"Тіршілік тынысы" – жаңалық жаршысы
«Сыр медиа» серіктестігі – Қызылорда облысының басты ақпарат көзіне айналған 3 облыстық газетті, «Kyzylorda-news.kz» ақпараттық агенттігін, сондай-ақ 1 қалалық және 7 аудандық басылымды бір шаңырақ астына біріктірген және өз өнімдерін өзі басып, оны барлық аудандар мен елді мекендерге өзі таратып отырған республикадағы жалғыз медиа құрылым.
Осы құрылымда Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің алатын рөлі ерекше. Жаңалық жаршысына айналған басылымның өзіндік оқырманы қалыптасқан, жұмысы бір жүйеге түскен. Газет биыл өзінің 85 жылдық айтулы мерейтойын атап өтпек ниетте. Алғашқы нөмірі сонау 1939 жылдың 26 наурызы күні жарыққа шыққан газет осынау жылдар ішінде талай тарихи белестерді бағындырды. Қаламына құт қонған қаламгерлердің құтханасына айналды. Аға буын өкілдерінің бүгінгі ізбасарлары да осал емес. Еліміздің және Сыр өңірінің жаңалықтарын халыққа уақытылы әрі сапалы жеткізіп отырған басылым қызметкерлерінің кәсіби шеберлігі мен ізденісін жоғары бағалаймыз.
85 жылдық мерейтойға байланысты Сырдария ауданы әкімдігі арнайы іс-шаралар жоспарын бекітті. Жыл көлемінде бірқатар маңызды іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Оның ішінде мүшайра, эссе байқауы, кент және ауылдық округтерге билборд ілу, тақырыптық кездесулер өткізу, кітап шығару, ғылыми-практикалық конференция өткізу секілді жұмыстар бар. Осы ретте аудандық газеттің айтулы датасына айрықша көңіл бөлген аудан әкімдігіне, аудан басшысы Берік Әбдіғаппарұлына алғыс айтамыз. Ал аудандық газеттің бас редакторы, аудандық мәслихаттың депутаты Ақтөре Ибрагимұлы басшылық ететін басылымның беделі биіктей беруіне тілектестігімізді білдіреміз.
85 жылдық мерейтой құтты болсын! «Тіршілік тынысы» – жаңалық жаршысы болып, аймақтың ақпарат саласында абырой биігінен көріне берсін!
Құрметпен,
Марат АРАЛБАЕВ,
Бас директордың міндетін атқарушы