Мұғалім – ұлы мамандық иесі
Бұрнағы күні Ұстаздар күніне орай аудандық мәдениет үйінде "Ұстаз – ұлы тұлға" тақырыбында салтанатты жиын өтті.
Аудан әкімі Руслан Рүстемов ардагер-ұстаздар мен мұғалімдерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, жұмыстарына жеміс тіледі.
– Мұғалім – ұлы мамандық иесі. "Ұстаз" деген ұғымда ұлылық та, жылылық та бар. Өйткені алдарыңызға тарыдай болып келген бала таудай азамат болып шығады. Тарихтан сыр тартсақ, ежелгі алып империяларға тұтас әмірін жүргізген атақты қолбасшылар да, әлемге даңқы шыққан ғұлама ғалымдар да ұстаз алдында бас иген. Білім саласы еш уақытта мемлекеттің назарынан тыс қалған емес. Елбасымыздың саясатының негізінде білімге ұмтылған жастарға барлық жағдай жасалып, білім беру мекемелерінің техникалық базасы нығайтылды. Ұстаздардың шығармашылық, ғылыми жұмыстармен айналысуына қажетті база қалыптасты. Биыл Нұр-Сұлтан қаласында өткен республикалық тамыз конференциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар өзекті мәселелерге тоқталып, оларды кезең-кезеңімен шешуді тапсырды. Әсіресе, педагог мәртебесіне ерекше тоқталды. Президент тапсырмасына сәйкес, алдағы төрт жылда мұғалім еңбекақысы екі есеге өсетін болады. Мемлекет тарапынан осындай қолдаулар көрсетіліп жатқан кезеңде мұғалімдер қауымы жауапкершілікті терең сезініп, жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруі тиіс,- деген аудан басшысы Тәуелсіздік жылдарында ауданда 6 мектеп, 2 балабақша салынғанын, соңғы жылдары аудан оқушылары ҰБТ қорытындысы бойынша алдыңғы қатардан көрініп келе жатқанын айтты.
Сонымен бірге, барлық кәсіп иесіне білім беретін ұстаздардың мәртебесін арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта жүргізіле беретініне назар аударып, ауданымыздың үздік педагогтарына ҚР Білім және ғылым министрлігінің "Құрмет Грамотасын", облыс және аудан әкімінің және облыстық білім басқармасы басшысының "Алғыс хаттарын" табыстады.
Салтанатты жиында ауданның білім беру саласында ұзақ жылдар қажырлы еңбек еткен Сансызбай Сәдуақасовқа құрметті зейнет демалысына шығуына орай иығына шапан жабылып, аудан әкімінің "Құттықтауы" берілді.
Мерекелік шара соңы концерттік бағдарламаға ұласып, мұғалімдер қауымының құрметіне әсем әндер айтылды.
Айта кетейік, ауданда жалпы орта білім беретін мектептерде дәріс беретін мұғалімдер саны 1150. Аудан бойынша 17 мектеп, 17 мемлекеттік және 5 жеке балабақша жұмыс істейді.