Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала болашағына балта шабуға болмайды

Бала болашағына балта шабуға болмайды

Елбасы «Nur Otan» партиясының кезекті съезінде көпбалалы отбасыларға көмектесу жөнінде тапсырма бергені белгілі. «Мен халқымның ертең емес, бүгін бақытты болуын қалаймын», – деген Тұңғыш Президент шілде айы­­нан бастап көп балалы отбасындағы әр балаға 21 мың теңгеден жәрдемақы тағайындауды Үкіметке тапсырды. «Тұрмысы төмен азаматтарға және отбасыларға көмек көрсету керек. Әр қазақстандық отбасы жүргізіліп жатқан реформалардың тиімділігін болашақта емес, дәл бүгін сезінуі тиіс. Әсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдауды күшейту қажет деп санаймын. Бірақ, әр отбасының кірісі әртүрлі. Біреуінікі аз, біреуінікі орташа, енді біреуінікі көп. Осыны ескеру керек. Миллионерлерге мемлекеттен қосымша көмек көрсетіп не керек? Мемлекет, ең алдымен табысы төмен көпбалалы отбасыларға көмек көрсетуі тиіс. Атаулы әлеуметтік көмек алуға құқылы отбасыларды қолдау үшін көпбалалы отбасыларда әр балаға ең төменгі төлемді 21 мың теңге шамасында бекітуді тапсырамын», – деді Елбасы. Оған тиісті қаржы көзі де қарастырылды. Нақты айтсақ, жыл сайын тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларды қолдауға ел қазынасынан 500 миллиард теңге бөлінбек. Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев бұл әлеуметтік көмекті бірінші шіл­де­ден емес, бірінші сәуірден бастап төлеуді жүктеді. Содан бастап айдан айға дейін ақшасын әрең жеткізіп, ілдебайлап күн көріп жүрген алтын құрсақты аналардың әлеуметтік жағдайы жақсарды. Сырдариялық көпбалалы аналардың да әлеуеті көтерілді. Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің мәліметінше, 1022 отбасына, яғни 5922 адамға барлығы 413 миллион теңге атаулы көмек тағайындалған.
Халық арасында әлеуметтік желіде таралған «атау­лы әлеуметтік көмек тоқтатылады», «көмектің жаңа түрі тағайындалыпты» деген секілді жалған ақпарат тарады. Мәселенің мәнін білмекке аталған саланың басшысы А.Мұханға арнайы сауал жолдадық.
– Жыл басында Мемлекет басшысы тұрмысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындап, арнайы комиссия құрамын бекіткен болатын. Аталған көмектің 1 сәуірден бастап беріле бастағанынан халық хабардар. Өзгерістер туралы бізге әзірге ешқандай нақты тапсырма келіп түскен жоқ. Атаулы әлеуметтік көмекті беруді жалғастыра береміз. Ең алдымен бұл атау­­лы әлеуметтік көмек нақты кімдерге беріледі? Осыған тоқталсақ. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек – бұл шартсыз және шартты ақшалай көмек түрінде облыс­тарда, республикалық маңызы бар қалаларда, Нұр-Сұлтан қаласында белгіленген айлық табысы кедейлік шегінен төмен жеке тұлғаларға мемлекет тарапынан ақшалай нысандағы төлем. Шартсыз ақшалай көмек жұмыспен қамтуға жәрдемдесу іс-шараларына қатысуға мүмкіндіктері шектеулі жалғыз басты және (немесе) жалғыз тұратын аз қамтылған тұлғаларға, барлық еңбекке жарамды отбасы мүшелері бірінші немесе екінші топтағы мүгедектер болып табылатын, сондай-ақ екі айдан астам уақытша еңбекке жарамсыз мерзімі белгіленуі мүмкін аурулары бар немесе келесілерге күтім жасауды жүзеге асыратын аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек беріледі. Жалғыз басты немесе жалғыз тұратын аз қамтылған тұлғаларға, сондай-ақ құрамында еңбекке жарамды мүшесі бар аз қамтылған отбасыларға, оның жұмыспен қамтуға жәрдемдесу іс-шараларына және әлеуметтік бейімделу қажет болған жағдайда шартты ақшалай көмек көрсетіледі, – деді сала басшысы.
