Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Дүниежүзілік сабақта көтерілген мәселе

Дүниежүзілік сабақта көтерілген мәселе

ҚР-ның «Бала құқықтары туралы» Конвен­цияны қабылдауының 30 жылдығы мен рати­фикациялауының 25 жылдығына орай Терең­өзек кентіндегі №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектепте жоғары сынып оқушыларымен «Бүгінгі шақ және болашақ: әр бала үшін қорғаныс қамтамасыз етілген балалық шақ» атты Дүниежүзілік сабақ өткізілді.
Тарих пәнінің мұғалімі, «Құқық» үйірмесінің жетекшісі Жанар Шәкизадақызы балалар құқығына арналған сабағын қарапайым мысалдан бастап, тың деректермен толықтырып жүргізді.
– Адамдарды, соның ішінде бала құқығы мәселесі әр ел үшін өзекті мәселенің бірі. Бала құқығы туралы алғаш көтерген ел Франция болған. «Бала құқығын жариялау» атты құжатты 1792 жылы қабылдаған. Одан 17 жылдан кейін Швеция адам құқығына мониторинг жасайтын тәуелсіз органды құруды ұсынған. Себебі адам құқығын бұзу фактісі барлық елде кездесетін. Сондай-ақ Швеция­­­да ер азаматтарға физикалық жазалау әйеліне, баласына қолдануға рұқсат берілген. Соның салдарынан отбасы мүшелерін өлтіруге дейін апару жағдайлары орын алған. Осыған орай балалардың құқықтарын қамтамасыз етудің мемлекеттік рөлі ескеріліп, ХХ ғасырдың 20 жылы тұңғыш рет Германияда бала құқықтары туралы заң қабылданды. 1946 жылы ЮНИСЕФ Балалар қоры құрылды. Балалар құқықтары туралы декларация, одан кейін 1959 жылы Бала құқықтары туралы Конвеция қабылданады. Бұл Конвенцияны ратификациялау қажеттілігін 159 ел мақұлдады. Қазақстанның Тәуелсіздігін алғаннан кейінгі алғашқы қадамы – Конвенцияны ратификациялау болды, – деді білікті ұстаз сабақ барысында. Бұл айтылғандардың барлығы бейнесюжет арқылы оқушыларға жеткізілді. Өз кезегінде оқушылар өз­­­­дерінің құқықтарын қорғау туралы пікірлерін білдірді.
Дүниежүзілік сабақ қорытындысында мектеп директоры Ә.Көшербаева, мектеп инспекторы Т.Маханов сабақтың жоғары дәрежеде өткізілгенін, балалар өз құқықтарын қорғау туралы жан-жақты мағлұмат алғандарын атап өтті.

Ш.БАЛТАБАЙҰЛЫ

19 қараша 2019 ж. 678 0