Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Назарбаев: Көпбалалы отбасылар әлеуметтік көмекті 1 сәуірден бастап алуы керек

Назарбаев: Көпбалалы отбасылар әлеуметтік көмекті 1 сәуірден бастап алуы керек

Астанада мемлекет басшысының төрағалығымен әлеуметтік саясатты жүзеге асыру жөнінде жиналыс өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көпбалалы отбасыларға көмек 1 сәуірден бастап берілуі тиіс екенін айтты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап Stan.kz.

Жиналысқа премьер-министр Асқар Мамин, Президент әкімшілігің басшысы Әсет Исекешев және премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова қатысты.

Жиналысқа қатысушылардың есебін тыңдаған мемлекет басшысы халықтың тұрмысы өте төмен топтарының барлығына әлеуметтік көмек көрсетілуі тиіс екенін атап өтті.

«Әлеуметтік әлсіз топтарды қолдауға бөлінген қаржы салық төлемінің есебінен құралатынын түсіну керек. Сондықтан мемлекет тиісті балансты сақтап, аса мұқтаж азаматтарға қашан да қолдау көрсететінін бәріне түсіндіру керек», - дейді Назарбаев.

Сонымен қатар президент әлеуметтік әлсіз топтар және көпбалалы отбасылар мемлекеттің қолдауын жақын уақытта сезінуі керек екенін айтты.

«Аса мұқтаж тұрмысы төмен азаматтар, көпбалалы отбасылар биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап әлеуметтік көмек алуы тиіс», - дейді елбасы. 

Жиналыс соңында Нұрсұлтан Назарбаев Президент әкімшілігіне «Нұр Отан» партиясымен бірге берілген тапсырмалардың орындалу барысын үнемі бақылауда ұстауды тапсырды.

«Нәтижеге қол жеткізу үшін үкімет, әкімдер, қоғам, «Нұр Отан» партиясы бұл жұмысқа қосылуы керек. Бұл процесті өзім жеке бақылаймын», - дейді елбасы. 
06 наурыз 2019 ж. 1 086 0