Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызу қайнаған жұмыс

Қызу қайнаған жұмыс


Көлік шаруашылықтың «Шағырлы» учаскесіндегі күріш бастырылып жатқан атызға келіп тоқтады. Бұл жерде қызу қайнаған жұмыс. Комбайндар арлы-берлі жүріп, әп-сәтте күріш дәнін сабағынан айырып, дәнмен бункер толуда. Өзі шетелдік автоматтандырылған дала кемесінің жүрісі ширақ, астықты жинауы да тез. Көз ілеспес жылдамдықпен дестені жеп, бір атызға түскен 2-3 комбайн әрі кетсе 15-20 минуттың ішінде келесі атызда жүреді. Бункер тола қалса аңдып тұрған тасымалшылар жетіп барады. Тіркемесін тосып, астыққа толтырып, тракторының түтінін будақтатып, ауылға қарай алыс­тай береді.
Біз барған күріштік диқан Жанкелді Смайловтікі екен. Күрішшіні қазір аудан жұртшылығы жақсы біледі десек артық айтқандық емес. Өйткені, осы шаруашылықтың бетке ұстар диқаны жыл сайын мол өнім алып, ауданға, тіптен облысқа аты шыққан. Қайбір жылы өзіне бекітілген 35 гектардың әр гектарынан 108,6 центнерден өнім алып, тәжірибелі күрішші екенін дәлелдеген. Сол еңбегі еленіп шаруашылық көлік мінгізді. Одан бөлек, «Ыбырай Жақаев» атындағы төсбелгіні ауданда омырауына алғаш таққан диқан осы Жанкелді аға Смайлов.
Қолына орағын ұстап, әр дестені қарап жүрген білікті күрішші биыл да межелі өнім алуға мүмкіндік мол екенін айтты.
– Күріш бастыру менің жерімнен басталды. Қазір осы соңғы атыз. Жаман емес. Сыр салысының шығымы жақсы болды, өнімі де мол. Жиын-терімде жұмыла жұмыс жасап, күн ашықта науқанды бітіріп алсақ, мерейіміз үстем болары анық, – деп әрі қарай өз ісіне кірісіп кетті. Ауыз жиып, айтқанша болмады бастыру комбайндары Жанкелді Смайлов жерінен шығып, 37 гектарға егін еккен Ғалым Сағымбаевтың күріштігіне түсіп кетті. Осы тұста, шаруашылық басшысы А.Құлбаев биылғы межеге тоқталды.
Аудандағы ірі шаруашылықтардың бірі саналатын «Қы­зылдихан» ШҚ биыл 850 гектар жерге Сыр дақылын еккен. Күріштікке өнімділігі жақсы «Лидер» тұқымы себіліпті. Аталған көлемдегі жерді шаруашылықта 4 бригада еңбеккерлері иге­ріп, ала жаздай күтіп-баптап, кезекті егін жинау науқанына жетіп отыр. Бригаданың алғашқысы «Соркөл» жерінде 160 гектарға егін егіпті. Бригадир Аманжол Бәйімбетов 4 диқанмен күріштің сарғайып пісуін күтуде. Кенже Айтбаев бастаған екінші бригада 300 гектар, Нұрсұлтан Мұсаевтың үшінші бригадасы 280 гектар жерге күріш сеуіп, бүгінгі таңда егінді жинау жұмыстары жүріп жатыр. Қазір күріш бастыру техникалары екінші бригада астығын жинауда. Мұнда күріштің 70-80 пайызы орылған. Шаруашылықтардың «Магдондары» диқан Әбу Үсенбаев пен Бақтығали Ілиясовтың күріштігін ору үстінде.
Биылдан бастап осы екінші бригаданың бригадирі бол­ған Кенже Айтбаев жұмыс ауқымы ұлғайып, жауапкершілік жүгі артқанын айтады. Қарамағында 9 күрішші бар. Бұған дейін механизатор болып, комбайн, трактор тізгіндеген бригадир жұмысты жандандыру үшін бар күш-жігерін аямауда. Уақытында егін ақпарын да жеткізіп отыр. Таң ата ерте егістік басына бригаданы әкеліп, қызу іске кіріседі. Таңалакеуім жұмысты бастап, кешкі 9-10-дарда жұмыс тоқтайды. Кейде күн желді болып десте ылғалданбаса түн ортасына дейін жұмыс жасалатынын жеткізді.
Шаруашылықтағы төртінші бри­­­гадаға (бригадирі Сәрсен­бай Қожанов) кенттің батыс бет­кейінен 110 гектар жер тиесілі.
– Жылдағыдан гөрі биылғы жылы ауа райы­ның салқындығына байланысты күріштің пісу кезеңі 20 күнге кеш. Соған орай, егін жинау науқаны да кеш басталды. Осылай күн қарасып тұрса, ысырапсыз қырманды астыққа толтырып, 55-60 центнерден орта өнім аламыз деген ойдамыз, – деді шаруашылық басшысы.

Ердос БЕРКІНБАЕВ
02 қазан 2018 ж. 1 400 0