Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » АУЫЛҒА ЖАҢА ЖЫЛДЫҚ ШЫРША ОРНАТТЫ

АУЫЛҒА ЖАҢА ЖЫЛДЫҚ ШЫРША ОРНАТТЫ


Ит жылы ақжармалықтар үшін де табысты болды. Аудандық мәслихат депутаты Марат Бисенов басқаратын "Ақжарма-2" ШҚ биыл 2237 гектар алқаптан 50 центнерге жуық Сыр салысын жинады. "Дән болса, ән болады" дегендей іскер басшы жыл қорытындысына орай ауылдық мәдениет үйінде жылдық есебін беріп, озаттарды марапаттады. Салтанатты кеш концерттік бағдарламаға ұласты.
Жыл қорытындысында №2 өндіріс бригадасының жетекшісі Нұрлан Ишанбек "Озат бригадир" номинациясына ие болып, сыйлыққа соңғы үлгідегі су жаңа «Нива» көлігін алды. Астық бастыратын комбайндардың түрлері бойынша да озат комбайншылар да белгіленіп, оған Ерлан Күшікбаев пен Достан Алтынбеков лайық деп танылды. "Озат күрішші" номинациясымен Темірбек Сағынаев, Аралбай Қожалақов, Қанат Шадаев марапатталды. "Озат жаткист" номинациясына аудан чемпионы Орынбек Нұрматаев ие болса, Темірхан Ермаханов пен Сейсенбай Сейілов "Озат тасымалдаушылар" деп танылды. Мерекелік кеште механизатор Талғат Маханбетов пен күрішші Аралбай Қожалақовты ұжымдастары құрметпен зейнет демалысына шығарып салды. Сондай-ақ жыл бойы еселі еңбек еткен, шаруашылықтың түрлі саласына 65 адам марапатталып, бағалы сыйлық алды. Озат шаруашылықтың ауылға жасаған сыйы да ерекше болды. Орталық алаңға биіктігі 7 метр, құны 1 млн. теңге болатын шырша орнатылды.

Ш.БАЛТАБАЙҰЛЫ
05 қаңтар 2019 ж. 888 0