Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбек – әлемнің әміршісі

Еңбек – әлемнің әміршісі

– Шамалы ауырыңқырап тұрмын. Дала қосына келіп бір таза ауамен тыныстасам, шіркін, демалғандай боламын, – деді егістік басында белгілі күрішші, Қазақ ССР Жоғары Советінің 2 дүркін депутаты Бексұлу апа Синаева. – Осы егістік басында маңдай тер төгіп, еңбек еттік. Одан жаман болғанымыз жоқ. Қайта егін еккеннің арқасында өстік, өндік. Ел қамбасын астыққа толтырып, абырой биігінен көріндік, – деді сөзін жалғап.
Жайқалып тұрған күрішке қарап тұрған даңғайыр диқанға көпшілік келіп сәлем беруде. Ел анасы бәрінің амандығын сұрап, ілтипат көрсетуде. Сол арада біз де сұрағымызды қойып қалып жатырмыз.
– Егін егуге қалай машықтандыңыз?
– Жастайымыздан осы егістік басындамыз. Ел ағаларынан үйрендік. Осы күріш егуден көзіміз ағарған. Ел қатарлы ала жаздай еңбек етіп, алтын күзде мол өнім алуды үміт етеміз. Шүкір, жыл сайын жақсы өнім алып жүрдім. Әлі есімде, Пәттен деген жерге күріш ектім. Маған тиесілі 49 гектар жер болатын. 5 жыл жоңышқа егілген тың жер ғой. Егін бітік шығып, күріштің басы құлап қалды. Сол жылы гектарына 72 центнерден өнім алғаным бар. Жалпы диқан 60-70 центнерден өнім алса, сол үлкен абырой.
– Мол өнім алу үшін күріштің бап-күтімі жақсы болу керек екенін білеміз. Бұл арада егінжай ерлерінің еңбегі ерекше екені сөзсіз.
– Әрине, дала еңбеккерлерінің еңбегі ұшан-теңіз. Негізі күріш – диқанның баласы дер едім. Өйткені дән сепкеннен кейін 40 күн бойы оны «суға тұншықтырып алмайын, күнге күйдірмейін» деп тынбастан тер төгеді. Атыздықта отақ, шиін шығармау үшін жанталасады. Мол өнім алуға үміттеніп, бар күш-жігерін салады. Дән жерді жарып шыққан соң шілденің шіліңгір ыстығында оны баптау, қалың қамысты жарып өтіп, уақытылы суару – осының бәрі нағыз еңбек. Ел ырзығы осы жүзін күн сүйген диқандардың маңдай тер жұмысына байланысты.
– Диқан күрішті баласындай баптаса, оны жинап алуда механизаторларға да жауапкершілік жүгі артылмайды ма?!
– Диқандар ала жаздай күтіп баптаған күрішін механизаторларға табыстайды. Қазіргі егін жинау науқанын бұрынғымен салыстыруға болмайды. Қазір «жалмауыз» комбайындар шықты. Бір масақ қалдырмайды. Комбайншы осы егіншінің еккен, тіккен егісін ысырапсыз, төкпей-шашпай жинап шықса, ел қамбасы астықпен көмкеріледі. Жалпы әрбір адам өз ісін жауапкершілікпен атқарса, елде ән де, дән де болады.
Күріштіктің жәй-жапсарын айтқан Б.Синаева алқапта таза ауамен тыныстап, көпшілікке қарай аяңдады. Осы сәтте егістік басына жұртшылық жиналып егінге орақ салу рәсімі басталды. Шіркейлі ауылындағы «Мәді Қажы» ЖШС егістігінде аудан әкімі Р.Рүстемов диқан қауымын мерейлі шақтың басталуымен құттықтады.
– Халқымызда «Еріншек егіншіден, елгезек масақшы озады» деген нақыл бар. Осыны айтқанда бір ақсақал «Ол мақалдың қазір мәні жойылған. Бұл кешегі кеңестік кезеңде айтылып еді. Қазір еріншек егінші де, елгезек масақшы да жоқ. Өйткені заманның жаңа шақыруына, бәсекелестікке адам баласы ұмтылып жатыр» деді. Сол айтқандай, бүгінде агротехникалық талаптарды сақтаған Шіркейлі ауылының диқандары мол өнім алуға ұмтылуда. С.Сұлтанов бастаған еңбек­керлер нарық заманына сай жұмыс жасауда. Болашақта өндірісті әртараптандырып, оны кеңейту бағытында ауқымды жұмыстарды бас­тап жатыр. Осыған бірігіп жұмыс жасаймыз. Еңбек – әлемнің әміршісі. Жаздайғы төккен терлеріңіздің өтеуі қайтсын. Қамбаларыңыз астыққа толсын, – деді аудан басшысы.
Мұнан соң «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» деп сөз бастаған ел анасы Б.Синаева аудан басшысының жұмысына табыс тілеп, еңбеккерлердің мерейі үстем болуына тілектестік білдірді. Сөз кезегінде елге белгілі айтыскер ақын М.Ниязов жүрекжарды лебізін жеткізді.
– Белгілі жырау Алмас Алматов «Кетіскен досың келсін десең, кетпен ал да егін ек, я дән шақырады, я дәм шақырады» деген еді. Сол айтқандай, біз қазақ не нәрсені де аспен, дастарханмен байланыстырамыз. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) кезінде бір еңбек адамы қолының жарылғанынан ыңғайсызданып тамақты тартыншақтап алып отырған көрінеді. Сол кезде Пайғамбарымыз еңбек адамының қолын көтеріп «Алла тағаланың мейірімі, разылығы осы қолы лас болса да табысы таза болған адамдарға болсын» деп ерекше құрмет көрсетіпті. Еңбектеріңіз жемісті болсын. Сіздерде дән болса, бізде ән болады. Екеуі де үзілмесін, – деді айтыскер ақын.
Құттықтаудан кейін құрметті меймандар лента қиды. Ауыл ақсақалы Б.Мақашов ақ батасын берді. Әлгінде белгілі күрішші Б.Синаева айтқан «жалмауыз» жатка жайқалып тұрған күрішті құлатып, әп-сәтте дестелеп бара жатты.

Е.БЕРКІНБАЕВ
17 қыркүйек 2019 ж. 1 572 0