Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » СЫҒАНАҚ – ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ АСТАНАСЫ

СЫҒАНАҚ – ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ АСТАНАСЫ


Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деп атап өтеді. 

Сыр еліндегі тарихи мәні терең көне қалалардың бірі – Сығанақ. Қазақстанның киелі жерлерінің картасына еліміз бойынша таңдалып алынған 100 қасиетті орындардың тізіміне облыстан 12 ескерткіш енгізілсе, соның бірі біз әңгімелеп отырған қала. 
Мамандар Сығанақты қыпшақ даласының қақпасы деп те атайды. Оның өзіндік тарихи дәлелдері жетіп артылады. Бұл қала кезінде Қыпшақ хандығының, Ақ Орданың, Әбілқайыр хандығының, кейін Қазақ хандығының астанасы болған. Тіпті, оның екі мыңжылдық тарихы бар деген де деректер кездеседі. 
Сығанақ қаласының орны Жаңақорған ауданына қарасты Сунақата елді мекенінен солтүстік-батысқа қарай 2 шақырымдай жерде орналасқан. Бұл қала туралы алғашқы мәлімет 982 жылы жазылған «Худуд ал-Алам мин ал-Машрик ила-л-Магриб» («Шығыстан батысқа дейінгі әлем шекаралары») атты авторы белгісіз еңбекте «Сунах» атымен кездеседі. Х ғасырда өмір сүрген араб географы аль-Мукаддаси (Макдиси) аталған қаланы Отырармен кіндігі бір егіз қала деп көрсеткен. Сығанақ пен Отырардың ара қашықтығы 160 шақырым екенін де айта кеткен жөн. Ал, ХІ ғасырда қаланың Сығанақ деген атау атақты ғұлама, түркі тілінің маманы, ғалым Махмут Қашқаридың «Түркі тілінің сөздігі» деген атақты еңбегінде жазылған. ХІ-ХІІ ғасырларда Қарахан мемлекетінің кезіндегі жазба деректердің барлығында қаланың аты жиі кездесіп отырады.
ІХ-Х ғасырларда Сыр бойын оғыз тайпалары мекендеген. Сол кездері Сығанақ оғыздардың иелігінде болған. Х-ХІ ғасырлардың ортасында ішкі алауыздық салдарынан Оғыз мемлекеті әлсірей бастады. Осының әсерінен ХІ ғасырдың бас кезінде қыпшақтардың шапқыншылығына төтеп бере алмайды. Біраз оғыздар Сыр бойынан ығысып кетсе, қалғаны қыпшақтарға сіңіседі. Парсы деректерінде қыпшақтар мекендеген жерлер «Дешті Қыпшақ», яғни «Қыпшақ даласы» деп атала бастады. ХІ-ХІІ ғасырларда Ертістен Еділге дейінгі ұланғайыр аумақты қамтып жатқан Қыпшақ мемлекеті Сығанақ қаласын өз астанасына айналдырады. Ол 20 гектардай жерді алып жатыр. Кейінгі зерттеу мәліметтерінде Хан сарайы маңының өзі 30 гектардан астам екені, ал, Сығанақ қаласының аумағы 300 гектардан асатыны анықталып отыр. Қала өмірі VІ ғасырдан ХVІІІ ғасырға дейін созылған.
