Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНДАҒЫ БІРЛЕСТІК

ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНДАҒЫ БІРЛЕСТІК


Ұстаз – ұлы есім. Ұстаздың алдында ақын да, данышпан да, қарапайым еңбек адамы да білім мен тәрбие алып шығады. Әлемдегі ең ұлық мамандық иесі атанғанымды өзіме мәртебе санаймын. Себебі, мұғалім – барлық мамандықтардың тәрбиешісі. Өмірлік тәрбие беретін ұстазға адам баласы құрмет көрсетеді, төрден орын береді.
«Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы, Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Сондай болған соң ең әуелі мектепке керегі – білімді педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім» – деп Ахмет Байтұрсынұлы айтпақшы, ұстаздардың еңбегі ерен. Мен еңбек ететін №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейде шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп жатқан ұстаздар баршылық. Мұғалімдер пән бірлестіктеріне бірігіп еңбек етуде. 15 ұстаздың ұстаханасына айналған математика, информатика, физика пәнінің бірлестігіне білікті маман Ақманат Бижанова жетекшілік жасайды. Арамызда ардагер ұстаз Р.Маханбетжанова апай да бар. Райкүл апай зейнеткерлікке шықса да мектеппен байланысын үзген емес. Ай сайын шебер-сынып өткізіп, мұғалімдерге бағыт-бағдар береді. Апайдың еңбегі білім сынағы ҰБТ тапсыру кезінде өз нәтижесін көрсетеді. Яғни, ең жоғарғы көрсеткіш иесі. Райкүл апайдың ізімен келе жатқан педагогикалық еңбек өтілі ең көп ұстаздар З.Биманова мен Ж.Садықова. Олар да жас кадрларға өз тәжірибелерін үйретуден жалыққан емес.
Қазіргі заман жаңа технология ғасыры болғандықтан білім беру саласына белгілі пәндерді үш тілде оқыту талабы қойылды. Осыған орай әріптесім Ә.Бержановамен бірге ағылшын тілі курсын ең жоғарғы деңгейде аяқтап, шәкірттерге пәнді ағылшын тілінде оқытуды қолға алдық. Ж.Серікбаева, А.Бижанова, А.Кушерова, Г.Әбілдаева, Ж.Асқарова, К.Шуақбаева, Д.Арысбаева есімді әріптестерім толағай жетістіктер иесі. Олардың әрқайсысы үздік жоба иегері мен шығармашылық конкурстың жеңімпазы, дайындаған шәкірттері талай жүлдені иеленген ардақты жандар.

Ә.ӘМЗЕЕВА,
мұғалім
09 қазан 2018 ж. 1 355 0