Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бірқатар тапсырмалар жүктелді

Бірқатар тапсырмалар жүктелді

Кеше аудан әкімі Руслан Рүстемов аудандық мәслихаттың хатшысы Ержан Әжікеновпен бірге Айдарлы ауылдық округінде болып, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуымен және жалпы тыныс-тіршілігімен танысты.
Аудан басшысының жұмыс сапары ауылдық дәрігерлік емханадан басталды. Ауыл әкімінің міндетін атқарушы А.Өтегенова елді мекен халқына медициналық қызмет көрсетіп отырған мекеменің жұмысымен таныстырып, халық денсаулығын нығайту бағытында атқарылған жұмыстарды баяндады.
– 2019 жылдың есепті мерзімінде 1807 тұрғын емханаға келіп қаралып, дәрігер кеңесін алды. Тұрғындарды профилактикалық байқаудан өткізу жұмыстары уақытылы жүргізілуде. Есепті мерзімде ауылда 14 сәби дүниеге келді. Диспансерлік есепте тұратын науқастар мен 1 жасқа дейінгі балаларға тегін дәрі-дәрмек пен балалар тамағы беріліп келеді,- деді Ақтоты Ерболқызы.
Аудан басшысы ана мен бала өлімін болдырмау бағытындағы жұмыстар қатаң қадағалауда болу керектігін айтып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жөнінде кеңінен ақпарат беріп, тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізуді күшейтуді тапсырды.
Мұнан кейін аудан әкімі ауылдағы №139 орта мектепті аралап, білім ошағындағы ашық сабаққа қатысты. Мұғалімдер бөлмесінде ұстаздар қауымымен кездесіп, білім беру саласында жүргізіліп жатқан реформалар жөнінде пікірлесті. Жас ұрпаққа сапалы біліммен қатар саналы тәрбие беру қажеттігіне назар аударып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тақырыптық іс-шаралар, дөңгелек үстелдер, талқылау жұмыстарын ұйымдастыру қажеттігін айтты. Аудан басшысына мектеп ұжымының жетістігі жөнінде орта мектеп директоры Г.Смайлова ақпарат берді.
– Орта мектепте 52 мұғалім оқушыларға білім беруде. Оның 11-і жоғарғы біліктілік санатты, 16-і бірінші санатты, 14-і екінші санатты. Аттестаттаудың нәтижесі бойынша 2 мұғалім зерттеуші, 2 мұғалім сарапшы, 4 мұғалім модератор санаттары бойынша жұмыс жасауда. Былтырғы жылы ҰБТ қорытындысы бойынша орташа балл 95-ті құрап, аудан мектептерінің ішінен 4-орынды көрсетті және 2 түлек ЖОО грант иегері атанса, 4 оқушы арнаулы орта білім беретін колледждердің студенті атанды,- деді мектеп директоры.
Жұмыс сапары аясында аудан әкімі Р.Рүстемов «Нұр сәби» балабақшасында болып, мектепке дейінгі білім беру мекемесін аралап көрді. 1974 жылы салынған балабақша ғимараты 2007 жылы күрделі жөндеуден өткізілген. Мекемеде 5 педагог жұмыс жасайды және 25 бала тәрбиеленуде. Елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын жас буынға білім беруде жаңа көрнекіліктерді қолдану қажеттігін айтқан аудан басшысы балабақшаны кеңейту мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілетінін жеткізді. Сонымен бірге, балалардың тамағы санитарлық талаптарға сай болу керектігін айтты.
Айдарлы ауылында өнер өлкесінде өзіндік орны бар «Айдарлы халық театры» жұмыс жасайды. Ауыл өнерпаздары мәдени-көпшілік шараларда өнер көрсетіп, аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда жүлделі орындарды иеленуде. Ғ.Жанұзақов атындағы ауылдық клубтың жұмысымен танысқан аудан әкімі өнер саласының қызметкерлерімен кездесті. Баспасөз саласының майталманы Т.Бекарыстановтың ауыл туралы жазылған өлеңін оқып, ауыл мәдениетін көтеруде айрықша үлес қосып келе жатқан ақ жаулықты аналардан құралған «Сұлуай» әжелер ансамблінің жетістіктерімен таныс екенін жеткізді.
– Ауыл – ұлттың ұясы. Ал, Сыр өңірі – өнер мен мәдениеттің қайнары. Айдарлы ауылдық округі өнер, мәдениет жалпы руханият саласы дамыған елді мекен. Клуб үйінде ән, би, көркемсөз, қолөнер үйірмелері жемісті жұмыс жасауда. Алдағы уақытта «Айдарлы халық театрының» қойылымдарын аудан орталығына келіп сахналау жұмыстарын ұйымдастыру қажет. Бұл жас мамандардың өзара тәжірибе алмасуына жол ашады,- деді аудан әкімі. Осы ретте, Ғ.Жанұзақов атындағы ауылдық клуб үйінің директоры А.Қалдыбаева ақын-драматург Иран-Ғайыптың «Мен ішпеген у барма» атты туындысын сахналауға дайындық жұмыстары жүріп жатқанын айтып, қойылым көрермен назарына қараша айында ұсынылатынын жеткізді.
Жұмыс сапары қорытындысында аудан әкімі ауыл көлеміндегі мекеме басшыларының қатысуымен жиналыс өткізді. Ауылдың даму жоспарлары мен алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар талқыланған жиында аудан басшысы жаппай кәсіпкерлікті дамытуға, жұмыссыздық көрсеткішін азайтуға басымдық берілетінін айтты. Жиналыста ауылдық Қоғамдық кеңес төрағасы Қ.Сүйіндіков сөз сөйлеп, аудан әкімінің алғашқы сапарына және қолға алған басталарына сәттілік тіледі.
Айта кету керек, Айдарлы ауылдық округі аудан орталығынан 115 шақырым қашықтықта орналасқан. Ауылда 1729 тұрғын бар және оның ішінде экономикалық белсенді халық саны 900 адамды құрайды.

"ТТ"-ақпарат
19 қыркүйек 2019 ж. 717 0