«Менің Отаным – Қазақстан» сериясы аясында жарық көрген «Жаңақорған» ғылыми-көпшілік кітабында да осы қала жайлы мәліметтер келтіріледі. «Сығанақ» сөзінің алғашқы буыны көне түркі сөзі «суб», «сығ» немесе «сұғ», «су» деген түсінікке саяды. Екінші буыны «ан-ақ» «он оқ» деген І-VІІІ ғасырлар арасында түркі ру-тайпалары одағының жалпы атауынан шыққан. Айтыла келе, үндестік заңына байланысты «Сығанақ» болып шыққан, яғни «Сулы қала» «су жағасына салынған қала» деген мағынаны білдіреді. Өйткені, Сығанақ – бұрын Сырдарияның Қаратау жақ етегінен ағатын үлкен арнасы мен түстік жағынан өтетін кіші бір саласы арасында, айнала судың ортасында жатқан табиғи су қорғанымен қоршалған. Тарихшы Зардыхан Қиянатұлының пікірінше, «Сығанақ» атауы түрікшеден аударғанда «қамал, қорған» деген мағынаны береді. Ортағасырлық деректерде «Сығанақ – Қыпшақ даласының гаваны (қақпасы)» деген теңеулер айтылған. «Абдулла-намеде» осы шаһар туралы «Ол ежелден бері қыпшақ (қазақ) хандарының астанасы» деп жазылады. Хорезмшах Атсыз (1127-1154) және Ала ад-Дин Мұхаммед «дінсіздерді бағындыру» деген желеумен Сығанаққа бірнеше дүркін жойқын жорықтар жасап, ақырында Сығанақ билеушісімен бейбіт келісімге келді. Сығанақ Шығыс Қыпшақ даласындағы гүлденген қалалардың біріне айналды. «Худуд-аль-Аламда» Cығанақ диірменінде тартылған ұн әлемнің шартарабына таратылатыны туралы дерек бар. Академик Әлкей Марғұлан өз еңбектерінде орта ғасырдағы Сығанақтың саяси тіршілігін, мәдениетін, ұлан-байтақ базарын, қала құрылысын, үйлерін толығырақ жазған ғалымдар Шараффуддин Иазди, Фазулулла Ибн Рузбихан деп атап өтеді. Олардың еңбектеріне сүйенсек, Сығанақ – қыр даланың іргесінде әдемілеп салынған шаһар. Ескі дәуірлерде ол өте гүлденіп тұрған үлкен қаланың бірі болған. Бұл өлкенің жер байлығы, елінің әдеп, мәдениеті көзге ерекше түскен. Сәулетті салынған шаһардың халқы да көп болған. Қаланың базарында күн сайын 500 түйеге артылған тауар сатылады екен. Оның маңайы толған егіндік, бақша, арық, тоған еді. Бұл қалаға Арқадан Хажы-Тархан (Астрахань) жағынан қаншама бай дүние келетін, олардың ішінде мыңдаған қой, топталған жылқы, түйе, қымбат ішіктер, тондар, қару-жарақ, қайыңның безінен жасалған жебелер, жібек маталар болатын. Сығанақ әрі сәулетті, әрі бай жер болғандықтан, оған Еділден, Каспий теңізінен, Қашқардан, Хотаннан, Мәуереннахрдан қаптаған саудагерлер келіп, сауда-саттық жасайтын.
Моңғол шапқыншылығы қаланың гүлденген шағына тап келеді. Сығанақ қаласы бұл кезде Дешті Қыпшақ жеріне көз алартқан Мұхаммед Хорезмшахтың ықпалындағы бекініске айналған еді. Бекініс ішінде негізінен осы аймақты бағындыру үшін жиналған парсылық әскер болды. Тарихи айғақтарға сүйенсек, Жошы қалаға шабуыл жасамас бұрын ең алдымен Шыңғыс ханның қарамағында сауда және дипломатия жөніндегі қызметшісі болған көпес Хасан-қажыны қала тұрғындарымен келіссөз жүргізу үшін жібереді. Бірақ, бұл қаланың тұрғындары Хасан-қажыны өлтіріп, өздері жауға қарсы күреске шығады. Жошының әскері қаланы қоршап алады. Қаланы бекініске айналдырған Хорезмшах әскері 7 күн бойы берілмей, қарсыласып бағады. Күші басым Жошы әскері жеңіске жетеді.