Бүгінде жұрт мемлекет тарапынан аз қамтылған отбасыларға 21 мың теңгенің кімге, қалай төленетінін түсінгендей. Алайда «бауын тапса, байлауын таппайтын» тірліктей, сол бір 21 мың теңгенің «жыры» бітпей-ақ қойды. Табысы асып кеткендердің танысының баласын үйіне әкеліп тіркеп немесе қартайғанда бағып-қағып отырған әке-шешесінің зейнетақысы кіріске есептелетін болғандықтан оны ағасының не әпкесінің үйіне апарып тастау секілді арға қайшы қылықтар қоғамда көрініс тауып, жаға ұстатуда. Кейбір отбасының қолындағы жалғыз сиырын базарға жетектеп апарып, сатып жіберуі де осы 21 мың теңгеге қол жеткізудегі қу тірлік. Ел ішінде болып жатқан осы тектес мәселелер қоғамда кереғар пікір қалыптастыруда. Бұл жерде айтпағымыз, осы 21 мың теңгенің тағайын­далу тәртібінің елді масылдыққа бастап бара жатқандығы. Себебі мемлекетіміздің ең басты саясаты – елдегі әлеу­меттік қолдауды күшейту, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, жұмыссыздардың санын азайту. Яғни мемлекет халықтың әлсіз топтарына ақшалай төлем жасаумен қатар, оларға әлеуметтік қызметтер ұсынып, жұрттың жұмысқа тұруына ықпал жасап, оқыту, шағын несие беру және өзге де шаралармен қамтиды. Осының ішінде ең өзектісі – елді жұмыспен қамту. Бұл мақсатта мемлекет «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске қосты. Аталған бағдарламаның бірінші бағыты – қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету, екіншісі – жаппай кәсіпкерлікті дамыту, ал үшінші бағыты – халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту. Осы арқылы техникалық және кәсіптік білім алғандар ертеңгі күні бірі тігінші немесе етікші, ал енді бірі бизнесмен болып, еңбек дүбіріне араласып кете барады.
Тағы бір айта кетер жәйт, бүгінде мемлекет жастарға және көпбалалы аналарға 500 мың теңгеден қайтарымсыз қаражат беруді қолға алды. Мақсат – оларға 500 мың теңге грант бере отырып, олардың жеке іс бастауына, кәсіппен айналысуына жағдай жасау. Біз айтып жүрген «Бастау – Бизнес» жобасы да елдің кәсіпкерлік негізде оқыту курсынан өтіп, жеңілдетілген процентпен несие алуы арқылы өз кәсібін ашып, өзін де, өзгені де жұмыспен қамтуын көздейді. Бірақ осы күні табысы аз отбасылар мемлекет беріп отырған 500 мың теңге грант алудан да, оқыту курсынан өтіп, несиемен іс бастаудан да бас тарта бастады. Оған себеп мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан бұл қолдаулардың адамның айлық табысын құрайтын кіріс ретінде есепке алынуында екен.
Осы тұста тағы бір мәселенің шеті көрінді. Атаулы әлеуметтік көмекті алудың қамы үшін бірі жұмыстан бас тартып жатса, енді бірі отбасымен ажырасуда. Алғашқысының жайы белгілі ғой. Ал «Үкімет мені де балаларды да өлтірмейді, қаржылай көмек береді. Тіпті сенің тапқаныңнан артық, ажырасамын» деген көкек аналардың қатары көбейген. Статистикаға сүйенсек, осы уақытқа дейін шаңырақ көтерген отбасылардың әрбір төртіншісі екі бөлек кетсе, бүгінгі күні отау құрған жанұялардың әрбір үшіншісі ажырасып жатыр.
Мемлекет берген қандай да бір көмек – ол сіз бен біздің баламызға «әке» деген үлкен мектептің тәрбиесін бере алмайтыны белгілі. Толыққанды отбасында өспеген баланың жақсы тәрбиелі болуы да екіталай. Ол тек материалдық қажеттілік қана. Ал әкенің орны барлық мұқтаждықтан биік тұрады. Сондықтан құлқынның қамын ойлап, баланың болашағына балта шабуға болмайды. Мұқтаждық масылдыққа ұласпай, отбасының ынтымағын сақтауда аналар ардан аттамағаны жөн.

Майя ҚОЖАБАЙ
28 қыркүйек 2019 ж. 398 0