Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ДІНДІ ҰСТАЙ АЛСАҢ – ҚАСИЕТІҢ, ҰСТАЙ АЛМАСАҢ – ҚАСІРЕТІҢ

ДІНДІ ҰСТАЙ АЛСАҢ – ҚАСИЕТІҢ, ҰСТАЙ АЛМАСАҢ – ҚАСІРЕТІҢ


«Отаны бірдің – тілегі бір, тілегі бірдің – жүрегі бір» – деген ұлағатты сөз бар екені мәлім. Жүзі басқа болса да жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір, діні басқа болса да Отаны бір қаншама ұлттар мен ұлыстарды біріктіріп, азаматтық бейбітшілік пен конфессияаралық келісімді сақтап, татулық пен сенімділікті серік етудің арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері қадам басып келеді.
Егемендігімізге қол жеткізгеннен бері алғашқы дін туралы «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заң 1992 жылы қабылданды. Бұл құжат діни бірлестіктер заңнама шеңберінен шықпаған жағдайда мемлекет тарапынан олардың ісіне қол сұғылмайтындығына кепілдік берді. Араға 19 жыл салып, заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Яғни, 2011 жылы Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы Заңы өз күшіне енді, оның біздің қоғам үшін маңызы орасан зор. Ол азаматтық қоғамды ілгері жылжытуға өзінің айтарлықтай ықпалын тигізеді. Сондықтан қандай да бір зайырлы мемлекет дінге қатысты өзінің ұлттық заңнамасын түпкілікті айқындап алуға міндетті. Ресми ақпарат көздеріне сүйенсек елімізде заң аясында тіркелген 18 конфессия атынан өкілдік ететін 3658 діни бірлестік пен олардың филиалдарының қызметін қамтамасыз ету үшін қажетті жағдай жасалған. Олардың ішінде саны жағынан ең көбі-ханафи мазхабындағы ислам мен православиелік христианшылық. Сонымен қатар католиктер және протестанттар конфессиялары, иудейлер, буддашылар және басқа да қауымдар бар. Республикада 3464 ғибадат үйі тіркелген, оның ішінде 2550 мешіт, 294 правос­лавие және 109 католик шіркеуі, 495 протес­тант храмы мен ғибадатханасы, 7 иудей синагогасы, 2 буддашылар храмы, 7 «Кришна санасы қоғамы» және бахаи қауымының ғибадатханасы бар. Жұмыс істеп тұрған 2550 мешіт «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» республикалық діни бірлестігінің (бұдан әрі - ҚМДБ) меншігіне кіреді. Соңғы жылдары ҚМДБ филиалдарының саны, әсіресе, Алматы, Қарағанды, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында көбейгені байқалады.
Дегенмен, әлем елдерінде дінді жалау еткен теріс ағым жетегіндегілер әр жерде жарылыс, қанқұйлы шабуыл жасап жатыр. Оның кесірі халыққа тиюде, оның салдарынан мыңдаған жазықсыз жандар жапа шегуде. Ондай теріс ағым жетегіндегілер халық татулығының арасына сына қағушылар, экстремистер деп аталады.
Діни экстремизм мен терроризм радикализмнің кең тараған түрлері болып табылады. Экстремизм мен терроризм идеологтары дінді пайдаланып, діни риторикалық ерекше әдістерін қолдана отырып, халықтың белгілі бір топтарының ой-санасына теріс ықпал етуде. Көп жағдайда әлеуметтік белсенділігімен ерекшеленетін, идеологиялық ықпалға тез түсетін қоғамның ерекше тобы саналатын жас­тар теріс пиғылды діни насихаттық топтардың құрбанына айналып отыр. Жас ерекшеліктеріне қарай ізденгіш және білуге құмар болып келетін жастар қылмыс әлемінің, соның ішінде шетелдік және Халықаралық субъектілердің тарапынан айлакерлікпен жасалып жатқан идеологиялық тұзаққа жиі түсіп жатады.
Осы орайда аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен «Иман–2013» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен,аудандық кент мәдениет үйінде республикалық деңгейдегі дін саласындағы білікті мамандарының қатысуымен кездесу өтті. Кездесуге Нұр–Мүбәрак университетінің аппарат жетекшісі, ҚМДБ жанынан құрылған республикалық ақпараттық насихат тобының мүшесі Р.Әкімбеков, облыстық ішкі істер басқармасының «Діни бірлестіктермен жұмыс жасау» бөлімінің басшысы Е.Есов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Мырзахметова, АТТ мүшелері, АІІБ-нің жергілікті полиция қызметкерлері, ҮЕҰ-дар, мешіт имамы мен жас­тар қатысты.
Кездесуді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Мырзахметова ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібінде екі мәселе қаралған кездесудің мақсаты қазіргі таңда әртүрлі діни ағымдардың көбейіп бара жатқандығына, дәстүрлі ислам және ұлттық құндылықтар, экстремизм идеологтарының ғаламтор желісін пайдалануы туралы ақпараттық–түсіндіру топтары арқылы халыққа кеңінен насихаттау. Мемлекеттік саясаттың басты құндылығы қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып табылады. Соңғы уақытта жұртшылықты қоғамдағы діннің атқаратын рөлі, мемлекетіміздің зайырлы құрылымы, діни қарым-қатынастарды реттеуге бағытталған заңнаманың елімізде деструктивті діни ағымдардың таралуына қаншалықты тосқауыл болатыны секілді өзекті мәселелер талқыланды.
Тәуелсіздік құндылықтары мен патриотизмді нығайтуға және елдегі тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтап, жастар бойында отансүйгіштікті қалыптастыруға, дәстүрлі дінді ұлықтауға арналған кездесуде жастар өз ойларында жүрген сауалдарын қойып, тұщымды жауап алды.

Айдана МАРАТҚЫЗЫ

06 маусым 2018 ж. 1 181 0