Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан басшысы қай ақынның өлеңін оқыды?

Аудан басшысы қай ақынның өлеңін оқыды?

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары санамызға сілкініс жасап, тамыры терең тарихымызды жаңа қырынан тануымызға жол ашты. Өткен мен бүгін, бүгін мен ертең дәйекті дерек пен мәйекті мазмұн арқылы айшықтаған бағдарламалық мақала көзі ашық, көкірегі ояу көпшіліктің көңілінен шықты. Ұлт Көшбасшысының мақаласынан туындаған
мақсат-міндеттерді жүзеге асыру бағытында бүгінде аудан бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Осы ретте, жақында аудан ардагерлерінің бастамасымен, «Иман2013» қоғамдық қорының ұйытқы болуымен аудандық «Достық үйінде» келелі кездесу ұйымдастырылды. Тақырып арқауы – тектілік пен тәрбие, салт-дәстүр мен әдет-ғұрып, қазақы тәлім мен ұлттық құндылықтар болды.
Дөңгелек үстел басына жиналған аудан ардагерлері «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары жөнінде ой-пікірлерін ортаға салды. Басқосуға аудан әкімі Руслан Рүстемов, аудандық мәслихат хатшысы Ержан Әжікенов, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Еркебұлан Жақып, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Марат Омаров, тиісті сала басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты. Еркін форматта өткен шараны Тереңөзек кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Муса Келдібаев ашып, жүргізді. Ардагер тектілік феномені жөнінде ой қозғап, қазақы тәрбиенің түпкі негізін тарқатып берді. – Тәрбие – тектіліктің темірқазығы. Ұлтқа адал қызмет ету дұрыс берілген тәлім-тәрбиеге тікелей байланысты. Халқымызда «Дұрыс қанаттанған түзу ұшар» деген тағылымды сөз бар. Сондықтан балаға тәрбие беруде аса мұқият болған жөн. Түптеп келгенде, өзіміз үлгі-өнеге көрсетуіміз қажет. Міне, Елбасының мақаласында осындай орнықты ойлар көрініс тапқан. Жалпы, біз антқа адал, сертке берік, тектілікті ту еткен бабалардың ұрпағымыз және оны мақтан етеміз. Сол себепті ұлды тәрбиелей отырып халықты, қызды тәрбиелей отырып ұлтты тәрбиелейтінімізді түсінуіміз керек. Бүгінгі іс-шара осы тақырыптарды талқылауға арналып, басқосуға аудан әкімі Руслан Рүстемұлының қатысуы – бұл шаранаың қаншалықты маңызды екенін айғақтайды, – деді Муса Алпысбайұлы. Басқосуда сөз алған аудан әкімі Р.Рүстемов Ұлы Дала – түркі әлемінің киелі қарашаңырағы, ал қазақ халқы сол қарашаңырақтың иесі болып саналатынын айтып, Елбасы мақаласында айтылған пайымды пікірлерді түсіну, оны жүзеге асыру үшін терең білім керектігін жеткізді. – Халқымызда ауыспалы мағынада қолданылатын «уызына жарыған» деген тіркес бар. Сол секілді Сіздер халқымыздың кешегі көшпелі тұрмысын көріп, уызына жарыған ұрпақтың өкілісіздер. Өйткені тарихи сәттердің шынайы куәгері болып, заманның өзгергенін, жаңа кезеңнің келгенін көзбен көрдіңіздер. Сондықтан Сіздердің ақыл-кеңестеріңізді алып, пікірлеріңізді тыңдап, ұсыныстарыңызды іске асыру – біз үшін міндет. Бүгінгі басқосуымыздың мәні мен маңызы жоғары, тақырып ауқымы да терең. Бүгін айтылатын әңгіме әсіресе жастар үшін аса қажет. Өйткені