ХІV ғасырдан бастап Сығанақ қаласы қайта қалпына келтіріледі. Қала жандана түседі. Біртіндеп Сыр бойындағы саяси және экономикалық орталыққа айналады. ХІV ғасырдың ортасында Алтын Ордадан бөлініп шығып, Ақ Орда мемлекеті құрылады. Оның аумағы Жайықтан Ертіске дейінгі, Арал теңізінен бастап Сырдарияның оң жағалауынан Қаратауға дейінгі аралықтарды қамтиды. Астанасы Сығанақ қаласы болады. Бұл мемлекетті Шыңғысханның үлкен ұлы Жошы ханнан тараған ұрпақтары билей бастайды. Ерзен хан тұсында Сығанақта көптеген құрылыс жұмыстары жүргізіліп, қала гүлденеді. Сыр бойындағы қалалармен байланыс орнатады. Одан кейін хан тағына оның ұлы Мүбарак отырады. Оның хандық тұсында Сығанақта теңге соғылады. Мүбарак хан Сығанаққа жерленген. Натанзидің «Ескендір анонимі» деректерінде Ерзен хан Орда Еженнің ұрпағының бірі, ол Отырар мен Сауранда мешіттер мен басқа да ғимараттар салдырған деген дерек айтылады. Орыс ханның тұсында Әмір Темірге арқа сүйеген Алтын Орда ханы Тоқтамыспен үлкен соғыстар жүреді. Орыс хан өлгеннен кейін Әмір Темір Сығанақты алып, Тоқтамысты хан етіп отырғызады.
Ақ Орда Темір әулетінің ықпалына енгеннен кейін ХV ғасырдың басына дейін Сығанақты Ұлықбек иеленеді. Ал, 1446 жылы бұл қала Әбілхайыр ханның иелігіне көшіп, оны ол өз билігінде өмірінің соңына дейін ұстады және ХVІ ғасырдың басына дейін Сыр бойындағы қалалар Шайбан әулетінің иелігінде болды. Сыр бойы қалаларын қайтару үшін Қазақ хандары өте қажырлы қайрат жұмсады. Ең алғаш Қазақ хандығының құрамына қосылған Қаратау етегіндегі Созақ және Сырдария жағасындағы Сауран қалалары болды. XV ғасырдың аяғында Отырар, Иассы, Аркөк, Бозкент қалалары мен Түркістан аймағының бір бөлігі Мұхаммед Шайбаниға қарады да, Сығанақ, Сауран, Созақ қалалары мен Түркістан аймағының солтүстік бөлігі Қазақ хандығының иелігінде қалды. Ташкент пен Сайрам қалаларын Моғолстан ханы Сұлтан Махмұд биледі. Осы кездегі Сығанақ қаласының тұрғындары туралы Рузбихан «қала аймағындағы қыстақ кенттер мен қала тұрғындарының қазақ хандығына ылғи да жақсы ниетте болып, қақпаларын ешбір қарсылықсыз айқара ашып қарсы алады. Қала тұрғындарының басқарушысы Қазы Садыр ал-Ислам, Шақпақ жүзбегі, Садыр-Шайхтар қаланы алуға келген Бұрындық ханға қала тұрғындарын жинап алып, «бұрын бұл аймақ Бұрындық ханға қарайтын, сондықтан ешбір қарсылық көрсетпей, қаланы оған берсек дұрыс болады» деп қаланы ешбір қарсылық-шығынсыз берген» деп хабарлайды. Сонымен бірге, оның еңбегінде қаланың діни-қоғамдық ғимараттарында ислам дініне байланысты сұрақ-жауаптар, түрлі жиындар болып тұратындығын, ондай кештерге өзінің де қатысатыны жазылған. Қасым ханның тұсында Қазақ хандығы үшін «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» заман туады. Оның билігі тұсында саяси-экономикалық маңызына қарай Сығанақ қаласы Қазақ хандығының астанасына айналды. Одан кейін Есім ханның тұсында ғана хандықтың орталығы Түркістанға көшірілді.
Сығанақтың Дешті Қыпшақ территориясында сауда орны ретіндегі маңызын Рузбихан «Дешті Қыпшақтың Еділ өзені шегіне дейінгі иеліктері мен жергілікті көпестері... Сығанақ қаласын өздерінің жиналатын орны істеді және осында сауда тауарларын әкелді. Түркістан, Мәуереннахр аймақтарының және Шығыстан Қашқар, Хотан шегіне дейінгі жерлердің көпестері Сығанаққа осы елдердің тауарларын әкеліп, сауда мәмілелерімен айырбас жасайды. Бұл сауда мәмілелері Сығанақта жасалатын болғандықтан, «бұл иелік әрқашан да шет елдерден көпестер келіп тұратын орын болып табылады және онда барлық елдердің байлығы мен тауарлары мол», ондай тауарларға: «бұлғын мен тиін терісінен тігілген тондар, мықты садақтар мен ақ қайыңнан жасалған жебелер, жібек маталар мен басқа да қымбат бағалы бұйымдар» жататынын суреттейді. Бұл деректер Сығанақ қаласының өз заманында ірі халықаралық сауда орталығы болғанын айғақтайды.
