Жаңа ықшам аудан бой көтереді
Аудан әкімі Руслан Рүстемов аудандық мәслихаттың хатшысы Ержан Әжікеновпен және тиісті сала басшыларымен бірге Тереңөзек кентіндегі жаңа ықшам ауданда жүргізіліп жатқан инфрақұрылым жұмыстарымен танысты.
Аудан басшысына Тереңөзек кентіндегі жаңа ықшам ауданға республикалық бюджеттен жүргізіліп жатқан инфрақұрылым жұмыстарының барысы жөнінде мағлұмат берілді.
"Бүгінде жоспарлы жұмыстар кезең-кезеңімен іске асуда. Бөлінген қаржылар уақытылы игерілуде. Мердігер мекеме жұмыстарды биылғы жылдың 15 желтоқсанына дейін аяқтап, жыл соңына дейін пайдалануға береміз деп жоспарлауда. Жобаланған инфрақұрылым жобасы аяқталған кезде барлығы 746 жер телімі пайдалануға берілетін болады. Тереңөзек кенті бойынша жер кезегінде тұрған 968 тұрғын бар екенін ескерсек, жер кезегі алдыға жылжиды. Бұл өз кезегінде тұрғындардың жеке баспанасын салуына жол ашады,- деді аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімнің басшысы Асылбек Абдуов.
Аудан басшысы жаңа ықшам ауданның инфрақұрылым жұмыстарының сапасы мен уақытылы жүргізілуі тұрақты қадағалауда болу керектігін жеткізді. Бөлінген қаржы толықтай игерілуі тиіс екеніне назар аударып, сумен жабдықтау және қиыршық тас жолын салу жұмыстарына байланысты ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министірлігімен тиісті жұмыстарды жүргізу керектігін айтты.
"ТТ"-ақпарат