Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әрбір балаға 21 мың теңге төлеу үшін заңнамаға өзгеріс енгізу керек - депутат Әлтаев

Әрбір балаға 21 мың теңге төлеу үшін заңнамаға өзгеріс енгізу керек - депутат Әлтаев

Парламент Мәжілісінің депутаты Нұржан Әлтаев көпбалалы отбасылардың жәрдемақысын көтеруге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл - өте маңызды, өте керек нәрсе. Өйткені мен анау күндері де айтып жүрдім, қазіргі әлеуметтік көмек, әсіресе, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы жеткіліксіз. Енді, Елбасы өте керемет бір тапсырманы берді. Жағдайы төмен көпбалалы отбасыларда әрбір балаға 21 мың теңгеден ай сайын төленетін болды. Ондай көмек төрт және одан көп баласы бар отбасыларға беріледі», - деді Н.Әлтаев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Депутаттың айтуынша, аталған тапсырма тез арада орындалуы тиіс. Ол үшін тиісті заңнамаға өзгерістерді енгізу керек. «Мен ойлаймын, Үкімет тез арада заңнамаларға өзгеріс енгізеді де, жақын арада аталған төлемдер беріле бастайды. Өйткені Президенттің өзі айтты, осы жылдан бастап төлеу керек. Елбасының тапсырмасы болғаннан кейін оны тез арада іске асыратын болады», - деп атап көрсетті Н.Әлтаев.

Айта кетейік, кеше «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев көпбалалы отбасыларда әрбір баланың төлемақысын 21 мың теңгеге дейін арттыруды тапсырды. «Үкіметке әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды, әсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын кеңейтуді тапсырамын.

Аталған көрсеткішті күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін жеткізуіміз керек. Ал атаулы көмек алып отырған көпбалалы отбасылардың әрбір баласына берілетін жәрдемақыны 21 мың теңгеге дейін өсіруді тапсырамын. Аталған көмекті барынша жеңілдету керек. Халық ары-бері шапқылап жүрмесін. Сосын ондай отбасылардың табысын есептегенде басқа әлеуметтік жәрдемақыларды санауды алып тастау қажет.

Әйтпесе, соның бәрін санағанда көпбалалы отбасылар бай азаматтар болып шыға келеді», - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.   

28 ақпан 2019 ж. 770 0