Кезінде үлкен орталық болған қала көптеген зерттеушілердің қызығушылығын тудырды. Шаһардың орнында болған көк күмбезді керемет кесененің қирандысын ХХ ғасыр басында ғалымдар зерттеп, сызба суретін салған болатын. Көп ұзамай кесене құлап, төбеге айналған. Сығанақты зерттеуге қатысқан ғалымдар осы кесене Әбілқайыр ханға арнап салынған деп топшылауда.
1867 жылы орыс археологиялық комиссиясының тапсырмасы бойынша археолог П.Лерх Түркістан аймағындағы ортағасырлық қалаларды қарап шығуға жіберілгенде ол Сығанақ қаласына арнайы тоқтайды. Ғалым қалада болып, оның қай жерде орналасқаны туралы ақпарат қалдырған. Ал, 1892 жылы өлкетанушы Е.Смирнов Ташкенттен Қызылордаға жасаған барлау жұмысы кезінде Сығанақта болып, Төменарық пен қаланың суландыру жүйесі туралы ғана хабарлап, қала туралы жазбаған. Ал, 1899 жылы Түркістан өлкетану бөлімінің меңгерушісі В.Каллаур қалаға барлау жұмысын жүргізіп, оның топографиясын сипаттап, қаланың шығыс қақпасынан 100 метр жердегі мешіттің жобасын қағазға түсіреді.
Зерттеу жұмыстары мұнымен тоқтап қалмайды. 1906 жылы қаланы археолог И.Кастанье қарап шығады. Ол Каллаурдың қала туралы жазғандарын толықтырады. 1927 жылы Ресей Академиясы жанындағы Материалдық мәдениет институтының тапсырмасы бойынша Сығанақ қаласын А.Якубовский зерттеу нысанына айналдырады. Ол қаланың топографиялық жағына көңіл бөліп, жанындағы кейбір керегелері сақталған ғимараттардың суретін түсіріп алған. Нәтижесінде қала туралы үлкен ғылыми мақала жазған. Араға 20 жыл салып 1947 жылы ОҚАЭ-ның жетекшісі А.Бернштам келіп, қаланың топографиялық жобасын түсіріп, жиналған материалдар бойынша қаланың біздің дәуірімізге дейінгі қаңлы дәуірінен бері өмір сүріп келе жатқандығы туралы мәлімет келтіреді.
Бұдан кейін қалаға ХХ ғасырдың 40-шы жылдарының аяғында, 50-ші жылдардың басында ОҚАЭ-ның жетекшісі Е.Агеева мен Г.Пацевичтер археологиялық барлау жұмыстарын жүргізеді. Олар жинастырылған материалдар бойынша қаланың V-VІІІ ғасырларда өмір сүріп, одан кейін құлдырап, ХІІ-ХVІ ғасырларда қайта көтеріліп, Ақ Орданың кезінде қайта жанданғанын алға тартады. Алайда бұлар да қалаға қазба жұмыстарын жүргізбеген.
ХХ ғасырдың 70-ші жылдары Сығанаққа Отырар археологиялық экспедициясының меңгерушісі К.Акишев пен К.Байпаков келді. Отырарды зерттеп жүрген олар Сығанақ қаласының топографиялық тарихына да назар аударып, бұл қала ортағасырлық қалалардың ішінде Отырар қаласынан кейінгі атақты екінші қала деген қорытындыға келеді.
