Сығанақта жерасты жолы болған ба?
Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы аумағында орын тепкен Сығанақ қаласы жөнінде ел аузында түрлі деректер айтылады. Осындай әңгіменің бірі - көне шаһарда жерасты жолы болған ба деген сауалға келіп тіреледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл сауал жергілікті жұртты да қызықтырып келеді. Сығанақ - Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Сунақата ауылы маңында орналасқан. Тарихшылардың айтуынша, жерасты жолдары кезінде Сыр өңіріндегі ескі қалалардың көбісінде болған екен. Сығанақ қазба жұмыстарының нәтижесінде қаланың Х-ХІІ ғасырлардан ХV-ХVІІІ ғасырлар арасында өмір сүргендігі анықталған. Оны жазба деректер де дәлелдей түседі, себебі ХІХ ғасырдың басында жазылған «Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких орд и степей» еңбегінің авторы А.Левшин Сығанақ қаласын Сырдың оң жағалауында жатқан қала деп атап өтеді. ХVІ ғасырдың басында Сығанаққа жолы түсіп, қаланы өз көзімен көрген Фазлаллах ибн Рузбихан Исфаханидің айтуына қарағанда «Ертеде бұл тұрғындары қөп, көрікті қала болыпты. Қалада тыныштық орнап, барлық қажетті игіліктер өндірілген екен. Қала мен оның төңірегіндегі қыстақтардың халқы суармалы егіншілікпен айналысты, жақын маңайдағы суармалы жерлерде бау бақша және бақша дақылдары өсірілді, дәнді дақылдар егілетін суармалы және тәлімді жерлер одан алыс орналастырылды», - дейді тарих ғылымдарының кандидаты, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Әзілхан Тәжекеев. Сығанақта жер асты жолы болуы мүмкін бе? Дегенмен бұл жайында оны зерттеген ғалымдар еңбегінде көрсетілмеген. Ә.Тәжекеев сол себепті бұл жөнінде нақты тұжырым жасау ертерек екенін айтады. Жерасты жолы жөнінде жергілікті тұрғындар не дейді? Осы аймақта құқық қорғау саласында қызмет еткен ардагер Мәди Мырзахметов кезінде өзі көрген көріністер жайында баяндап берді. «Кезінде Шиелі ауданына қарасты Еңбекші ауылында учаскелік инспектор қызмет атқардым. Еңбекші Сығанаққа алыс емес, 10-15 шақырымдай қашықтықта орын тепкен. Сол кезде Әбілқасым деген аңшы кісі Сығанақтың жер асты жолының орны болуы мүмкін деген аумақты көрсеткен еді. Бұл 1985 жылы еді. Шопандардың сақпан науқаны уақыты. Мал ұрлығын болдырмау мақсатында қойшы ауылға бардым. Әлгі аңшы ағамызды сол жерден жолықтырдым. Сол жүздеу барысында жерасты жолы туралы айтып қалды. «Балаларымның ондайға қызығушылығы жоқ, қажет десең саған көрсетейін», - деді. Шопан өзінің қонысынан 2 шақырымдай жердегі үңгірді көрсетті. Оған қайран қалдым», - деді М.Мырзахметов. Осыған орай Қызылорда облыстық «Сыр медиа» ЖШС бас директорының орынбасары Қаныбек Әбдуов өзі аудандық «Жаңақорған тынысы» газетіне басшылық жасаған тұста тарапынан зерттеу жүргізіп көргенін айтады. Қасында ардагер Мәди Мырзахметов, журналистер - Нұрлат Байгенже мен Самат Әбдішпен Шиелі ауданы аумағындағы Еңбекші, Қосүйеңкі ауылдарынан асып, Тақиятөбеден оңтүстік-шығысқа бұрылған. «Сол аумақта көліктен түскен соң үңгір көрінді. Шынында, тесікті бітеген тас бар екен. Бірақ, оны біреулер шеттетіп қойыпты, аузы ашық жатыр. Дереу үңгірдің тереңдігін есептелді. Арқанның ұшына шам іліп, төмен жібергенде ол шамамен бес метрге дейін жетті. Үңгірге Нұрлат Байгенже түсіп көрді», - деді Қ.Әбдуов. Нұрлат үңгірге түскеннен кейін көргендері жайында қызықты деректер айтады. Үңгірдің тектен-текке қазылмағаны аңғарылады. Бұған дейін айтылған түрлі жорамалдарға негіз боларлық көріністер кездескен. «Үңгірдің шығыс және батыс жағында саңылау байқалды. Тіптен, саңылау деуге келмейді, жер асты жолының есігі дерсіз. Шығыс жағындағысын құлаған кесектер жауып қалғандай, ал, батыс бетіндегісіне толық денелі адам еркін өтеді. Солай қарай сақтана адымдап, аяқ бастым. Бірақ, мені жыландар тоқтатты. Бір жылан есіктің алдында оралып жатса, үшеуі тар өткелдің қабырғасында өрмелеп тұр. Ұзыннан-ұзын жатқан дәлізде адам еркін жүре алады. Қабырғасына кірпіш қаланғандай көрінді», - деді Н.Байгенже. Сондай-ақ, көне шаһар іргесінде тұрған Сунақата ауылындағы №194 «Сунақата» орта мектебінің мұғалімі Маржан Шоханова да бұл жөнінде өз жорамалдарын айтады. Ол жергілікті тұрғындардың басынан кешкен оқиғалары жайында баян етті. «Біз Сығанақ қаласының маңайында тұрғандықтан көп жағдайға кезігіп жүрміз. Көне қала маңындағы ел жерден несібе тереді. Міне, осы тұста, диқандар түсіне алмай жүрген жайттар бар. Әсіресе, күрішке жіберген суға байланысты осындай түсініксіз жайлар кездеседі. Өйткені, егінге пайдаланылған су жоғалып кетіп жатады. Қаншама су жіберілсе де, атыздар суға толмайды екен. Неге? Не себепті? Оны қарапайым еңбек адамдары түсіне қоймайды. Тақтайдай тегіс алқапта су қайда жоғалады? Ескіден естуімізше, Сығанақта жерасты жолы болған деседі. Жаңағы жіберілген су сол тесіктерге сіңіп жоғалатын көрінеді», - дейді ол кісі. Аталмыш үңгірмен жүріп өткендер де бар екен. Олар бірнеше шақырым жүріп, Қаратаудың биіктеу бөлігінен бір-ақ шыққан. Осыған қарай отырып «Сығанақта жер асты жолы болған ба?» деген әңгіме тегіннен тегін айтыла қоймағанын аңғару қиынға соға қоймас. Елдің аузында айтылатын әңгімелерге сүйенсек, осы жерасты жолдары арқылы Түркістан, Сауран, Шолаққорған және өзге де көне елді мекендермен байланыс жасалған екен. Рас, бүгінде ескі дүниелерге ерекше мән беріп, оларды зерттеу бағытында тыңғылықты істер қолға алына бастады. Сондықтан бұл бағытта да ілкімді істер атқарылады деген сенім бар.