көшпелі өмір сүру мәдениетін көзбен көрмеген, тек кітаптан оқыған бүгінгі жастар көп сөздің шығу тарихына, түп төркініне мән бермейді. Ұлт қайраткері Ахмет Байтұрсынов «Сөзі жоғалған елдің өзі де жоғалады» деген. Сондықтан жастардың бойындағы ақыл мен сана, парасат пен пайым, арман мен мақсат секілді игі ұғымдар ата-бабаларымыздың танымымен, ұстанған ұлы жолымен үндес болуы қажет. Бұл үндестік бұзылса, үлкен мен кіші арасындағы сыйластық, құрмет, келісім мен түсіністік бұзылады. Адамдар арасындағы қарымқатынасты айтпағанда бабаларымыздың аңшылық мәдениетінен де адалдықты, тазалықты, әділдікті аңғаруға болады. Мәселен «Ысқырып атқан киіктің обалы жоқ» дейді. Бұл тәмсілден киікке де бір мүмкіндік берген бабаларымыздың биік парасатын көруге болады. Қай саланың тарихын зерделесек те ата-бабаларымыздың астарлап сөйлегенін, сөздің мәні мен маңызына басымдық бергенін, сөзге тоқтағанын бағамдаймыз. Міне, Ұлы даланың заңы мен тектілік құндылығының түпкі негізі осында, – деген аудан басшысы халқымыз сан ғасырлық тарихында Ұлы Дала заңын басшылыққа алып өмір сүргенін, адалдықты жақтағанын, арамдықты даттағанын атап өтті. Сонымен қатар қазақ тілінің сөздік қоры бай екеніне назар аударып, бірқатар мысал келтірді. – Біз жылқы малын ең алғаш қолға үйреткен халықпыз. Бұл Елбасының мақаласында нақты мысалдармен анық жазылды. Ал халқымызда сол жылқы төлдерінің бірнеше атауы бар. Құлын, жабағы, тай деп басталатын жылқы төлдері сақа ат, шобыр, тұғыр, мәстек, азбан деп жалғасып кете береді. Мұндай атауларды әлем халықтарының ешбір тілінің сөздік қорынан таба алмайсыздар. Бұл тіліміздің бай екенін білдіреді. Тіл тазалығын бұзып алмай, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізсек, рухани тұрғыда жаңғыруымыздың кепілі болмақ. Сондықтан әрбір сөзді орнымен қолдануға дағдылануымыз қажет және оның түпкі мағынасын білгеніміз абзал. Мысалы, ар, арыс, ардагер сөздерінің түбірі «ар» деген сөзден құралып тұр. Халқымыз «Жаным – арымның садағасы» дейді. Сондай-ақ тіреу болар азаматынан айырылғанда «арысымнан айырыл
дым» деп күңіренеді. Сонымен қатар ардагер сөзінің де мәніне назар аударсақ, арды биік ұстаушы тұлға, абыройлы азамат дегенді білдіреді. Бұл құрметті атақ тарихтың, халықтың, уақыттың жарлығымен беріледі. Яғни, бір сөздің өзінде көп мән бар. Мұны жас буын өкілдеріне түсіндіру – ардагер аға-апалардың міндеті, – деді аудан басшысы. Басқосу барысында сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайролла Әбенұлы аудан әкімінің сөзін жандандырып, салт-дәстүрлер жөнінде ой қозғады. – «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген халықпыз. Бірақ «жаңғыру» деген ұрансөз негізсіз қолданылмауы керек. Меніңше, жаңғыру елдің ұлттық
рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды. Сол себепті, тамыры терең тарихымыздан ажырамау- ымыз керек. Негізі біздің барлық салт-дәстүрлеріміз тектілігімізді, дархандығымызды, адалдығымызды айшықтайды. Бір ғана есім қою бағытында ұстанған қағидаларымыз-ақ халқымыздың данышпандығынан хабар береді. Өмірі өнегеге толы ата-әжелеріміз әйелдің бойына бала біткеннен бастап оған жақсы есім қоюды ойластырып жүрген. Есім дегенде жәй есім емес, батыр, ақын, жыршы, күйші, әнші, ғалым болсын деп атақтылардың есімін өз баласына азан шақыртып қойған. Өйткені, адамның есімі – оның жарты ғұмыры іспетті. Сәби есімін белгілі бір сөздің киелі күшімен де байланыстырған мысалдар кездеседі. Жұртшылық «болмаса да ұқсап бақсын», деп Абай, Шәкәрім, Шоқан, Ыбырай, Бауыржан секілді ұлтымыздың ұлы тұлғаларының есімін көптен қояды. Осы ретте, текті халқымыз қандай дана, қандай данышпан болған деп ойлаймыз, – деді Хайролла Әбенұлы. Өз кезегінде ұзақ жылдар ауданның білім саласында қажырлы еңбек еткен Рақымжан қажы Бәйменов руханият саласы туралы әңгіме өрбітіп, мұсылмандықтың асыл шыңы – имандылық екенін айтты. Мешітке бару әдебінен бастап, сәлемдесу, уақытты тиімді пайдалану, бос сөз бен нәтижесіз істен аулақ жүру, жақсы істерді әдетке айналдыру, көркем мінез бен кешірімді болу секілді игі қасиеттерді тізбектеді. Ал денсаулық сақтау саласының ардагері Шынтас Ізетов қан тазалығын сақтау текті ұрпақтың өсіп, жетілуіне тікелей әсер ететінін айтса, «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлмекен Жанәлиева жастар тәрбиесіне, әсіресе жас отбасылардағы өзара түсіністік пен жарасымдылық жөнінде пікір білдірді. – «Бесікке салу» деген дәстүрді бәріңіз жақсы білесіздер. Қазір бұл дәстүр негізсіз жаңарып, өзгерді. Бүгінде көпшілік баланы бесікке салуға емес, балаға бесік алып баруға жиналады. Ал дәстүрдің атауы «бесікке салу» деп тұрғанына ешкім мән бермейді. Негізі сәбиді шаңырақтағы бесікке бөлеп, атасы, әкесі жатқан бесікке салған. Бұл қалыптасқан қағида еді. Қазір сәбиге нағашы әжесі бесік әкеледі де қарашаңырақтағы бесік қолданылмай қалады. Меніңше, қоғамда көбейіп кеткен ажырасудың көп себебінің бірі осы. Әкесі мен атасы жатқан бесікке бөленіп, ұйықтамаған сәбиден отбасын сүйетін, әулеттің абыройын бәрінен жоғары қоятын перзент қалыптасады дегенге сенбеймін, – деді ардагер ұстаз. Айтса айтқандай, әжелеріміз баланың өз жұртының бесігінде тербеліп өскенін айтып отыратын. Әкесі мен атасы ғана емес, бабалары жатқан бесікті халқымыз «мұра бесік» деп атаған. Ал нағашы жұрты бесіктің
тек жасауын жасап, сәбиге қажетті басқа да заттарды әкелген. Бүгінде осы дәстүрді берік ұстанған отбасылар бар. Бірақ көп емес. Ол үшін әке рухты, ана текті болуы керек. Бұл тақырыпты кәсіпкер Несібелі Керейтбаева жандандырды. – Кімде-кім баланың бойындағы жақсылы-жаманды қасиеттерді байқаса, оны ең бірінші әке мен ата тәрбиесінен көреді, тегіне тартқан дейді. «Әкесі адал еді, атасы жақсы адам болатын, көргенді бала екен» деп ер адамның тәрбиесін айтады. Өйткені әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – оның жақсы тәрбиесі. Қазақ атамыз «Әке – асқар тау, ана – баурайындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген бір ауыз сөзге бүкіл тәрбиенің қайнарын сыйғыза білген. Асқар тау әкесін пана тұтқан бала қорқақ болмайды. Ал ана атты бұлақтың мейіріміне қанып өскен ұрпақ өзгеге де мейіріммен қарайды. Қазіргі таңда үйдегі әйеліне сөзін өткізе