Құндылықты құлдыратпас үшін не істеу керек?
Қазіргі әлемдік қауымдастықта рухани дағдарыс басымдық ала бастаған кезде дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту мәселесі өзекті тақырыпқа айналды. Бүгінгі қоғамды толғандыратын дүниенің бірі – діни қарым-қатынастарды реттеуге бағытталған заңнаманың елімізде деструктивті діни ағымдардың таралуына қаншалықты тосқауыл бола алатындығы, діннің атқаратын рөлі, мемлекетіміздің зайырлылық құрылымы.
Жалпы мемлекеттік саясаттың басты құндылығы – қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Осы тұрғыда аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен «Иман-2013» қоғамдық қоры қоғам қайраткері Сәпен Аңсатовтың, айтыскер ақын Мамыр Байдәулетовтың және «Алтын домбыра» иегері, Замеддин Ибадуллаев атындағы дәстүрлі жыршы-термешілер клубының жетекшісі Мұхтар Ниязовтың қатысуымен тұрғындармен келелі жиын өтті. Кент ардагерлерінің, ұстаздар қауымының, жастардың басын қосқан кездесуде ұлттық болмыс, ұрпақ тәрбиесі, ұлттық құндылық тақырыбында әңгіме өрбіді.
Рухани әңгіменің алғашқы тізгінін ақын Мамыр Байдәулетов алды. Ақын діни тақырыпты қозғамас бұрын салт-дәстүр туралы ұғымдарды ұғынықты тілмен түсіндіріп берді. Ата-ана разылығы, көрші ақысы мен ағайын хақысы төңірегінде тағлымды пікір білдірді.
– Қоғамды түгел алаңдататын мәселе – ол несие дер едім. Бұрын әр отбасында болатын жиын, той-томалақ, ас-құдайы ағайынның көмегімен, асармен бітетін болса, қазір адамдарда «ешкімге жалбарынбау, күнімді түсірмеу» деген теріс пиғыл қалыптасып барады. «Ешкімнің көмегінсіз атқарамын» деген ниетпен адамдар банк деген «ағайынға» тәуелді болуға мәжбүр. Аста-төк, даңғаза тірлік айналып келіп қарызға батырады. Қазір ағайын арасындағы қарым-қатынас, абысын-ажынның татулығы, балалардың бауырмалдығы азайды. Себебі басыңа түскен тірлікті сырттан бітіруге тырысасың. Барлығын мейрамханадан атқару арқылы, «ешкімнің мазасын алмаймын» деп қате ойға келесің. Ағайынның басын біріктірмейтін мұндай келеңсіздіктер жойылмайынша, ұлтымызға төнген қауіптен арыла алмаймыз. Қарапайым ғана мысал, мал бауыздағанда айтылатын екі ауыз сөз, ас ішердегі әдеп, Құбыла туралы түсінік – атадан балаға берілетін тәрбиенің бір бөлшегі. Ана-ана балаға қандай тәрбие беретіні өзіне байланысты. Алдымен өзіңді түземей, балаңа дұрыс тәрбие бермейсің. Себебі бала көргенін жасайды, айтқаның бір басқа, істеген ісің бір басқа болса, тәрбиеңнің кері кеткені. Бүгінгі ұрпақты жолдан тайдырып отырған мына қолыңыздағы ұялы телефон. Телефонды қадағаламай, балаңызды жөнге сала алмайсыз, – деді М.Байдәулетов.
Келесі сөз кезегін алған ақын Мұхтар Ниязов ұрпақтың санасын улап жатқан теріс дүрбелең туралы ой қозғады.
– Жұмыртқа тауыққа ақыл айтпайды, – деп сөзін бастаған М.Ниязов, – Әр нәрсенің пайымын өз ісінің маманы айту керек. Қазір үлкендердің өзі отбасында отырып өсек айтады, ал оны естіп отырған бала қандай тәрбие алатыны айтпаса да түсінікті. Жамандық жасау оңай, басында қорқыныш болуы мүмкін, бірақ ондайға да үйреніп кету одан да жеңіл. Күн сайын әлемде болып жатқан оқиғаларды естігенде, жан түршігеді. Адамның санасын билеп алудың үш-ақ жолы бар. Біріншісі – жұлдыз ауруы, екіншісі – спорт және үшіншісі – анайылық. Осы үш жағымсыз әрекетке түспейтін адам жоқ. Гитлердің «Елді алжастырамын десең, азаннан кешке дейін музыка қой» деген сөзі бар емес пе?! Адамды арбайтын музыка шын мәнінде азғындыққа дейін апарады. Ұрпағыңды масылдықтан арылтамын десең, тәрбиенің дұрыс берілгені абзал. Қазақтың батыры Бауыржан Момышұлы қазаққа өзінің қарым-қабілетімен үлгі. Ол соғыстан қайтқанда 39 қалың дәптерге жазылған жазбаларын өзімен бірге ала келген. Дәптерге батыр соғыстың түрлі әдіс-тәсілдерін, көзімен көргендерін жазған. Себебі болашақты ойлаған, – деді Мұхтар Ниязов.
Келесі кезекте «Қазақы дүниетаным және ұрпақ тәрбиесі» тақырыбын қозғаған қоғам қайраткері Сәпен Аңсатов сананы жаңғыртудың жолын тарқатты.
– Рухы мықты болу үшін жалған патриотизмнің қажеті жоқ. Халық пен биліктің арасындағы сенім қалыптаспайынша қоғамда алға жылжу болмайды. Билер институты, қарттар институты, елдің рухани басшысы болуы керек. Дінге деген адалдық дүниетанымыңды кеңейтеді. Дүниетанымның ғылыми және ұлттық деген түрлері бар. Ұлттық дүниетаным – сенімге, танымға, қоршаған ортаға қатынас қалыптастыратын негізгі өлшем, – деген қоғам қайраткері мысалдар елтірді.
– «Басқа пәле тілден» демекші, баяғыда бір ғұламаның тілі ащы әйелі болыпты. Оның осындай жаман қасиетін қандай амал істесе де қойдыра алмапты. Ағайынының «Мұндай «жаман» әйелден ажырасып қана құтыласың» дегеніне «Менің әйелім – алтын құрсақты ана. Алтын асықтай алты ұлды дүниеге әкелді. Олар қазір алты рулы елдің басында отыр. Мен осындай балаларымның анасынан қалай ажыраймын» деген екен. Түсінгенге бұл да бір тәрбие, – деді С.Аңсатов.
Сонымен қатар қайраткер ел арасында жүріп, аузы дуалы кісілерден естіген білгендерінен де мысал айтты. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында келелі пікірін ортаға салды.
Рухани тәрбиенің қайнар көзі – тағылымды сөз. Қоғам өміріне бағдар болған шарада адамгершілік, өнегелелік, тұрақтылық пен бейбіт өмірді сақтау тұрғысында келелі әңгіме өрбітті.
Б.ЖАНӘЛІ