Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауданға 54 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды

Ауданға 54 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды

Аудан әкімі Руслан Рүстемов Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында жергілікті БАҚ өкілдеріне арнап баспасөз брифингін өткізді. Брифингке журналистермен қатар, әлеуметтік желі белсенділері мен блогерлер және тиісті сала басшылары қатысты.
Баспасөз мәслихатында аудан басшысы 2019 жылдың есепті мерзіміндегі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары жөнінде мағлұмат берді. Ең алдымен экономикалық өсім мен аудан бюджетіне тартылған инвестиция көлемі жөнінде айтқан аудан әкімі барлық маңызды салалар бойынша дамудың оң динамикасына қол жеткізілгенін атап өтті.
– 2019 жылдың 1 қарашасына аудандық бюджеттің түсімі 10 млрд 670 млн теңге көлемінде қалыптасты. Оның ішінде 4 млрд 728 млн теңге өз кірістеріміз. Ал бюджет шығыстары 99,5 процентке орындалса, жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің шығындар жоспары 1 млрд 293 млн теңге көлемінде атқарылды. Ағымдағы жылдың 1 қарашасына аудан экономикасына 54 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Ауданның өндіріс орындары 1 млрд 349 млн теңгенің өнімін өндіріп, көрсеткіш 1,7 процентке артты. Өңдеу саласындағы өнім өндіру көлемі 2,1 процентке ұлғайды, – деген аудан басшысы аграрлы ауданның дамуы жаңа белестерге көтерілгеніне назар аударды. Оның ішінде аудан бойынша 21 050 гектарға күріш егіліп, сырдариялық күрішшілер орташа есеппен 63,5 центнерден өнім алған. Сәйкесінше 1 337 533 центнер көлемінде астық жиналған.
– Облыс орталығында егін жинау науқанының қорытындысы бойынша өткен салтанатты жиында марапат биігінен көрінген дала диқандары арасында Сырдария ауданының озат күрішшілері де бар. Жыл қорытындысымен «Озат шаруашылық» аталымы бойынша жүлделі І орынмен «Мағжан және К» серіктестігінің төрағасы Дархан Ералиев мараптталса, «Озат бригадир» аталымы «Ақжарма және К» фермерлік қожалығының еңбеккері Әділхан Қараевқа берілді. Ал «Шаған Жер» серіктестігінің күрішшісі Ербол Абляхов пен «Мәді Қажы» серіктестігінің күрішшісі Жәнібек Ыбыраев «Озат күрішші» атанды. Сондай-ақ бірқатар аудан диқаны ҚР ауылшаруашылығы министрілігінің Құрмет грамотасымен, «Еңбек даңқы», «Ы.Жақаев атындағы» төсбелгімен марапатталды. Аталған жетістіктің барлығы адал еңбек пен зор ізденістің нәтижесі. Атап өту керек, «Мағжан және К» серіктестігінің төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Дархан Ералиев өзі басқаратын серіктестіктің адал еңбекті ту еткен 7 маманына, «Бесарық» серіктестігінің төрағасы Дәулет Сәрсенбаев 3 маманына, «Мәді Қажы» серіктестігінің төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Сейткамал Сұлтанов 1 қызметкерге жаңа автокөліктің кілтін тапсырды. Сонымен бірге «Жан Арай» серіктестігінің директоры Бақдәулет Мақашев үздік бір маманына 1 млн теңгенің және екі маманға 500 мың теңгенің сертификатын берді. Бұл қажырлы еңбекке көрсетілген лайықты құрмет және егіншілерді жемісті жұмыс жасауға ынталандыратын айрықша қолдау, – деді аудан әкімі.
Мұнан кейін аудан басшысы халықты арзандатылған азық-түлікпен қамтамасыз ету бағытында 4 рет ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылғанын атап өтті. Жәрмеңкеде тауарлар нарық бағасынан 15-20 процент төмен бағада саудаланып, 65 млн теңгенің 545 тонна өнімі сатылған.
Бүгінгі таңда Тереңөзек кентіндегі жаңа шағын ауданды электрмен жабдықтауға 465 млн.теңге қаржы бөлініп, жұмыс жүргізілуде. Аталған шағын ауданға ауыз су жүйелерінің және автомобиль жолының құрылысын жүргізу үшін тиісті министрлікке қажетті 1 млрд 716 млн теңге қаржыға ұсыныс берілді. Ұсыныс қолдау тапса, 692 жер учаскесі пайдалануға беріліп,кент бойынша жер кезегінде тұрған 692 адамның жер мәселесі шешімін табатын болады.Құны 916 млн теңгені құрайтын 4 тұрғын үйдің құрылысы республикалық бюджеттен қаржыландыруға ұсынылды. Осы жоба іске асырылған жағдайда тұрғын үй кезегінде тұрған 455 отбасының 78-і  баспаналы болады, – деген аудан басшысы автокөлік жолдарының жөнделуі күн тәртібінен түспейтінін айтты.
