Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлы ұстаз балаға шабыт береді

Ұлы ұстаз балаға шабыт береді

Бүгін аудан әкімі Руслан Рүстемов Тереңөзек кентіндегі №210 Оспан Әбілпаттаев атындағы орта мектебінде болып, білім ордасының жұмысымен, жетістіктерімен танысты. Аудан әкімі ең алдымен мұғалімдер бөлмесінде педагогикалық ұжым қызметкерлерімен кездесіп, төртінші өнеркәсіптік революция кезеңіндегі білім беру саласын дамыту бағытында пікірлесті.
Мектеп мұғалімдері жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес оқушыларға білім беріп жатқандарын айтып, орта мектептің заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілгенін, интернет желісіне қосылғанын жеткізді. Сонымен бірге, жаңа мамандықтар атласы бойынша оқушыларға бағыт-бағдар беру жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Мұғалімдермен кездесуде аудан басшысы Руслан Рүстемов ел Президентінің Жолдауында білім саласын дамытуға ерекше басымдық берілгенін, оның ішінде мұғалім мәртебесін арттыру мәселесі кеңінен талқыланып, қолға алынған бастамалар қоғам тарапынан қолдау тапқанын айтты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халыққа арнаған алғашқы Жолдауында жастардың сапалы білім алуы, «Дипломмен ауылға» бағдарламасын жандандыру, маргинал жастармен жұмыс істеу басты назарға алынған. Мемлекет басшысы дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына дайындауды тапсырды. Яғни, білім саласы ел Президентінің басты назарында. «Білімдіден шыққан сөз талаптыға болсын кез» деп ұлы Абай айтқандай, ұстаз әрқашан ілім мен ізгілікті ту еткен ардақты тұлға. Ұстазсыз адам болмайды. Бәріміз де мұғалімнің тәлімін алып, білімін үйрендік. Сондықтан болашаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау – өте маңызды міндет. Тарихы терең дәстүр сабақтастығы ұлттық тәрбие арқылы беріледі. Елбасының және Мемлекет басшысының сарабдал саясатының негізінде отандық білім беру саласы қарқынды дамып, жоғары нәтижелерге қол жеткізілді. Бүгінде ауданымызда үш ауысымда білім беретін, апаттық жағдайдағы мектептер жоқ. Аудан оқушылары да ҰБТ-дан жоғары балл жинап келеді. Бұл мемлекеттік қолдаудың жемісі, ұстаздар еңбегінің нәтижесі,-деді аудан әкімі.
Өз кезегінде орыс тілі пәнінің мұғалімі Салтанат Сағындық сөз сөйлеп, мұғалімдердің жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалғанын, орта мектеп оқушылары облыстық, республикалық білім бәсекелерінде жақсы жетістіктерді бағындырып жүргенін айтты. Сонымен бірге, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ләззат Мығымбаева мен орта мектеп директоры Әсем Көшербаева ора мектептің көрсеткіштерін, есепті кзеңде атқарған жұмыстарын, алдағы мақсат-міндеттері мен жоспарларын баяндады.
Мұғалімдермен кездесуден кейін аудан басшысы оқу кабинеттерін аралап көрді. Білім сынағына дайындалып жатқан мектеп бітіруші түлектермен пікірлесіп, сәттілік тіледі.
Айта кету керек, №210 Оспан Әбілпаттаев атындағы орта мектебінің тарихы 1968 жылдан басталады. Алғашында сегіз жылдық орыс мектебі болып ашылған білім ұясына 1998 жылы аудан әкімдігінің шешімімен «Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген мұғалімі» атағының иегері, соғыс және еңбек ардагері, ұлағатты ұстаз Оспан Әбілпаттаевтың есімі берілген.

"ТТ-ақпарат
24 қыркүйек 2019 ж. 1 481 0