Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр күрішін өсіруден аты шыққан

Сыр күрішін өсіруден аты шыққан

Ақжармалықтар ертеден жер тырмалап, егін егіп, Сыр күрішін өсіруден аты шыққан диқан халық. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Абат Сүлейменов, бүгінде өз ортамызда жүрген Одақ кезінде КСРО жоғарғы кеңесінің депутаты атанған Нәзира Сисенова және даңғайыр диқан Балапан Арзымбетовалар осы ауылдан шыққан егінжайдың ерлері.
Атадан балаға мұра болып келе жатқан сол диқаншылық кәсіпті бүгінде ауыл орталығында орналасқан қос шаруашылықтың еңбеккерлері лайықты жалғастыруда. Бұл екі еңбек ұжымының басшысы облысқа, республикаға белгілі ауыл шаруашылық өндірісін шебер ұйымдастырушылардың перзенттері.
Бүгінгі мақаламыз аудандық мәслихат депутаты Марат Алдабергенұлы Бисенов басқаратын «Ақжарма – 2» шаруа қожалығының биылғы егін жинау науқанындағы жетістіктері жайлы болмақ.
250 АДАМ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛҒАН

Бұл шаруа қожалығы 250 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ал науқан кезінде қосымша 50 адам еңбекке тартылады. Бұл еңбек ұжымында жұмыс жыл бойы тоқтамайды деген сөз. Көктем мен жаздай егін егіп, оны күтіп баптау қолға алынса, күзде егін жинау, одан кейін келер жылдың егініне негіз қаланып, сүдігер жырту басталады. Қараша айының аяғында егінші-механизаторлармен бір айға жуық агросабақ өткізіледі. Аталған оқуды шаруашылықтың бас мамандары жүргізіп, «алдағы жылғы егісті қанша көлемде, қай жерге егеміз» деген мәселелер қозғалып, жердің құнарлығын арттыру басты назарда болады.
Қожалықта 300-ге жуық ірі қара бар. Оның 50-і сауын сиыр. Одан өндірілген өнім шаруашылықтың ішкі қажеттілігіне жұмсалады. Бүгінде механизаторлар мал фермасына қысқа жететін жем-шөп базасын жасау үшін тасымалмен айналысуда.

ДИҚАНДАР ЕРЛЕДІ

Биыл «Ақжарма – 2» шаруа қожалығының еңбеккерлері ерледі. Шаруашылық бойынша көктемде 2000 гектар алқапқа күріштің «Лидер» сорты егілген болатын. Алажаздай белі бүгіліп, маңдайын күн сүйіп, ерінбей еңбек еткен диқандар берекелі мол өнімге қол жеткізді. Сөйтіп әрбір гектардан 75 центнерден өнім алынды. Мұндай жасампаз еңбекке күрішшілермен қатар механизаторлардың, бас мамандардың, бригадирлердің үлесі мол. Егін жинау қорытындысында Нұрлан Иманбеков басқаратын №2 бригада шаруашылықтың алды болды. Озат бригада 346 гектар алқапқа Сыр салысын өсіріп, оның әрбір гектарынан 67,3 центнерден өнім алды. Негізінен диқандардың көпшілігі жоғарғы көрсеткішке қол жеткізді. Дегенмен олардың арасынан үздік шыққан №1 бригададан Мұрат Бердешовты, №2 бригададан Бекен Кәрібаевты, №3 бригададан Дастан Дүйсеновты атап өтуге тиіспіз.


ОРЫНБЕКТІҢ ОРҒАН ЕГІНІ-АЙ...


Астық бастыратын комбайнның капитаны Ерлан Күшікбаевтың еңбегіне ел риза. Ол бір мау­сымда «Торум-750» шетелдік комбайнымен 42623,7 центнер астық бастырды. Бұл ретте Ерланға теңесетін ауданда механизатор жоқ десек артық айтқандық емес. Сыр салысын орудан жыл сайын шаруашылық чемпионы Орынбек Нұрматаевтың да ерен істері ауылдас­тарына үлгі. Ол көптен үйреніскен «Енисей ЖРК» және шетелдік «Магдон» комбайнымен де егін орудан алдына жан салған емес. Биыл Орынбектің бір өзі орған егінінің көлемі 718 гектарды құрады. Рекордтық көрсеткіш емес пе?
Тасымалдаушылар Сәрсен Мүтәнов пен Тұрар Күшікбаев егінжай мен қырман аралығында екпінді еңбектерімен көрінді. Сәрсен маусымда «Камаз» автокөлігімен 39464 центнер, Тұрар «ХТЗ –150» трактор тіркемесімен 36578 центнер астық тасымалдауды қамтамасыз етті.
Егін шығымды болып, астық жинауды шебер ұйымдастырғаны үшін Бекболат Байділдаев шаруашылық бойынша «Үздік агроном» атанды.

