Келелі жиында бірқатар мәселе көтерілді
Аудандық мәслихаттың кезекті 42-ші сессиясында аудан әкімі Р.Рүстемов ауданда атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы баяндады. Сессия отырысына аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, халық қалаулылары, дербес бөлім басшылары, ауыл әкімдері қатысты.
Сессияда аудан басшысы 2019 жылға арналған іс-қимыл жоспарына тоқталып, жаппай кәсіпкерлікті дамытуға, экономиканы әртараптандыруға, инвестиция тартуға, салық базасын ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, білім беру және денсаулық сақтау мәселелерін шешуге, күнделікті өмірге қажетті инфрақұрылымды дамытуға басымдық берілгенін атады.
– Ауданда негізінен барлық маңызды салалар бойынша оң көрсеткіштерге қол жеткізілген. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауынан туындаған мақсат-міндеттерді жүзеге асыру бағытында өткен актив жиынында кеңінен айтылды. Актив жиынында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен атқарылуы тиіс жұмыстар да жан-жақты баяндалды. Президент Жолдауында қамтылмай қалған сала жоқ, тұрғындардың игілігі үшін қажетті барлық басым бағыт анық көрсетілген. Сондықтан тек іске асыру тетіктерін қарастырып, жұмыс жасауымыз қажет, – деген аудан басшысы әрбір сала жұмысын саралады.
Аудан бюджетінің кіріс көзін ұлғайтатын кәсіпкерлік саласы екені белгілі. Қазіргі таңда сырдариялықтардың кәсіпке бейімделуінің нәтижесінде салада даму бар. Атап айтқанда, биылғы жылдың 1 шілдесіне дейін ауданда 2200 шағын және орта кәсіпкерлік субъекті тіркеліп, оның 1969-ы жұмыс жасауда. Кәсіпкерлік субъектілердің жұмыс істеу жөнінен өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 18,9 процентке артқан. Яғни заман парқын түсінген аудан тұрғындары кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтуде.
Сондай-ақ аудан басшысы халықты жұмыспен қамту, ауданды газдандыру, жастар мәселесі, денсаулық, білім, мәдениет және өзге салалардағы атқарылған жұмыстар есебін берді. Отырысқа қатысушыларды серпінді Сырдарияны дамыту бағытында бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
Өз кезегінде аудандағы кіші және орта кәсіпкерлікті дамытудың жайы және оны жақсарту шаралары туралы аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Л.Қозыбаева, аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің бөлімше бастығының есебін қарау және оның қызметін бағалау туралы аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің бөлімше бастығы А.Мустафаев, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағын беру және «Сырдария ауданының әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы аудандық комиссияның құрамын бекіту туралы» Сырдария аудандық мәслихатының 2013 жылғы 4 қарашадағы №179 шешіміне өзгеріс енгізу туралы аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев хабарлама жасады.
Майя ҚОЖАБАЙ