Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңалықтардың жаршысы

Жаңалықтардың жаршысы

Туған жеріміздің жаңалықтарын, жерлестеріміздің жетіс­тіктерін насихаттап келе жатқан Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің 8888-ші нөмірінің жарыққа шығуы – аудан халқы мен тұрақты оқырмандар үшін қуаныш, тарихи белес. Сондықтан 81 жылдық тарихы бар шығармашылық ұжымды атаулы күнмен шын жүректен құттықтаймын!

Сырдариялықтардың сүйікті басылымына айналған ау­дандық «Тіршілік тынысы» газеті редакциясы бүгінде ақпарат айдынында өзіндік орны қалыптасқан іргелі шығармашылық ұйымға айналды. Аудандық басылым аудан жаңалықтарын насихаттаумен қатар, ұлт руханиятын ұлықтап, елдік сананың еңсесін тіктеу ісіне өлшеусіз еңбек сіңіріп келеді. Елбасының және Мемлекет басшысының сындарлы саясатын, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысын, жергілікті ат­қарушы билік өкілдерінің ел мүддесі жолында атқарып жатқан қызметі мен қарапайым еңбек адамдарының тыныс-тіршілігін қалың жұртшылық аудандық газеттен оқып, білуде.

Аудан жаңалықтарының жаршысына айналған әрі оқырман қауым әр нөмірін күтіп, іздеп оқитын басылымды мерейлі күнмен құттықтап, шығармашылық топ мүшелерінің уақыт талабына сай жоғары деңгейден көріне беруіне тілектестігімді білдіремін. Жақсы жаңалықтарды жария етіп, оқырман алғысына бөлене беріңіздер, қадірлі жерлес қаламгерлер!

Жақып АСАНОВ,
Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының төрағасы,
«Сырдария ауданының
Құрметті азаматы»
13 қазан 2020 ж. 624 0