ЖОҢЫШҚАДАН ЖОҒАРЫ ӨНІМ

Мал азығына жататын дақылдардан жоңышқа құнарлылығымен ерекшеленеді. Биыл Ақылбек Әлмағанбетов 206 гектар алқапқа жоңышқа егіп, оның әр гектарынан 20 центнерден өнім алды. Сөйтіп шаруашылықта жем-шөптің мол қорын жасауға лайықты үлес қосты.
Егіннің бітік өсуіне атызға келетін су мөлшерінің қалыпты деңгейде болуының маңызы зор. Сонау ерте көктемде шаруашылық гидротехнигі Ермұрат Махан басшылығымен бірнеше каналдардың 28 шақырымдай қазылуы су арналарын реттеу­ге септігін тигізді. Осыған орай шаруашылықта жер қазатын техникалар, оның ішінде экскаватор да бар.


ӘЛЕУМЕТТІК САЛА – НАЗАРДА



«Ақжарма – 2» шаруа қожалығы ауыл тұрғын­дарының әлеуметтік жағдайына көңіл бөліп, көмек көрсетіп келеді. Шаруашылық мүмкіндігі шектеулі Хамит Медетбаев үйінің шатырын жаңалап берді. Ауылдағы көп балалы отбасылардың үйлерін жөндеуге де шаруашылықтан 2 млн теңге қаржы бөлінді.
Кемел елдің келешегі – білімді ұрпақ болатын болса, ауылдағы №130 Абай атындағы орта мектеп оқушыларына да демеушілік көмек көрсетіліп отыр. Жазғы демалыс кезінде шаруашылық 1 млн теңге қаржы бөліп, 15 оқушыны Көкшетау өңіріндегі «Орман ертегісі» лагерінде демалдырды. Биылғы жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» акциясына қатысып, 25 оқушыны оқу құралдарымен, өздерінің қалаған киім-кешектерімен қамтамасыз етті.
«Үлкен – үйдің берекесі» дегендей, қарттар күнінде ауыл бойынша 117 қартқа 25 келіден күріш таратылды және осы қарттардың үйіне 50 данадан жоңышқа пресс түсіріліп берілді.


АЛДАҒЫ ЖОСПАР АУҚЫМДЫ



Ынтымағы жарасқан Ақжарма ауылында осындай берекелі тірліктер жасалуда. Биылғы егін жинау қарсаңында «Ақжарма – 2» шаруа қожалығында еңбек ететін жас мамандар аудандық мәслихат депутаты М.Бисеновтің демеушілігімен ауыл ортасынан «Жастар аллеясын» тұрғызған болатын. Қазіргі таңда бұл аллея үлкен-кішінің демалатын көрнекті орнына айналды.
Шаруашылық басшысы алда атқарылатын істердің жоспарымен бөлісті. Біздің газетімізде шаруашылықта алма бақтың бар екендігі, оның биыл жеміс салып жатқандығы жан-жақты жазылған болатын. Осыған орай кем дегенде 50 тонналық көкөніс, жеміс-жидек сақтайтын қойма салу алдағы жылдың еншісінде. Жылыжай салу, қырманға заманауи үлгіде диірмен орнату жоспарға енгізілген. Сондай-ақ сүтті пастерилизациялайтын цех салу да көптен бері көкейде жүр. Бұл мәселелер алдағы жылы шешіледі. Мұнымен қатар алдағы жылы жер тегістеуге мән беріледі. Өйткені атыздағы су бір деңгейде жайылса, өнім де мол болмақ.
Ақжармалықтардың абыройлы еңбегі жыл бойы толастамақ емес.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ
29 қазан 2019 ж. 910 0