. Бұл ҚР барлық азаматына қолжетімді болады. Аталған пакет бойынша жедел көмек, санитарлық авиация, профилактикалық екпелер, әлеуметтік маңызы бар аурулар мен шұғыл жағдайлардағы медициналық көмек көрсетіледі. Екіншісі, медициналық сақтандыру қоры арқылы көрсетілетін сақтандыру пакеті. Бұған амбулаториялық-емханалық, стационарлық және стационардың орнын басатын көмек, қалпына келтіру емі, медициналық оңалту, полиативті және мейіргерлік күтім, жоғары технологиялық көмек кіреді. Міндетті медициналық сақтандыру қорына төленетін жарнадан азаматтардың 15 санаты босатылады. Олар балалар, «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана», І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденінің иегерлері, ҰОС ардагерлері мен мүгедектері, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жұмыссыз ретінде тіркелгендер, интернатта оқитын және тәрбиеленетіндер, күндізгі бөлімде оқитын студенттер, бала тууына немесе асырап алуына және 3 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты демалыста отырғандар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, зейнеткерлер, әскери қызметкерлер, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органы қызметкерлері, сот үкімімен жазасын өтеушілер, уақытша ұстау және тергеу изоляторындағы азаматтар. Атап өту керек, жұмыс берушілер жалданған жұмысшылар үшін жарна төлейтін болса, салық органына тіркелген немесе өзін-өзі жұмыспен қамтитын азаматтардың өздері жарна төлейді.
Ауыл тұрғындары үшін көптеген маңызды мәлімет айтылған мәжілісте тұрғындар өздерін толғандырған тақырыптар бойынша сала мамандарына сауалдарын жолдап, жауап алды. Аудан басшысы мекеме басшыларына әрбір тұрғынның сұрағы мен көтерген мәселесін мұқият тыңдап, шешу жолдарын қарастырып, нақты жауап беруді тапсырды.
Күн тәртібінде үш мәселе талқыланған және ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірі тыңдалған көшпелі мәжіліс Жетікөл, Аманкелді, Бесарық, Қоғалыкөл, Шіркейлі, Н.Ілиясов, Ақжарма, Іңкәрдария, Шаған ауылында өтті. Мәжілісте жаппай кәсіпкерлікті дамыту, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілетін атаулы әлеуметтік көмек пен міндетті медициналық сақтандыру жүйесі жөнінде ауыл тұрғындарына түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ ауылдың өзекті мәселелерін шешу жолдары қарастырылды. Көшпелі мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі Р.Рүстемов тиісті хаттамалық тапсырма түзілетінін, арнайы іс-шара жоспары қабылданып, нақты жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.
А.ИБРАГИМҰЛЫ