«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында да бұл қалаға бірнеше рет археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. 2003-жылдан бастап Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің археология, этнология және мұражай кафедрасы ұстаздарының басқаруымен далалық практикалық жұмысы басталды. Қазба жұмысы бірден үш жерде жүргізілді. 2004-2006 жылдардың аралығындағы қазба жұмысының барысында 5,5 м тереңдікке түсті. Соңғы ярустен алынған материалдар ХІІІ-ХІV ғасырлардың арасын көрсетеді. Жалпы, қаланың мәдени қабатын тексеру үшін салынған кесіндідегі қазба жұмысының кезінде алты мәдени қабат белгілі болды. Әрбір мәдени қабатта бұзылған үйлердің іргелері, оның ішіндегі қазан-ошақтардың және олардың алдындағы жуынды-шайынды су құятын ташнаулар ашылып отырды. Ташнаулардың үсті қыштан жасалған кірпіштермен төселген. Су ағатын жеріне төрт бұрышты кірпіш қойылып, оның ортасы тесілген. Төрт бұрышынан ортасына қарай су ағатын жолақтар тартылған. Су сол жолақтар арқылы тесіктің астындағы күбі көзеге құйылып сыртқа шығады немесе қаланың астыңғы жер табанына сіңіп кетеді. Қызық. Бұл сол кездің өзінде қалада тазалық мәселесі басты орында тұрғанын білдіреді. Бөлмелердің ішінде, есіктің маңайында немесе ас үйдің бұрыштарында астық сақтайтын ұралар кездесіп отырады. Ал үйдің аулаларында керексіз сынған ыдыс-аяқтың сынықтары, сүйек-саяқтың қалдықтарын тастайтын шұңқырлар көптеп кездесіп отырады. Ондай шұңқырлар үстіңгі мәдени қабаттан басталса, астыңғы бірнеше мәдени қабаттарды бұзып өтіп, бірнеше метрге барып тоқтауы мүмкін. Мәселен, көк түсті орта кесе, бесінші мәдени қабатта басталған шұңқырдың бір жарым метрлік тереңдігінен жинастырып алынып, лабораториялық жөндеуден өтіп құрастырылып, бүтін болып шықты. Сол сияқты екінші шұңқырда бесінші мәдени қабаттан басталып он бірінші ярустен тоқтағанда қара түспен өрнектелген орта кесенің сынықтары табылып, лабораториялық жөндеуден өтіп, бүтін болып шықты.
«Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша 2009-2011 жылдарға арналған Мәдениет және ақпарат  саласындағы  қолданбалы ғылыми зерттеулер тақырыбы бойынша «Ортағасырлық Сығанақ қаласы» атты ғылыми жобаны орындау мақсатында 2009 жылы А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Археология ғылыми-зерттеу орталығының Сығанақ археологиялық экспедициясы Жаңақорған ауданы, Сунақ ата ауылынан 1,5 шақырым батыста орналасқан ортағасырлық Сығанақ қаласы мен оның алқабында далалық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Биылғы жылдың маусым айында ҚР Премьер-Министрі Б.Сағынтаевтың облысымызға сапары барысында Сығанақ қаласында жүргізіліп жатқан археологиялық жұмыстармен танысқан болатын. Сол кезде Археологиялық ғылыми-зерттеу орталығының директоры К.Жетібаев қазіргі таңда Сығанақ аумағында мешіт-медресе мен нысанның солтүстік-шығыс бөлігінің қақпалары ашылып, тазартылғанын, қайта қалпына келтіру жұмыстары жалғастырылып жатқанын айтты. Бұл көне қала республикалық маңызға ие ескерткіш болып табылады. Оның ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұрасының алдын ала тізіміне енгізілгенін де айтып өткен жөн.
Толассыз зерттеу жұмыстары нәтижесін берді. Бүгінде Сығанақ тарихи мәні жоғары орындардың бірі болып саналады. Оның «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанның киелі жерлерінің картасына енуі біз үшін үлкен мақтаныш. Демек, Сығанақ әлі де зерттеле түседі. Оның ішіне бүккен сыры ашылып, талай тарихи жайға қанығарымыз анық.
Азиз БАТЫРБЕКОВ,
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ (сурет).
12 желтоқсан 2017 ж. 8 662 0