– 2019 жылға республикалық бюджеттен Сырдария ауданындағы «Қызылорда – Әуежай – Қоғалыкөл – Шіркейлі» жергілікті маңызы бар автомобиль жолы мен Бесарық ауылына кіреберіс автожолды күрделі жөндеуді бастауға 601,7 млн теңге және жергілікті бюджеттен Тереңөзек кентіндегі Нағи Ілиясов көшесінен Қасым Бөдеев көшесіне дейінгі жол құрылысына 63,8 млн теңге қаржы бөлініп, жұмыстар аяқталды. Сондай-ақ Асқар Тоқмағамбетов елді мекеніндегі 3 көшенің орташа жөндеу жұмыстарына 42,4 млн теңге қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда көшелерді жөндеуге байланысты 3 млрд 700 млн теңге көлемінде дайындалған 30 жоба бар. Жол жөндеу жұмыстары бюджет шығыстарының ең ауқымды бөлігі. Сондықтан күрделі учаскелердің барлығын бірден қамтуға бюджеттің мүмкіндігі келмейді. Десе де, алдағы 2020-2022 жылдар аралығында осы жобаларды іске асыру үшін тиісті жұмыстарды атқаратын боламыз, –  деді Руслан Рүстемұлы.
Брифингте аудандық көгілдір отынмен қамту жұмыстарының жүргізіліп жатқаны да айтылды. Жалпы құны 2 млрд 400 млн теңгені құрайтын Тереңөзек кентін газдандыру жұмыстары 2 жылға жоспарланған. Газ құбырлары желісінің құрылысын «Әлия-Сервис» серіктестігі жүргізуде. Серіктестік биылғы жылы кенттің бірқатар көшесін және 9 әлеуметтік нысанды газға қосуды жоспарлауда. Ал алдағы жылы 11 әлеуметтік нысанның қазандықтарын газға лайықтандыру үшін жоба-сметалық құжаттама әзірленген. Асқар Тоқмағамбетов, Қалжан ахун, Сәкен Сейфуллин елді мекендерін көгілдір отынмен қамту мақсатында жоба-сметалық құжат әзірлеу үшін бюджеттік өтінім ұсынылған.
Ауданда кәсіпкерлік саласының дамытуға айрықша басымдық берілуде. 2019 жылдың 1 қарашасына аудан бойынша 2313 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, оның 2095-і жұмыс жасап тұр.
– Жыл басынан бері кәсіпкерлікті қолдаудың барлық бағдарламалары бойынша 763,6 млн теңгенің 285 жобасы қаржыландырылып, 269 жұмыс орны ашылды. «Қызылорда: түрақты  өрлеу, инвестициялық  ынтымақтастықүшін  жаңа  мүмкіндіктер» тақырыбындағы ХІ «Baikonyr Invest»  халықаралық  инвестициялықфорумы аясында «Ақжарма 2» шаруақожалығымен құны 370 млн теңгені құрайтын жоба бойынша ынтымақтастық меморандумын жасадық. Жоба іске асырылғанжағдайда 33 адам жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ «Шаған» шаруа қожалығының «Қуаттылығы жылына 630 тонна күріш ақтау  цехының құрылысын салу» жобасы «Индустрияландыру картасына» енгізілді. 150 млн.теңгені құрайтын жоба жүзеге асса, айына 70 тонна күріш ақталып, 25 адам жұмыспен қамтылады.  Аудандық жұмыспен қамту орталығына 2068 тұрғын хабарласып, 1176 азамат жұмыспен қамитылды. Оның ішінде 650 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының бірінші бағыты аясында қайта даярлау курсын 86 адам оқыды. Жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін 16 азамат мемлекеттік грантты ұтып алды. Аудан бойынша мүмкіндігі шектеулі 32 азаматты тұрақты жұмысқа орналастыру жоспарланған болса, жыл басынан бері 41 адам тұрақты жұмысқа орналасты. «Тереңөзек жастары» қоғамдық қоры арқылы аудандағы 22 жасқа мемлекеттік грантқа қатысу үшін 3,6 млн теңге көлемінде қолдау көрсетілді. Айдарлы, Шіркейлі, А.Тоқмағамбетов, Ақжарма ауылдық округтерінде «Жастар бригадалары» құрылып, 47 жас жұмыспен қамтылды. Атаулы әлеметтік көмек алуға жүгінген отбасылардан 20 адам тұрақты жұмысқа орналасса, 174 адам қоғамдық, 9 адам жастар тәжірибесіне жіберіліп, 1 адам қысқа мерзімді курсқа тартылды, – деді аудан әкімі.
Баспасөз брифингі барысында ауданның білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, құқық қорғау салалары бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде де кең көлемді мағлұмат берілді. Брифинге қатысушылар аудан басшысына бірқатар сұрақ қойып, жауап алды.


Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
05 желтоқсан 2019 ж. 1 057 0