Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Молшылық айында ырыс-несібесін арттырды

Молшылық айында ырыс-несібесін арттырды

Күз – береке мен молшылық айы. Ырысты, күрішті Сыр өңірінде егін жинау науқаны мәреге жетті. Қамбаны қызыл дәнге толтырған аудан шаруашылықтарының қатарында «Асқар Тоқмағанбетов – ЛТД» ЖШС де бар.
«Елде болса, ерінге тиеді» дегендей ақиық ақын атындағы шаруашылықтың ауылға жасап отырған қамқорлығы ауыз толтырып айтарлықтай. Биыл Алла Тағаланың жердегі үйі мешіт жанынан 150 орындық асхана пайдалануға берілді. Ауыл орталығынан 20 орындық тазалық орны – қоғамдық монша салынды. Жыл сайын мектеп бітіруші түлектер білімге ынталансын деп оларға жоғарғы оқу орнында пайдалануға қажетті құралдар сыйға беріледі. Ауылдың 80-нен астам тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Қарттарға да қамқорлық танытып, ардагерлер бөлмесін жабдықтады. Мұның барлығы шаруашылық директоры Меңдіғали Есжановтың іскерлігінің, көпшілікті ортақ іске жұмылдыра білетін ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында жүзеге асқан нәтижелі жұмыстар.
Ынтымағы жарасқан шаруа­шылық еңбеккерлері биыл да мол өнімге қол жеткізді.
– Үстіміздегі жылы шаруа­шылық диқандары 900 гектар алқапқа Сыр салысын өсірді. Егін бітік шықты. Серіктестік бойынша әр гектардан 61 центнерден өнім алды, – дейді М.Есжанов.
Иә, айтса айтқандай, «егін­ші – мәрт, жер – жомарт». Биыл үшінші жыл егін егілген «Қара­көл» алқабы мол өнімге негіз қалады. Мұнда тәжірибелі бригадир Бақыт Жылқыбаев жетекшілік ететін №3 бригада егінжайы орналасқан агро­техникалық шаралардың талапқа сай жүргізіліп, күрішке күтім ойдағыдай жасалғандықтан, егін жинау кезінде 180 гектар алқаптың әр гектарынан 65 центнерден өнім алынды.
Шаруашылық диқандары Нұр­лан Жүзтаев, Бейбіт Жақып­ов, Жұмағали Сатыбалдиев өздеріне бекітілген алқаптың әр гектарынан 60 центнерден жоғары өнім алуды қамтамасыз етті. Сыр салысын орудан жыл сайынғы шаруашылық чемпионы Марал Бекжанов «Енисей» жаткасымен бір маусымда 250 гектар алқапты дестеге салды. Бесаспап механизатор Бағдат Жасағанбергенов астық бастыруда шаруашылықтың алды болды. Сондай-ақ тасымалда Ерлан Жұмабаев қажырлы еңбек етіп, егінжайдан қырманға 7-8 мың центнер астық тасымалдауды қамтамасыз етті.
Бүгінде егін жинауды табысты аяқтаған шаруашылық еңбеккерлері жыл соңында қомақты сыйақыға ие болады. Бұл «Еңбек етсең ерінбей...» деп дана Абай айтқандай, адал еңбек, маңдай тердің жемісі.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ
19 қазан 2019 ж. 828 0