алмайтын әкенің жігерсіздігінен балалары жасқаншақ, қорқақ, қоғамға пайдасы жоқ болып өсіп келеді. Сондықтан әрбір ата-ана қызына ер адамды сыйлау, құрмет тұту, қадірлеу секілді аса қажетті қасиеттерді айтып, өзі үлгі көрсетіп отыруы керек,– деген кәсіпкер баланың бойына ұлттық құндылыққа тән қазақылықты сіңіруде «Әке мектебінің» орны айрықша екенін айтып, басқосуға қатысушы аналарды отбасындағы әке рөлін арттыруға шақырды. Осы ретте, аудан басшысы ақын Жарасқан Әбдірашевтің «Әкемен сырласу» атты өлеңін оқып, туған жерге қызмет ету, өскен ортаның өркендеуіне үлес қосу әрбір азаматтың асыл міндеті екенін атап өтті. Сонымен бірге кездесуде спорт саласының майталманы Мектепхан Елеусінов өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісті. – «Отбасы – шағын мемлекет» деген қанатты сөздің маңыздылығы ешқашан өзгермейді. Елімізде «Отбасы институты» өте күрделі кезеңді бастан кешіп тұр. Олай дейтінім, отбасындағы әкенің үлесі тым кеміп кетті. Сондықтан ер-азаматтың отбасылық өмірде, ұрпақ тәрбиесінде белсенділігін арттыру бас ты міндет. Мен өз ұлдарыма ұлттық спорт саналатын тоғызқұмалақты үйретіп, өзім баскөз болып, бос уақыттарын тиімді үйлестірдім. Арнайы уақыт белгілеп, күнделікті қадағаладым. Сол еңбегім еш кеткен жоқ. Бүгінде балаларымның алды тоғызқұмалақтан әлемнің үш дүркін чемпионы атанды. Өздері бағындырған биікке өзгелерді де жетектеп жүр. Әке ретінде балаларымның биіктен көрінгенін көруден асқан бақыт, байлық, қуаныш жоқ, – деген ардагер алдағы уақытта ауданда ұлттық спортты дамыту жолында еңбек ете беретінін жеткізді. Қазақ халқының танымындағы ұғымдар мен негізгі түсініктер кеңінен талқыланған жиында ардагер-ұстаз Анар Ізбасарова отбасындағы қарымқатынастың үйлесімділігі жөнінде пікір білдірсе, қолөнер жасау шебері Сайділдә Сәдуақасов жас баланы жақсы басқосуларға ертіп алып бару, оларға көнекөз қариялардың тәлімін тыңдату, сол арқылы дүниетанымын кеңейту қазіргі таңда ұмыт қалып бара жатқанын айтты. Жастардың жат әдеттерге үйір болып, ұялы телефон мен теледидарға жіпсіз байлануын үлкендердің баламен сырласпауының, оған жөнді ақыл айтып, етене араласпауының салдарынан деді. Сонымен бірге, «Оқы, оқы, білім ал, Үлкендерден үлгі ал. Жақсылармен жанасып, Ең керегін ұғып ал» деген бабалар сөзінен мысал келтіріп, қоғамның рухани тұрғыда кемелденуінде қазыналы қариялардың алатын орны айрықша екенін атап өтті. Осылайша, аудан ардагерлері Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылған келелі кездесуде тұщымды ойларын ортаға салып, тектілік пен тәрбие ұғымын тереңнен талқылады. Басқосуға жиналған қазыналы қариялар іс-шараның мәні мен маңызын кеңінен насихаттап, айтылған жақсы ойларды іске асырып, жас буынға өздері де үлгі көрсетуді жөн санайтындықтарын жеткізді. Елбасы мақаласының түпкі мәнін жан-жақты зерделеу мақсатында аудан ардагерлерінің бастамасымен өткен рухани қазынасы мол тағылымды шарадан біз зор тебіреніспен тарқастық.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ, аудан әкімі аппаратының аударма ісі жөніндегі редакторы
21 қыркүйек 2019 ж. 357 0